Үкімет бірқатар ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтармақ

Жарияланды
Басым бөлігі ескірген

Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі мен Бас прокуратура бірқатар ЖЭО-ны мемлекет меншігіне қайтару бойынша алдын ала жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мәселе 24 қарашада Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның отырысында қаралған.

Проблемалық энергетикалық нысандардың қызметі мәселелері бойынша жұмыс осы жылдың наурыз айында құрылған Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде де жалғасатын болады.

«Жалпы, осы уақыт ішінде республика меншігіне телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы (439 кірме т/ж жолдары) және экология салаларындағы 10 ірі компанияның акциялар пакеті мен қатысу үлесі қайтарылды. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы 142 кірме т/ж жолдары мен активтері бар 28 компанияның қатысу үлесі мемлекет меншігіне қайтару сатысында. Тағы 20 нысан бойынша пысықтау жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде бірқатар ЖЭО, мұнай-газ және т/ж секторларының өндірістік объектілері, логистикалық, машина жасау активтері және т.б. бар», делінген хабарламада.

Айта кетейік, Екібастұз қаласында жексенбі, 27 қарашада, жылу желілеріндегі желілік суды көп тұтынуға байланысты қалалық ЖЭО-да қазандық агрегаттары тоқтады. Оқиға салдарын жою бойынша шұғыл түрде штаб құрылып, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары басталып, жедел желі ашылған.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз