Мазасыздық пен күйзелістен шығуға көмектесетін 8 кітап

Өз жағдайыңызды ретке келтіру — өз қолыңызда

1. «Лекарство от нервов», Роберт Лихи

Роберт Лихи — психология докторы әрі когнитив мінез-құлық бойынша ұзақ жылдық тәжірибесі бар терапевт. Өз мамандығына қатысты 28 кітап жазған. Олардың қайсысы болса да оқырманын баурап, қиындықта жүргендерге көмектесе алады. Солардың бірі — «Лекарства от нервов». Бұл кітаптың қазақшасы жоқ. Сондықтан орыс тіліне аударылған нұсқасының атауын беріп отырмыз. Уайыммен өмір сүруді тоқтатып, оның орнына әр сәттен ләззат алуға дем беретін кеңестер жазылған. Мазасыз күй кешіп жүрген кезде адам не істеуі керек? Кітапта осыған қатысты теория мен практикадан тұратын дайын бағдарлама бар. Лихи жазып отырған барлық нәрсе — өмірден алынған, ғылым тілінде емес, көпшілікке түсінікті тілде жеткізілген. Сол себепті оқырман мұндағы жазылғанның бәрін оңай түсінеді. Сөйтіп қазіргі таңда басында сол мәселе болса, оны шешудің, онымен күресудің жолын табады. Бір айта кететін жайт, аталған кітап бір рет оқып, қоя салатын емес, араға уақыт салып қайта оқитын кітаптардың қатарында. Өйткені оқығанды қорытып, ішіндегі практикалық жаттығуларды жасау арқылы іштегі толқындай тасып тұрған эмоцияларын басқаруды үйрене бастайды.  

2. «Тонкое искусство пофигизма», Марк Мэнсон

Мұны кітап дүкендерінің сөресінен талай рет көрген боларсыз. Егер бұрын бетін ашып көрмеген болсаңыз, кітаптың не жайлы екенін баяндайық. Бәлкім, содан кейін оқуға құлшыныс ашылып қалар. Атауы айтып тұрғандай, мұнда мазасыздықты қойып, жайлы өмір сүру, сары уайымға салынбау жолдары айтылады. Айналаңызда бәрі ақылды, әдемі, денсаулығына қарап қалған, қабілетті, бай секілді көрініп, сіз ғана артта қалып жатқандай сезімде жүрсеңіз, бұл кітапты міндетті түрде оқып шығыңыз. Сол қалыптасқан иллюзияны жоюға көмектеседі. Әсіресе, әлеуметтік желі дамыған сайын өзін басқалардан кем көретіндер көбейді. Авторы — жазушы әрі блогер Марк Мэнсон. Оның айтуынша, қазіргі таңда мәселенің басым көпшілігі осы табыс культіне байланысты туындайды деседі. Ал оның қалыптасуына бірден-бір әсер ететін фактор — әлеуметтік желі. Парақшасына кім болса да өзінің жарқын, бақытты сәтін салады. Ал көрген қиындығы, қараңғы жағын айта бермейді. Сөйтіп екі ортада жасандылық пайда болуы мүмкін. Автордың сөзіне сүйенсек, біреудің жеткен табысын бақылап, соған қарай берген сайын өзіңізді кері тарта бересіз. Былайша айтқанда, «Пәленше үй алды. Ал мен тіпті айлығымды жеткізе алмай жүрген сорлымын» деген ой қалыптасып, өз бағаңызды өзіңіз түсіресіз. Мэнсон ақпарат айдынында дұрыс «жүзу» жолдарын айтады. Маңызды нәрсе қайсысы екенін ажыратуды үйретеді. Сөйтіп басқалардың өміріне тамсануды қойып, өз қажетіңізге құлақ салуға шақырады.  

3. «Не кормите обезьяну», Дженнифер Шеннон

Дженнифер Шеннон — когнитив мінез-құлық терапиясы бойынша көп жылдық тәжірибесі бар маман. Оның бағыты — мазасыздықтан туындаған дерттерді емдеу. Бұл ауруды ол өте жақсы біледі. Өйткені өзі де қаншама жыл бойы түнімен ұйықтай алмай, бастырылып ауырған. Бірақ ақыры жеңіп шыққан. Автор кітапта не туралы жазады? Ол мазасыздық қалай сипат алатынын айтады. Мысалы, перфекционизм, өзіне шектек тыс жауапкершілік жүктеу, иррационал бұзылыс, қорқыныш деген секілді. Дженнифер осындай мазасыздық түрлерін маймылға теңейді. Сөйтіп одан арылуға көмектесетін әдіснамаларды айтып, ақыры әлгі маймылды қолға үйретудің жолын көрсетеді. Шеннон қорқыныш кезінде қалай берілмеу керегін, иығыңызды жүк секілді тұрған түрлі ауыр ойларға қалай реакция білдіру керегін айтады. Осыны үйренген адам стресстің алдын алады.  

4. «Век тревожности», Скотт Стоссел

Авто — америкалық журналист Скотт Стосселге стресс, қорқыныш, бастырылу, ауа жетпей тұншығып қалатындай демігу секілді нәрселер бала кезінен таныс. Сондықтан ол осы сезімдерді басқарып, одан арылудың жолдарын іздей бастайды. Жағдайын ретке келтіру үшін мың-сан әдіс көріп, жылдар бойы ізденеді. Ғалымдардың зерттеулерін, өзінің көрген-білгенін бір жерге жинақтап, мазасыздықтың туындау себебіне үңіледі. Кітапта адам неліктен мазасыз күй кешеді, антидепрессанттар мен транквилизаторлар қалай жұмыс істейді, неврозбен қалай күресу керек, бастырылудан арылудың қандай жолдары бар, ұйқысыздықпен күрес тәсілдері, фобияларды қайтсе жеңуге болады деген сұрақтарға жауап беретін кеңестер жинақталған. 

