Жаңалықтар

Қазақстандық кәсіпкерлер тек Data Matrix қазақстандық кодымен таңбаланған аяқ киімді Ресейге экспорттай алады

Қазақстандық компания қазақстандық Data Matrix кодымен таңбаланған аяқ киім бұйымдарын Ресей Федерациясына экспорттады, олар РФ-ның тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде танылды және айналымға енгізілді. ЕАЭО елдеріне экспорт бойынша құжат-хабарлама 2022 жылғы 14 қарашада ресімделді және 2022 жылғы 17 қарашада Ресей Федерациясында сәтті қабылданды. Бұл туралы Цифрлық экономиканы дамыту орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл ЕАЭО елдерінде тауарларды трансшекаралық өткізу схемасына сәйкес қазақстандық кодпен таңбаланған аяқ киім экспортының бірінші жағдайы. Естеріңізге сала кетейік, Ресей Федерациясында аяқ киімді таңбалау және қадағалау 2020 жылғы 1 шілдеден бастап міндетті болып табылады және таңбаланбаған аяқ киімнің айналымына тыйым салынды. Елдер арасындағы өзара танылған таңбалау кодтары барлық қазақстандық аяқ киім өндірушілерге және экспорттаушыларға Ресейде цифрлық таңбалауға жұмсалатын қосымша шығындарсыз, тек қазақстандық Data Matrix кодымен таңбалаумен шектеле отырып, Ресей Федерациясының аумағында таңбаланған өнімдерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Болашақта Беларусь Республикасымен қазақстандық аяқ киімді таңбалау кодтарын тануды енгізу жоспарлануда. Сондай-ақ бұл функция ЕАЭО шешімдерімен реттелетін дәрілік заттар санаты үшін де қолданылатын болады, алайда ЕЭК-те бұл норманы енгізудің нақты күні әлі қабылданған жоқ.

Таңбалау кодтарын өзара тану сондай-ақ Қазақстанның аяқ киім кәсіпкерлері арасында экспортты дамытуға мүмкіндіктер берді. Бұған дейін экспорт үшін ЕАЭО елдерінің таңбалау жүйелері интеграцияланбағаны және басқа елдердің кодтарын мойындамағаны тежеуші фактор болды. Қазіргі таңда таңбалау кодтарын тану функциясының арқасында кедергісіз трансшекаралық сауда дамуда және қазақстандық кәсіпкерлер үшін мүмкіндіктер ашылуда.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда аяқ киім бұйымдарын міндетті түрде таңбалау 2021 жылғы 1 қарашадан бастап енгізілді.