Гүлстан Жандосқызы: Құрақ көрпе құрау айына 20 млн теңге табыс әкеледі

Кәсіпкер бұл кәсіпті 22 жыл бойы дөңгелетіп отыр

 Еліміздің ұлттық құндылығының бірі ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан құрақ көрпе. Әр құрақ көрпедегі оюдың мән-мағынасы бар. Ұзатылған қыз жасауына қосылатын құрақ көрпе де үлкен мәнге ие. Осы құрақ көрпе кәсібін жас ұрпаққа дәріптеп жүрген Гүлстан Жандосқызынан сұхбат алдық. Гүлстан ханым құрақ көрпе кәсібінен тек пайда тауып қоймай, қыз-келіншекке осы кәсіпті үйретіп жүр.

–  Гүлстан ханым, бұл салаға қалай келдіңіз?

– Менің негізгі мамандығым –экономист және есепші. Бірақ, осыдан 22 жыл бұрын декреттік демалысқа шыққан кезде табыс табу мақсатында осы құрақ көрпе құрауды қолға алдым. Енді биыл бұл кәсіпте жүргеніме 22 жылдан асты. Қазіргі уақытта он мыңнан астам қыз-келіншекке осы саланы үйретіп келемін. Менің апам және анам құрақ көрпе тіккен жандар. Бұл саланы мен бала кезімнен көріп келе жатырмын.

– Кез келген адам бұл саланы бастай ала ма? Әлде міндетті түрде тігінші болу қажет пе?

– Бұл саланы ниет еткен кез келген адам бастап кете алады. Ең бастысы зейіні болса болды.

– Бір күнде қанша тапсырыс түседі?

– Бір күнде бір қыздың жасауды дайындап, тігеміз. Бұл бір жасауға жетіге жуық көрпе мен жастық кіреді.

– Бір айда қанша қаржы табасыздар?

– Бір айда мысалы, екі күн тапсырыс келмесе, үшінші күні тапсырыс өте көп болады. Ал бір айдағы табысқа келетін болсақ, тапсырысты уақытылы орындап, тез тігетін болсақ, 20 млн теңге қаржы табамыз.

 – Құрақ көрпедегі әр оюдың мағынасы бар ма?

– Әрине әр көрпедегі оюдың өзіндің мән-мағынасы бар. Орналасатын реттік қатарлары болады. Мысалы, тырна құрақ дегеніміз – отбасы тырналар сияқты топ болып, бір бағытта алға бассын деген мақсатта тігіледі.  Отағасы, баласы, әйелі әр жақта жүрмей, ымыралы болсын деген ниетпен жасалады. Жауқазын сөмкесі туралы айтып кетсек, бұл жас құдағиға арналған бұйым. Әрқашан екі құдағи сырлас болып, жұмсақ болсын деп, іші жібек матамен тігіледі. Әр көрпе мен бұйымның өз мағынасы бар.

– Сіздер тек құрақ көрпе тігесіздер ме?

– Бізде сувенир бұйымдар да бар. Оның ішінде сөмке, жастық, сырға салатын қобдиша, төсеніш, және т.б бұйымдар тігеміз. Бірақ, бұл бұйымдарды көбісе тапсырыс бойынша дайындаймыз.

– Бір құрақ көрпенің орташа бағасы қанша?

– Бір құрақ көрпе 50 мың теңге көлемін де тұрады. Кәсіпкер бұл көрпеден 15-17 мың теңге көлемінде таза пайда табады. Ал ұзатылған қыздың құрақ көрпесі бірнешеу болады.

– Бәсеке жайлы айта кетсеңіз?

– Бәсеке, әрине, бар. Оның ішінде, қазіргі уақытта Қырғызстнан көптеген құрақ көрпе келеді. Базарда негізі 80 пайыз осы Қырғызстаннан келетін құрақ көрпелер тұр.

– Сұраныс жағы қалай?

– Сұраныс өте керемет. Қыз жасауы әрдайым қажет. Той болмаса да, жасау міндетті түрде болады. Әрине қымбаттау болса да, сапасы керемет.

– Қанша қыз-келіншекке құрақ көрпе құрауды үйреттіңіз?

– Қазіргі уақытта 10 мыңнан астам қыз-келіншекке үйретіп, оқытып келемін. Барлығы демеймін, бірақ 60-70 пайызы құрақ көрпені тігіп, оны сатып күн көріп отыр.

– Жұмыс істеп отырған ғимаратты қанша теңгеге жалға аласыз?

– Жұмыс істеп отырған жерді 700 мың теңгеге жалдаймыз.

– Бұл кәсіптің артықшылығы мен кемшілігі туралы айта кетсеңіз?

– Бұл саланың артықшылығы әйелдерді сабырға, тәртіпке, ұқыптылыққа, шыдамдылыққа шақырады. Икемділік пен ептілікке үйретеді. Шынымды айтсам, бұл құрақ көрпе құраудан ешқандай кемшілік көрген жоқпын.

– Көрпе құрауды үйрету жайлы айтып кетсеңіз?

– Құрақ көрпе кәсібін үйреткен кезде таза тарихмен ұштасу керек. Адамдар салт-дәстүрді білуі қажет. Үйрететін адамда ою туралы ақпарат пен математикалық ақпарат болу керек.

– Бұл кәсіпті қанша қаражатпен бастауға болады?

– Бұл кәсіпті 200 мың теңге көлемінде бастауға болады.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Жоқ, кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Себебі, ол адамның шыдамдылығы мен алға қойған мақсатына байланысты болады. Егерде адам өзін құрбан ретінде ұстаса, оның ісі алға баспайды. Өзін құрбан (жертва) сияқты ұстаған адам үкіметті де, айналасын да кінәлі көреді. Бұл жерде алдынан шығатын қиыншылыққа төзіп, оны жеңе білетін қасиеті бар адам болуы қажет.

– Қай кезде кәсіптен бас тартқан дұрыс?

– Білмеймін деп, шешім қабылдай алмаған адам кәсіп бастамаса да болады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз