Теміржол саласының ірі стратегиялық жобасы іске асты

Жарияланды
Ақпарат «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен алынды

2022 жылғы 17 қарашада Қарағанды облысындағы Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы басталды. Жоба «Күшті өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасына енгізілген.

Телекөпір режимінде құрылысты бастауға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пәрмен берді.

            Балқаш-2 станциясында құрылыстың басталуына орай өткен салтанатты рәсімге Қарағанды облысы әкімдігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығы, сала ардагерлері, Компания құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, мердігерлік ұйымдар мен отандық кәсіпорындар өкілдері қатысты. Жобаны іске асыру Мемлекет басшысының отандық өнімнің үздіксіз экспортын қамтамасыз ету және елдің транзиттік әлеуетін ұлғайту жөніндегі алға қойған маңызды міндетін шешуге ықпал ететін болады.

        2021 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жыл қорытындысы бойынша жүк айналымы 239,3 млрд. тонна-км құрады, бұл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы ең жоғарғы тарихи көрсеткіш болып табылады. Контейнерлік тасымал көлемі 1 млн. ЖФЭ-ден асты. Жалпы, соңғы бес жылда транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 4,4 есе өсті.

 Бүгінгі күні теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілеті тез өсіп келе жатқан жүк тасымалы көлемін қамтамасыз етуде тежегіш факторы болуы мүмкін. «Тар орындарды» болдырмау үшін ірі инфрақұрылымдық жобаларды: Достық-Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза-Мақтаарал, Алматы қаласының айналасында айналма теміржол желілерін салу және т. б іске асыру туралы шешім қабылданды.

Ұзындығы 836 км болатын Достық-Мойынты учаскесі екінші желісінің құрылысы өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді (жүк пойыздарының 12 жұбынан тәулігіне 60 жұпқа дейін). Осы бағытта қазақстандық экспорттаушылардың жүктерін тасымалдау мәселесі де оң шешімін табатын болады.

            Екінші жолдарды салу барысында 419 жасанды құрылыс (5 үлкен көпір, 87 шағын және орта көпір, 288 су өткізгіш құбыр, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика, БОБ құрылғылары және байланыс объектілері салынады.

          Жобаны іске асыру шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді. Құрылыста отандық өндіріс материалдарын (шпалдар, рельстер, трансформаторлар және т.б.) пайдалану жоспарлануда. Жергілікті қамту үлесі 80%-тен асады. Шамамен 3700 құрылысшы тартылады. Желіні пайдалануға бергеннен кейін теміржолда тұрақты жұмыс орындарымен 500 адам қамтамасыз етіледі.

       Жобаны іске асырудың жиынтық әсері 20 жыл ішінде бюджетке түсетін түсімдерді қосымша 4,1 трлн теңге мөлшерінде ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрылысты 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз