Автонесиеге деген сұраныс неге азайды?

Жарияланды
Банктер арасындағы сауалнама қорытындысы жарияланды

Елдегі әртүрлі жағдайға байланысты банктердің экономикаға несие беру көрсеткіші де құбылып отырады. Дегенмен өзгермейтін бір үрдіс бар, ол – шағын және орта бизнес тарапынан несиеге мұқтаждықтың өзгермеуі. ШОБ субъектілері кредитті аса қатты қажет етеді. Ал жылдың соңына қарай автонесиеге деген сұраныстың төмендейтіні белгілі еді.

Ұлттық Банк Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев 2022 жылдың III тоқсанындағы кредит беру бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысын жария етті.

Жекелеген банктердегі кредиттік ресурстар құнының үздіксіз өсуіне қарамастан, шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өскен, ал ірі бизнес тарапынан – өзгерген жоқ.

«Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалды. Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін тоқсаннан тоқсанға дейін 35%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін, 11%-ға ұлғайды. Ірі банктер есептік тоқсандағы кредиттік өтінімдер ағынын және олардың орташа мөлшерінің ұлғаюын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражат бөлінуімен түсіндіреді. Оған қоса, өтінімдер санының өсуі қолданыстағы скорингтік несие өнімдерінің дамуымен немесе іске қосылуымен де байланысты. Есепті тоқсанның қорытындысы бойынша, орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс оң қалыптасты. Мәселен, кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін 12%-ға өсті, ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін 5%-ға төмендеді. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер санының өсуі, шағын бизнестегідей, скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі», дейді ҰБ өкілі.

Банктердің көпшілігінде ірі бизнес тарапынан сұраныс өзгермеген, бірақ маусымдық ауытқуларға байланысты кредиттік өтінімдер санының төмендеуі байқалады. Соның салдарынан кредиттік өтінімдердің жалпы саны 156-ға дейін т/т 23%-ға төмендеді, ал өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін 23%-ға азайыпты.

Шағын және ірі бизнестің кредит алуға берілген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, көбіне, ірі банктерде тиісінше 40%-ға және 58%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, орта бизнестің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48%-ды құрап, біршама төмендеді.

Жекелеген банктер сыйақы мөлшерлемелерінің аздап өсуіне, маржаның ұлғаюына және кейбір кредиттік өнімдер бойынша ең жоғары мерзімнің қысқаруына байланысты кредиттеу талаптарының күшейгенін атап өтті. Есепті тоқсанда сыйақы мөлшерлемелері, негізінен, ірі бизнес сегментінде өскен.

Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады, себебі олар несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді.

ІІІ тоқсанда жеке кредитке сұраныс ипотекалық және тұтынушылық қарыздар сегментінде ұлғайған. Ал автокредитке деген сұраныс біршама төмендеген.

«Банктердің пайымдауы бойынша, есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы объектілерді пайдалануға берумен байланысты болды. Алайда, ол бойынша түскен өтінімдер саны 258 мыңнан 183 мыңға дейін қысқарды, бұл жеке банктегі сұраныстың II тоқсанда күрт өскеннен кейін алдыңғы мәндерге кері келуіне байланысты болды. Бұл төмендеу жалпы сұраныс көрсеткшінің өсуіне әсер бермегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар, ипотекалық кредиттеу талаптарында айтарлықтай өзгерістер байқалмады және ол бойынша мақұлдау үлесі өткен тоқсандар деңгейінде сақталды (38%)», дейді Олжас Кубенбаев.

Онымен қоса, кейбір банктер тұтынушылық қарыздарға сұраныстың ұлғаюын халықтың ұзақ мерзімді тауарларға жұмсайтын шығындарының өсуімен байланыстырады, ал басқа банктер мұны маркетингтік акциялар мен науқандардың өткізілуімен байланыстырады.

Осылайша, есепті тоқсанда кепілді және кепілсіз тұтыну қарыздары бойынша келіп түскен өтінімдер саны тиісінше т/т 15,3%-ға және т/т 10,3%-ға өсті. Өз кезегінде, тұтынушылық кредиттеу талаптарында кепілмен қаматамсыз етілген кредиттер бойынша кепілді мүлікке қойылатын талаптар жеңілдетілді, ал кепілсіз қарыздар сегментінде клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар күшейтіліп, кредиттердің лимиті мен өтеу мерзімі ұлғайтылды.

«Есепті тоқсанда автокредитке деген сұраныстың төмендеуі автомобильдерді салонға жеткізудің кешеуілдеуімен байланысты болды. Сонымен қатар, жекелеген ірі банктер автокредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтерді, бұл да сұраныстың төмендеуіне әсер етті. Осылайша, есепті тоқсанда автокредиттеу сегментінде келіп түскен өтінімдер бойынша бас тарту үлесі алдыңғы тоқсан көрсеткішіндей 88% деңгейінде сақталды», дейді департамент басшысы.

IV тоқсанда банктер кепілсіз берілетін секілді кепілді тұтыну қарыздарына да сұраныс артып, ипотекалық кредиттеу талаптары күшейтіледі деп күтеді.

2022 жылғы III тоқсанда кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалнаманы Ұлттық Банк кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.

Сондай-ақ оқыңыз