Ақша адамды бұза ма?

Жарияланды
Оның ми мен болмысқа әсері қандай?

Қазақта «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген бар. Әлбетте, бұған қатысты ел ішінде түрлі пікір тараған. Бірі «періштеге алтынның керегі жоқ» десе, енді бірі «мұнда айтқысы келгені — ақшаның адамды өзгертетіні ғана» дейді. Осы ретте ақшаның миға қалай әсеріп, адамның өзін-өзі ұстауына, мінезіне қалай әсер ететінін ғылым тұрғысынан қарастырып көрелік. Бүгінгі материалымыздың тақырыбы осындай.

Иә, нарық заманында ақшаның маңызы жоғары. Ғалымдардың айтуынша, ақша миға есірткі секілді әсер етеді деседі. Оны қолға алып, ұстап отырғанда емес, белгілі бір соманы аларда не берерде адам миы қатты істеп кетеді екен. Әсіресе, сыйақы не мотивация мен эмоция сыйлайтын кездерде. Тәуекел жоғары болған сайын белсенділік арта түседі. Бұған қатысты зерттеу көп жасалған. Тәжірибе жасалып, соған қатысқан адамдардың миын түсірген кезде кокаин шегетіндердің МРТ суретімен шамамен бірдей болып шыққан. 

Ақшасы аздық адам баласын аздыра ма?

Ел арасында «егер аз ақша тапса, демек ақылы да аз» деген пікір кең тараған. Дегенмен ғылым бұған не дейді? Соны талдап көрейік. Зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, былай екен. Адам ақшасы аз кезде қате шешім көбірек қабылданады деседі. Яғни қаржылық қиындықтардың салдарынан адам ақпарат өңдей алмай, дұрыс қабылдамай, жағдайға анализ жасай алмай қалады екен. Сәйкесінше, приоритеттерді де дұрыс қоя алмайды. Мәселен АҚШ ғалымдары бір топ адамды жинап алып, автокөлікті жөндеуге кететін ақшаны қалай төлеуге болатыны туралы ойлануды тапсырады. Сөйтіп бір-біріне мүлдем қатысы жоқ логикалық тапсырмалар береді. Нәтижесінде табысы аз адамдар жөндеу жұмысына көп ақша керек болса, тапсырмаларды орындауда қиналып, аз ақша кететін болса, жақсырақ орындаған екен. Ал жеткілікті ақша табатындар болса, тапсырмаларды жөндеу ақысы қанша болса да бірдей орындаған.

Енді бір зерттеу Үндістанда жасалған. Ол жерде шаруаларға егін жинайтын уақыт жеткенше бірнеше тапсырма берген. Ал бұл кезде фермерлерде ақша аз болатыны белгілі. Сонда әлгі гипотезе тағы бір рет дәлелденген. Егін жинап, қалтасы ақшаға толған кезде тапсырма бергенде жап-жақсы орындап шыққан. Бұдан шығатын қорытынды: ақшасы аз адам дұрыс ойлай алмайды. Ғалымдардың тұжырымы бойынша, қаржылық ахуал қиын болып, сол ой жегідей жеп жүрсе, басқа нәрселерге ресурс қалмай қалады. 

Жолы болғыш адам бола ма?

Осыдан он шақты жыл бұрын психолог Пол Пифф командасымен бірге мынадай қызық эксперимент жүргізеді. Мұндағы мақсат байлықтың адамның мінезіне, болмысына қалай әсер ететінін бақылау болған. Беркли университетінің зертханасына 200 адамды жинайды. Сөйтіп оларды жұп-жұппен бөледі де, оларға стратегия құрып ойнайтын үстел ойыны — «Монополия» ойнауға шақырады. Ол жерде ойыншыларға керегі — банкрот болып қалмау және басқа қатысушыларды басып озу. Дегенмен шарттары барлығына бірдей болмайды. Мысалы жұптың біреуіне аяқ-асты екі есе көп ойын валютасы түсіп қалады дегендей. Ал бұл болса, көбірек жүруге, ұтуға көбірек мүмкіндік алуға жол ашатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда теңсіздік бар дейміз.

Ойын процесі жасырын камераға түсіріліп отырған. Сәті түсіп «байып» кеткен ойыншылардың ойын барысында өзгергені байқалады. Мысалы, сөйлегенде даусы жарқын шығып, қонақтарға деп қойылған пішнәйді көбірек жеп, ұтыс түскенде қатты қуанып, «кедей» қарсыластары туралы кемсітетін сөз айтып қалып отырған екен. Бірақ ең қызығы, ойын біткеннен кейінгісі еді. «Бай» ойыншылардың басым көпшілігі қалай ұтып кеткені туралы айтқанда, өздерінің сұмдық стратегия құра алатын қасиетін айтқан. Яғни бір кездері жай ғана сәті түсіп, екеуінің біріне құнды валюта түскенін ұмытып кеткен десе болады.

TED-тегі лекциясында Пифф бұл экспериментін заманауи қоғамның қалай құрылғанын көрсететін метафораға теңеген. Демек, қоғамдық иерархияда адам неғұрлым жоғарыға шықса, соғұрлым басқалар туралы азырақ ойлап, жолы болған кездерді өзінің еңбегіне балайды деседі. Десе де, бұл жерде мәселе адамның болмысына байлық не қаржылық сәттіліктің әсерінде емес. Пифтің айтуынша, бұл жерде әлеуметтік жағдайдағы айырманың қатты болғаны бірден-бір себеп. Мысалы бір қоғамда өмір сүргенімен қаржылық жағдай сан түрлі деңгейде болса, онда адам өзінің басым түскен позициясын барынша әділетті деп көрсетуге тырысады. Бұл дегеніміз, егер сізде ақша аз болса, демек өзіңіз аз тырысқансыз деп сендіреді. Осындай ойын ашық білдіргеннен кейін Пиффке экспериментінің нәтижесімен келіспейтінін негатив формада жеткізетіндер көбейген. Тіпті әлі күнге дейін сынның астында. Психологтың айтуынша, оның тұжырымдары адамдардың саяси көзқарастарына тиіп кеткеннен осындай болып жатыр деседі. Дегенмен бұған қарсы келетіндер көп екенін де айта кету керек.

Неліктен ақша адамға соншалықты қатты әсер етеді?

Табысы қанша болса да, кез келген адам ақша туралы ойлағанда өзін басқаша ұстайды. Мысалы ақшаға қатысты ой болмаған кезде адамдар қоршаған орта, тума-туысқа көбірек қамқор болып, олардың қызығушылықтарын бағалайды. Ал енді осы арада миға ақша туралы ой кірген кезде бірден бәсекелесу режимі іске қосылып кетеді. Ондайда жұмысты өнімдірек жасауға құлшыныс артады. Ал жақындармен байланыста болу сынды дүниелер кейінге ысырылады. Басқаларға көмектесуге де құмар болмауыңыз мүмкін. Себебі ойыңыз — ақшада. Бұл қандай зерттеуде дәлелденгенін айтайық.

Бірде ғалымдар мектеп жасына жетпеген балалармен тәжірибе жасаған. Оларға түрлі-түсті түймелер мен тиындар береді де, оларды сорттауды тапсырады. Сөйтіп табандылық пен альтруизм тұрғысынан сынамақ болып, тест жүргізеді. Біріншісінде балаларға жапсырмалар беріп, оларды басқаларға беріп, бөлісуді ұсынады. Екіншісінде қарындашты алып, салынған лабиринттен өту керек болады. Бұл ретте балаларға өшіргіш пайдалануға, біреуден көмек сұрауға, іші пысқан кезде қоя салуға рұқсат беріледі. 

Тиындарды сорттаған балалар өз ісінің маңызын жақсырақ түсінген. Өйткені олар қазір ақшамен жұмыс істеп жатқанын біліп отыр. Сөйтіп екінші кезеңде олар барынша мұқият боп, лабиринттен өтер кезде өз күшімен орындауға тырысқан. Бірақ олар көбірек жапсырма алып, азырақ бөліскен. Бұл дегеніміз ақшаға басымдық берген кезде адам жеке жұмыс істеуге керек қабілетін арттырып, сөйте тұра бірлесіп істеп, әлеуметтік байланыс орнату сынды қабілеттерді басып тастайды екен. Десек те, адамның болмысына байлықтан бетер әсер ететін нәрсе бар. Ол — пайдақұмарлық. Бұл байып кетуге деген құштарлық пен қаржылық мәселені шешуден де асқан құлшыныс. Яғни адам бүкіл нәрсені материал құндылық, пайда тұрғысынан қарастырады.  

Байлыққа өте қатты басымдық беру туралы ең ауқымды зерттеу жүргізген — психолог Тим Кассер. Өзге де ғалымдармен бірлесіп, ол 12 жыл бойы 118 адамның өмірін бақылаған. Он сегізге келген қатысушылар екі тестен өткен: біріншісі психологиялық саулығын сынаса, екіншісі — қаржылық табысқа жетуге мақсат қоюға қатысты. Сөйтіп олардың жасы отызға келгенде тағы бір рет сынақ жүргізеді. Сонда Кассер мынаны байқайды: материал құндылықты бірінші орынға қоймаған адамдардың психологиялық саулығы әлдеқайда жақсы болған. Ал неғұрлым ақшаға құнықса, соғұрлым олардың денсаулығы нашарлаған.    

Ақша көп болған сайын адам қалай өзгереді?

Байлық адамның ментал саулығы үшін аса маңызды. Өйткені ересектердің арасында жағдайы жақсы адамдарда күйзеліс, депрессия азырақ кездеседі. Сәйкесінше, олардың балаларының да психологиясы тұрақтырақ болып өседі. Мұның басты себебі ретінде ақшаның сапалы медицинаға мүмкіндік барын айтуға болады. Сонымен бірге кедей отбасыда өскен не ақша жетіспей жүрген адамда қаражатқа қатысты күйзеліс болатыны белгілі. Осы қорқыныш пен үрей адамның физикалық жағдайына әсер етіп, психикасына зақым келтіреді.

Экономикалық жағдайы төмен адамдар айналасындағылардың жай-күйін жақсырақ сезеді. Олардың түр-әлпетінен талай нәрсені айтқызбай біліп тұрады. Нейронды эмпатия реакцияларына зерттеу жүргізгенде осы нәрсе дәлелденген. Әрине, кедей адамдар мейірімді болады деп дөп басу мүмкін емес. Жай ғана жағдайы нашарлау болғандықтан әлеуметтік қатерлерге көбірек мән беруге мұқтаж болады. Ал бай адамдар болса, айналасында болып жатқан нәрселерге қызығушылық танытпайды. Себебі қатысым шамалы деп есептейді. Бақуатты тұратындар заң мен этика нормаларын жиі бұзады деседі. Мәселен қымбат көлік мінетіндер арзан көліктілерге қарағанда жолдан өтіп бара жатқандарға төрт есе көбірек кедергі келтіреді деген статистика шыққан.         

Сондай-ақ оқыңыз