Тоқаев: Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек

Президент әкімдікке осы шаруаны жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласы жұртшылығымен кездесуі басталды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.

Қалада тұрғын-үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал, жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет.

Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын. Жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмауын ойластыру керек»-деді Мемлекет басшысы.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда