Жастар 2,5 пайызбен несие алады

Жарияланды
Еңбек министрлігі несие шарттарын жария етті

Жыл соңына таман еңбек нарығы саласындағы бірқатар жаңашылдықтар жарияланып жатыр. әрине, оның басым бөлігі келер жылдан бастап күшіне енеді. Дегенмен екі қолға бір күрек тапсам деп елеңдеген ағайын үшін жағымды екені сөзсіз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 179,9 мың белсенді кәсіпорын бар, оның ішінде қызметкерлерді міндетті сақтандыру туралы 58,5 мыңы ғана шарт жасасқан. Кейбір жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпеуінен және өз қызметкерлерін сақтандырмауынан жазатайым оқиғалар жиі болады. Келесі жылға арналған міндет – 119,9 мың кәсіпорын тарапынан қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасуды қамтамасыз ету.

Еңбекминінің басшысы өңірлердің еңбек инспекциясы басқармалары басшыларының назарын Республика кәсіпорындарын Электрондық еңбек биржасында еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне қосуды толық қамтымай отыру мәселесіне аударды. Бүгінгі күні 914 мыңнан астам жалдамалы қызметкердің электрондық еңбек шарттары жоқ. Сондай-ақ ол өз қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдарды биылғы жылдың тамыз айында төлеген жұмыс берушілер саны неліктен азайғанын мұқият қарастыруды және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелін болдырмау мақсатында бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

«Келесі жылы сіздер қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын, электрондық еңбек шарттарын ресімдеуді және барлық жалдамалы қызметкерлер бойынша уақтылы әлеуметтік аударымдарды қамтамасыз етулеріңіз керек. Бұл көрсеткіштер сіздің KPI-де ескерілетін болады», деп атап өтті Еңбекмині басшысы.

Тамара Дүйсенова олар еңбек инспекциялары еңбек жанжалдарын болдырмау бойынша кәсіпорындармен белсенді жұмыс істеуі, қызметкерлердің құқықтарының сақталуын және жұмыс берушілердің ұжымдық шарттар бойынша алған міндеттемелерін орындауын мұқият бақылауы, қызметкерлердің еңбек жағдайлары мен жалақы деңгейіне қанағаттануына тұрақты сауалнамалар жүргізуі тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте ведомство басшысы Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті басқармалардың жұмысын үйлестіруді өз мойнына алатынын айтты.

Министр 2023 жылдан бастап халыққа арналған атаулы әлеуметтік көмек қалай күшейтілетінін айтты. Келесі жылдан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы (әлеуметтік топтама) монетизациялау есебінен табысы аз отбасылардың балаларына әлеуметтік қолдау күшеймек.

«2023 жылы АӘК беруге 73,9 млрд теңге бөлу жоспарланған, оның ішінде республикалық бюджетте отбасының әрбір мүшесіне тікелей атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 59 млрд теңге және әлеуметтік топтаманың орнына ақшалай төлемдерге тағы 9,5 млрд теңге көзделген. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай керекті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», деді министр.

Еңбекминінің басшысы АӘК тағайындау үшін контингент Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталатынын, ал төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ арқылы жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте ведомство басшысы жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің назарын АӘК алушылардың ішіндегі еңбекке қабілеттілерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту қажеттігіне аударды.

«Біз мұқтаж жандарға әлеуметтік көмекті тікелей көрсететін боламыз, балаларды қолдауды күшейтеміз. Әкімдіктер өз кезегінде еңбекке қабілетті АӘК алушыларды нәтижелі жұмыспен қамтуға тартуды қамтамасыз етуі, еңбек қатынастарының ресімделуін және жұмыс істейтін АӘК алушылар үшін міндетті зейнетақы жарналарының аударылуын бақылауы, сондай-ақ республикалық бюджеттен 80% және жергілікті бюджеттен 20% қоса қаржыландыру үлесінің сақталуын ескере отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауда ұстауы қажет», деді министр.

Министрліктегі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың айтуынша, келесі жылдан бастап жастар 2,5%-дық мөлшерлемемен несиелер ала алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік ынтасын көтеру және қолдау мақсатында шағын несие беру шаралары қаралып жатыр.

«2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жастарға шағын несиелер беріледі. Оның пайыздық мөлшері 2,5%-ды құрайды. Қазіргі кезде Ережелер жобасы жасалып,  «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Басты шарты – кепілдік болуы тиіс. Ол міндетті түрде үй болуы тиіс емес, бағалануы тең басқа да мүлік болуы мүмкін. Несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін. Берілу мерзімі – 5 жылға дейін. Егер қарыз ауыл шаруашылығын жүргізу мақсатында немесе ірі қара мал, жылқы асырау үшін алынса, онда 7 жылға дейін беріледі. Несие алған жастарға 1,5 жылға «каникулярлық кезең» ұсынылады, яғни, аталған уақытта олар ай сайынғы жарна төлеуден босатылады», деді спикер.

Қатысты материалдар