Еліміздің мемлекеттік бюджетіне 14,8 трлн теңге түсті

Жарияланды
Мемлекеттік бюджетке салық түсімдері бір жылда бірден 41% өсті

Биылғы қаңтар–қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, еліміздің мемлекеттік бюджетіне 14,8 трлн теңге түсті, бұл бір жыл бұрынғыдан 31,1% артық.

Салыстыру үшін: өткен жылдың сәйкес кезеңінде мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,3 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 10,4% өсті.

Мемлекеттік бюджет кірісінің 71,9%-ын салықтық түсімдер құрады: 10,7 трлн теңге — бір жыл бұрынғыдан бірден 41,4% артық. Оның ішінде қосылған құн салығынан — 4,2 трлн теңге, табыс салығынан — 3,8 трлн теңге, халықаралық сауда және сыртқы операциялардан түсетін салықтардан — 1,6 трлн теңге, әлеуметтік салықтан — 741,2 млрд теңге, мүлік салығынан — 351,5 млрд теңге түсті.

Салықтық емес түсімдер бір жылда 39,5% өсіп, 343,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік мүліктен түскен кіріс 140,4 млрд теңгені, мемлекеттік мекемелер салған айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар — 79,4 млрд теңге, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелердің тауарлар мен қызметтерді сатудан түскен түсімдер — 2,5 млрд теңгені құрады.

Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бір жылда бірден 33,8% өсіп, 171 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерге бекітілген мемлекеттік мүлікті сатудан түскен кіріс 145,9 млрд теңгені, жер учаскелері мен материалдық емес активтерді сатудан — 23,8 млрд теңгені, мемлекеттік материалдық резервтегі тауарларды сатудан — 1,3 млрд теңгені құрады.

Трансферттердің түсімдері бір жылда 7,6% өсіп, 3,7 трлн теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз