«ҚазМұнайГаз» Қазақстанда алғашқы болып «жасыл» сертификат сатып алды

Жарияланды
Көміртегі ізін азайту үшін

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) парник газдарының (ПГ) жанама шығарындыларын азайту мақсатында I-REC (International Renewable Energy Certificate) халықаралық жаңартылатын энергия сертификаттарын сатып алып, 8,5 млн кВтсағ энергия құнын төледі. Бұл ҚМГ орталық аппараты 2022 жылы тұтынады деген электр энергиясына тең. Бұл туралы ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.

ПГ шығарындылар көлемі үшке бөлінеді. Біріншісі, Scope 1 (ағылш. scope – «ауқым, қамту аясы, шегі»), кәсіпорындар өндірісте бөлетін тікелей шығарындылар. Екінші түріне (Scope 2) энергия тұтынудан бөлінетін парник газдарының жанама шығарындылары жатады, мысалы, компания кеңсесі тұтынатын энергия (мұнда компанияның энергияны қандай көздерден алатыны маңызды: көмір станциялары, атом электр станциялары, ГЭС және басқалары). Ал үшінші түріне (Scope 3) компанияның қызметіне байланысты, бірақ оның тікелей бақылауынан тыс барлық басқа жанама шығарындылар жатады.

I-REC сертификаттары ерікті түрде беріледі және электр энергиясын жаңартылатын энергия (ЖЭК) көзі өндіргенін растайды. Сертификатта 1 МВт*сағ таза электр энергиясы, электр станциясының географиялық орны және электр энергиясын өндірген уақыт аралығы көрсетіледі. Олар The international RAC Foundation әзірлеген халықаралық стандарт бойынша шығарылады және бұл сертификаттарды GHGP, CDP, RE100, ISO және өзге де халықаралық ұйымдар мойындайды. I-REC сертификаттары бүкіл әлемде сатылады және 51 елде шығарылады.

I-REC сертификаттарын сатып алған компаниялар халықаралық тәжірибеге сәйкес, Scope 2 деңгейінде электр энергиясын пайдалану кезінде бөлінетін парник газдары шығарындыларын азайтқаны туралы мәлімдей алады. «Жасыл» электр энергиясын өндіруші компаниялар өз кезегінде «жасыл» сертификаттарды сату арқылы нарықта қосымша қаржылық қолдауға ие болады.

«ҚазМұнайГаз» еліміздегі өңірлердің бірінде орналасқан күн электр станциясы үшін шығарылған сертификаттарды сатып алды. Бұл – Қазақстан үшін алғашқы тәжірибе. Жаңартылатын энергияға сертификат беретін халықаралық платформа Қазақстанда жұмысын биыл бастады. I-REC сертификаттарының эмитенті – ECOJER қауымдастығы. Ол I-REC-ке тіркелуші компаниялардың есебін жүргізеді, электр энергиясының жаңартылатын энергия көздерінен келетінін растайтын құжаттарын тексеріп, тіркелген компаниялардың өтініші бойынша сертификат шығарады.

«ҚазМұнайГаз» «жасыл» сертификаттарды сатып алу арқылы компанияның тұрақты даму мен ESG қағидаттарына берік екенін, жаңартылатын энергия көздеріне қаржылай қолдау көрсете отырып, көміртегі ізін азайту бойынша қабылдаған корпоративті бағдарламасын біртіндеп жүзеге асырып жатқанын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз