Зейнетақы жинақтарының өсімі 1 трлн теңгеден  асты

Жыл басынан бері

2022 жылдың 1 қарашасына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 14,15 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Жыл басынан бері зейнетақы жинақтарының өсімі 1 трлн теңгеден (немесе 8,2 %) асты. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша жеке зейнетақы шоттарында (ЖЗШ) 1 қарашаға 13,7 трлн теңге жинақталған (бұл барлық жинақ сомасының 97%). 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап МЗЖ бойынша жинақ 1 трлн теңгеге (немесе 8% жуық) өсті. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 10 айда 18% ұлғайып, шамамен 426 млрд теңгеге жетті. Ең үлкен өсімді – жыл басынан бері шамамен 85% – ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олар шамамен 3,2 млрд теңге.

2022 жылдың 10 айында зейнетақы жарналарының сомасы шамамен 1,4 трлн теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29% немесе 308 млрд теңгедей жоғары. Айта кету керек, жарналардың барлық түрлері бойынша өсім орын алды: өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 28% (немесе 289 млрд теңгеге), МКЗЖ – 38% (немесе 17,3 млрд теңгеге) ұлғайды, ең көп өсім – 228% немесе 1,3 млрд теңге – ЕЗЖ бойынша орын алды.

Салымшылар мен алушылардың шоттарына таза инвестициялық табыс түрінде шамамен 646 млрд теңге түсті.

Жыл басынан бері БЖЗҚ өз салымшыларына шамамен 1,1 триллион теңге төледі. Оның басым бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдері (БЗТ) құрады – 889,6 млрд теңге. Бірақ бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседей аз.

Жасы бойынша төлемдер 23,5% ұлғайып, шамамен 97,2 млрд теңгені құрады. Айта кету керек, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) 29 877 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 707 326 теңге.

Сондай – ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 51,6 млрд теңге, ҚР шегінен тыс тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 41,7 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 1,99 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 4,5 млрд теңге болды. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 21,3 млрд теңге аударылды.

2022 жылдың 1 қарашасына БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,1 млн бірлікке жетті. Оның 10,9 млн. – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылды. МКЗЖ бойынша қалыптасқан шоттар – 588 052 бірлік болса, ЕЗЖ есебінен қалыптасқан ЖЗШ саны 352 824 бірлікке жетті. Жыл басынан бері МЗЖ бойынша шамамен 160 мың шот, МКЗЖ бойынша шамамен 50 мың шот және ЕЗЖ бойынша 293 мыңнан астам шот ашылды

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда