Қазақстан криптомайнерлер ең көп шабуыл жасайтын елдердің қатарында

Жарияланды
Криптомайнерлерден қорғану үшін «Kaspersky» кеңестері

2022 жылдың үшінші тоқсанында «Kaspersky» сарапшылары криптомайнерлердің 150 мыңнан астам жаңа түрлерін анықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе көп. Қазақстанда 2022 жылдың шілдесінен бастап қыркүйекке дейін осындай бағдарламаларды пайдалана отырып жасалған шабуылдар саны 600 мыңға жетті*. Ел криптомайнерлер ең көп шабуылдаған аумақтардың ішінде екінші болды.

Үшінші тоқсанда майнерлер арасында ең танымал криптовалюта Monero (XMR) болды. Ол жасырын майнинг үшін талданған БҚ үлгілерінің жартысына жуығы (48%) өндірді. Monero оны пайдалану арқылы транзакция деректері жасырын болуымен танымал, яғни әмиян мекенжайларын, сомаларын, балансын және транзакция тарихын анықтау мүмкін емес.  

Адам майнерлерге қарақшылық контент — фильмдер, музыка, ойындар, түрлі бағдарламалар тарататын сайттарда тап болуы мүмкін. Сондай-ақ, шабуылдаушылар ашық осалдықтарды пайдаланады. «Kaspersky» мәліметтері бойынша, кеңінен танымал осалдықтарды пайдаланған әрбір алтыншы шабуылда майнер вирусымен зақымдалу да орын алды. Егер бірінші жартыжылдықта осалдықтардың көмегімен бэкдорлар** және бопсалаушылар жиі таралса, үшінші тоқсанда бопсалаушылар мен майнерлер басымдыққа ие болды. 

Трояндық-майнер – бұл компьютерлердің немесе смартфондардың қуатын иелеріне белгісіз, яғни жасырын түрде криптовалюта жасау үшін қолданатын бағдарлама. Мұндай БҚ құрылғыда ұзақ уақыт болуы мүмкін және белгілі бір уақытқа дейін өзін көрсетпеуі мүмкін. Бұл ретте, майнинг – ресурстарды көп қажет ететін процесс. Ол процессор мен графикалық картаға едәуір жүктеме түсіреді, нәтижесінде компьютердің жұмысы баяулай бастайды. Қосымша жүктеме электр қуатын тұтынудың жоғарылауына және құрылғының мерзімінен бұрын істен шығуына әкелуі мүмкін.

«Біздің талдамашылардың пікірінше, тек 2022 жылдың қазан айында компания Ресейде осындай бағдарламаларды қолдана отырып жасалған шамамен 4,1 миллион шабуылды тіркеді. Жыл соңына дейін бұл қауіп өзектілігін сақтайды деп болжауға болады», — деп түсіндірді «Kaspersky»-дің  Қазақстандағы, Орта Азиядағы және Моңғолиядағы коммерциялық директоры Валерий Зубанов.  

Криптомайнерлерден қорғану үшін «Kaspersky» мыналарды ұсынады: 

  • бағдарламаларды күдікті сайттардан жүктемеңіз; 
  • бағдарламалардың ресми нұсқаларын қолданыңыз; 
  • Kaspersky Internet Security сияқты сенімді қорғаныс шешімін орнатыңыз; 
  • зиянкестер ондағы осалдықтарды пайдалана алмауы үшін барлық құрылғылардағы қолданбалар мен операциялық жүйелерді уақтылы жаңартыңыз. 
Сондай-ақ оқыңыз