5. «Терапия беспокойства», Дэвид Бернс

Кітаптың авторы — психотерапевт Дэвид Бернс. Бұл жай кітап қана емес, сондай-ақ жұмыс дәптері десе болады. Әрі когнитив мінез-құлық терапиясын қолдануға қатысты нұсқаулық яки оқулық. Егер сіз үнемі барлық нәрсеге күмәнмен қарап, небір ойларға шырмалып түнімен ұйықтай алмай шығатын, ұйықтаған кезде бастырылатын болсаңыз, бұл кітапты оқып шығуыңыз керек. Автордың айтуынша, осы тізіп шыққан жағдайдың астарында «Мына нәрсені істей алмасам, демек мен ештеңе істей алмайтын бейшара болғаным» деген сынды түсінік жатады екен. Осындай ойлар адамды кері тартады. Жақсы ой жақсылыққа жетелейтін болса, негативтің түбі жаман екені белгілі. Өмір сапасына бірден-бір әсер ететін фактор десек, қателеспейміз. Бернс бұл кітабында қаншалықты мазасыз адам екеніңізді білуге арналған тестен өтуге кеңес береді. Ол кітаптың ішінде бар. Одан соң мазасыздық себебін анықтап, салдарынан қашып құтылудың жолын көрсететін 40 түрлі қарапайым, бірақ әсері керемет болатын техниканы тізіп шығады. Сонымен бірге осы кітаптың ішінде көңіл-күй дәптері бар. Ол журналға күнделікті жай-күйіңізді толтырып отырасыз. Осыны практикада қолдану арқылы сіздің психикалық және эмоциялық жай-күйіңізге әсер ететін факторларды анықтай аласыз. Өзіңіздің триггерлеріңізді танып, негатив өзгерістерді уақытылы байқап, дереу сонымен жұмыс істеуге кірісіп үйренесіз. Одан бөлек, Дэвид Бернс мазасыздық бұзылысының рецидивтерімен күресуді үйреніп, ол дерттен құтылғаныңызды білдіретін белгілер туралы айтады. Берілген тапсырмаларды күнделікті әрі мұқият орындау арқылы жағдайыңызды бақылауға алып, өмірді рахаттанып сүруге көшесіз. 

6. «Избавление от тревоги и депрессии», Майкл Томпкинс

Майко Томпкинс — психология ғылымдарының докторы, когнитив мінез құлық терапиясы бойынша маман, жоғары дәрежелі дәрігер. Оның бұдан бөлек марапаты жетерлік. Яғни ол — нағыз профи. Көбі мазасыздық жайлап, күйзеліске кіріп кеткен кезде сол уайымынан қайтсем тез шыға аламын деп қана ойлайды. Яғни ойын басқа жаққа аударуға тырысады. Автор мұндай тәсіл аса көмектеспейді деген пікірде. Иә, бастапқыда жақсы әсер бергендей көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе ол нәрсе қайта оралып, жағдайды қиындатады дейді. Сондықтан адам бірінші кезекте өз ойын, эмоциясын түсінуді үйренуі ерек. Өзінің жағдайын басқарып, қолға ала алған кезде ғана нағыз тыныштық орнайды. Күйзеліске түсіретін жағдай болған кезде де дұрыс қабылдауды үйренеді. Кітаптан осы тұрғыдан көп пайдалы кеңес алуға болады.  

7. «Тирания тревоги», Анна Погребняк

Тәжірибелі психолог Анна Погребняктың кітабы. Мұнда адамның өзін жегідей жейтін ойларынан құтылып, өз қорқынышымен бетпе-бет келіп «танысуына» мүмкіндік береді. Негатив ойларды да басқарудың жолын көрсетеді. Ең бастысы, оның шығу төркініне үңілуді үйретеді. Өйткені адам алдымен қандай да бір мәселе барын біліп, анықтап, оған терең үңілген кезде емделу, жақсару да жеңілірек болады. Автор кітабында адамның бірнеше жағдайын тізіп шығады. Сәл ғана мазасзыдық туған кез болсын, бастырылып, дем жетпей қалатын сәттер болсын — бәрі бар. Мұндай кезде адамның миы не істейді, қалай жұмыс істейді? Аталған кітапта мазасыз адамдардың өмірін жеңілдетуге көмектесетін жаттығулар бар. Соның ішінде, эмоциясын қандай жағдай болса да ұстау, нендей іс түссе де өзін-өзі басқаруға үйретеді.

8. «Будь спок», Уэбер Джилл

Мазасыздықтың барлық түрін қолға алып, жағдайыңызды ретке келтіруге көмектесетін бірден-бір кітап. Авторы — клиникалық психолог, мазасыздық бойынша жұмыс істейтін маман Джил Уэбер. Кітапта ол мазасыздықтан туаатын бұзылысты емдеуге көмектесетін әдістерді тізіп шығады. Ол өз тәжірибесінде қолданып, жақсы көмектескендерін іріктеген. Олардың ішінде тіпті жағдайы өте қиын болған кезде де көмектескен әдіснамалар бар. Мысалы, қатты бастырылған кезде не істеу керек — соған жауап береді. Атап айтқанда, терапиялық жаттығулар береді. Қабылдау, емделуге кірісу секілді сәттерді де түсіндіреді.  Осы кітаптың арқасында оқыған адам жағдайын бақылауға алып, талдауды үйренеді. Триггер ойларды байқап, мазасыздық тууы мүмкін сәттерді алдын-ала білуге көмектеседі. Сөйтіп оларды басқаруға үйренесіз. 

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда