Ірі инвесторларға Қазақстанда тұруға инвесторлық виза беріледі

Жарияланды
Алғаш рет "бизнес-иммиграция" ұғымы енгізілмек

Қазақстанда болашақ инвесторларға қойылатын талаптар өзгереді. Оларға 10 жылға инвестициялық виза беріліп, алғаш рет «бизнес-иммиграция» ұғымы енгізілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды Еңбекминнің баспасөз қызметі.

Министр үкімет отырысында 2023-2027 жылдарға арналған «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының тұжырымдамасын ұсынды.

Тамара Дүйсенова бұл Тұжырымдама елдің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуге жәрдемдесуге бағытталғанын атап өтті. Онда негізгі мәселелердің 3 блогы анықталған. Олар елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау, ел өңірлері арасындағы демографиялық теңгерімсіздіктерді жою, сондай-ақ Қазақстанға тапшы кәсіптер бойынша 500 үздік мамандарды тарту көзделеді.

«Бірінші бағыт – білім беру иммиграциясы, оның мақсаты Қазақстанды өңірлік білім беру хабы ретінде айқындау болып табылады. Профессор-оқытушылар құрамын күшейту және білім беру сапасын арттыру үшін Қазақстанға сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту ұсынылады.

Тұруға ықтиярхат алу құқығымен он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін және кейіннен Қазақстан азаматтығын енгізу көзделеді. Осындай мүмкіндіктерді тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер арасынан магистранттар мен бакалаврлар үшін тарату ұсынылады», – деді министр.

Екінші бағыт – бизнес-иммиграция. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша және ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, инвестициялық виза берудің шегін 300 мың АҚШ долларына дейін төмендету ұсынылады. Мигранттардың осы санаты үшін тұруға ықтиярхаты бар және бизнесті тіркеу, меншікке иелік ету, персоналды жалдау, қаржылық төлемдер жүргізу және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын кез келген операцияларды еркін жүзеге асыру құқығы бар «Инвесторлық визаны» енгізу көзделеді.

Үшінші бағыт шеңберінде елімізге жиі тартылатын және бір мезгілде Қазақстан үшін тапшы кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік маман тарту ұсынылады. Олар үшін тұруға ықтиярхаты бар «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі және бағалы дағдылардың (тапшы кәсіптер мен мамандықтар) үнемі жаңартылып отыратын рейтингі қалыптастырылады.

Бұл ретте көрші елдерден, оның ішінде бейресми арналар арқылы келетін еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделеді. Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты қажеттілігін ескере отырып айқындалатын болады, сондай-ақ мигранттардың еңбек қызметінің орнын қатаң бақылау қамтамасыз етілетін болады.

«Келесі бағыт этникалық көші-қонды реттеуге қатысты. Мұнда жұмыс екі негізгі аспект бойынша жүргізіледі.

Біріншісі – шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта этникалық қазақтарға, басқа елдердің азаматтарына, жоғары деңгейдегі кәсіпқойларға немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауды қалайтын «Ата жолы» картасын енгізу ұсынылады. Олардың тарихи отанын дамытуға қосқан үлесін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президенттік сыйлықпен марапаттауды ұсынамыз.

Екіншісі – елге келетін қандастардың көші-қонын реттеу тетіктерін жетілдіру. Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне қоныстандыруды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», – деп хабарлады Тамара Дүйсенова. 

Бесінші бағыт – босқындармен және баспана іздеушілермен жұмыс. Министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп БҰҰ стандарттарымен ұлттық заңнама нормаларын имплементациялау жөнінде ұсыныстар әзірлейтін болады.

Алтыншы бағыт – шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Қазақстандықтардың саны жағынан ең көп жұмыс істейтін елдерде қазақстандық еңбек мигранттарының құқықтарына кепілдік беретін мемлекетаралық келісімдер пакетін қабылдау ұсынылады.

Тұжырымдаманың соңғы бағыты халықтың ішкі ұтқырлығын ынталандыруды көздейді, еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне көшу. Негізгі шарт жұмыс орындарының болуы және тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Оны сақтау үшін жұмыс бір мезгілде бірнеше бағыт бойынша жүргізілетін болады:

  • жұмыс берушілердің жергілікті жерлерде жұмыс орындарын құруы;
  • елдің басқа өңірлерінде табысты іске асырылған жобаларды, сондай-ақ Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы кооперациясындағы тәжірибесін солтүстік өңірлерге трансферттеу және масштабтау;
  • гранттар беру, қоныс аударушылар мен қандастарды оқытуды ұйымдастыру, кейіннен жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
  • тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде шығындарды өтеуге құқық беретін экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру (жұмыс беруші растаған жұмыс орны болған жағдайда).

«Көші-қон ағындарының қозғалысын есепке алу мақсатында көшіп-қонушылардың қозғалысын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру ұсынылады. Бұл мемлекетке көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін тиімді анықтауға мүмкіндік береді, ал адамдар үшін мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдетеді, уақытты үнемдейді және мемлекеттік органдармен байланысты азайтады», – деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ оқыңыз