Қоғам

Күйеуіңізден қаржылай тәуелді болғыңыз келмесе…

Назарыңызға 5 лайфхак ұсынамыз

Үйде кім ақша табуы керек? Ақшаны кім ұстағаны дұрыс? Осы сауалдарға әркім әр түрлі жауап береді. Бұрын бәрі ер азаматтың қолында болуы керек деген түсінік басым болса, қазір жағдай басқаша. Бүгінде отбасында ер адам да, әйел адам да жұмыс істейді. Ал үйде отырып, табыс таппайтын әйелдер ше? Еріне қаржылай тәуелді болып отырған әйелдер еркіндікке қол жеткізгісі келуі мүмкін. Бұл жағдай сіздің басыңызда да болса., бүгінгі материалымыз сізге пайдалы болмақ.

Үйде ақшаны кім табуы керек?

Кез келген жағдайда өзін қамтамасыз етуге қауқарлы, қаржылай тәуелсіз адам болу машығы жыныс талғамайды. Ерде де, әйелде де болғаны дұрыс. Қоғамда ер адам отбасын асырауға міндетті деген пікір бары белгілі. Дегенмен өмірде түрлі жағдай болатынын ескерсек, барлығына дайын болған артық болмас. Яғни мұндай қауіп барын шынайы түсініп алған абзал. Ер адамға тәуелді өмір сүріп, «қиялдап» жүру қазіргі заманда дұрыс емес. Әрі өз қажетіңізді өзіңіз ала алатын сезімнің өзі сізге сенімділік сыйлайтыны анық. Қандай зат алсаңыз да күйеуіңізден ақша сұрап, рұқсатын алып жүрместен өзіңіздің бояуыңызды, киіміңізді алып отырсаңыз, жақсы емес пе? 

Аумалы-төкпелі заманда барынша икемді болған жөн. Жағдайға қарай бейімделіп, жаңа машық қалыптастырып үйренген артық болмайды. Керек болса, мамандық ауыстырып, квалификация өзгерту керек болып қалуы мүмкін. Осы сынды машықтың бәрі гендерге қарай бөлінбейді. Бұл қазіргі заман адамының барлығына бірдей қойылатын талап десек болады. Әйел өзін дамытып, ерінен тәуелсіз болуы үшін қаржылық еркіндік жолында мынадай бес қадам жасағаны жөн.

  1. Бірінші қадам. Машықтанамыз. Еріңізден қаржылай тәуелді болмай, өз алдыңызға егемендік алғыңыз келсе, бүгінгі таңда сіздің бойыңызда бар перспектив машық пен қабілеттерді анықтаймыз. Яғни дәл қазір сіздің бойыңызда табыс табуға мүмкіндік беретін қандай қабілеттер барын ойланыңыз. «Қолымнан ештеңе келмейді» деген ойды миыңыздан шығарып тастаңыз. Өйткені кез келген адамда қабілет болады. Тек соны дамытып, дұрыс көріп, бағалай білу қажет.  Тереңірек үңілмесеңіз, кей машығыңызды өзіңіз білмей жүрген болуыңыз да ғажап емес. Біреудің қолынан тігу келеді, біреу жақсы тамақ істейді. Біреу баламен жақсы тіл табысады. Енді бірі үй жинағанда жылан жалағандай тазалап, тиянақтылығымен көзге түседі. Кей әйелдердің киім таңдау, үйлестіру қабілеті болады. Арнайы білім алмаса да, осы сынды нәрселер қолынан келетін болса, оны монетизациялауға болады. Бастысы, қабілеттеріңізді анықтау, ашу. Ақша тауып бастау үшін әлгі қабілет пен машықтарыңыздың кімге пайдалы болатынын, сіздің оларға қандай көмек бере алатыныңызды ойлаңыз. Содан кейін блог бастасаңыз болады. Ол жерде өзіңіз туралы айтып, видео түсіріп, пайдалы контент жасап отырасыз. Ол машықтарды ақшаға айналдыру оп-оңай болмаса да, сіздің шыңдалуыңызға, одан кейін табысқа шығуыңызға септігін тигізеді. Бастысы, шынайы бағалай біліңіз. Бастаған бойда ертесіне ақшаға көміліп қаламын деген қиялды басыңыздан шығарыңыз. 
  2. Екінші қадам. Кәсібилігімізді шыңдаймыз. Қоғамда карьерада шыңға шығу, даму — ер адамның ісі деген пікір бар. Мұны дұрыс деп айта алмаймыз. Өйткені уақыт қазір басқа, табыс пен жетістік жынысқа қарай бөлінбейді. Қалаған адам табысқа жете алады. Бастысы, өсуге, дамуға талпынса жетіп жатыр. Одан бөлек, қазіргі заманда кез келген нәрсені оқып, біліп алуға болады. Курстың неше түрі бар. Сізді қызықтыратын кез келген тақырып бойынша курс таба аласыз. Сол саламен айналысып жүрген адамның кеңес алып, менторлығын алсаңыз болады. Сондықтан егер сізде «табысқа жетуге жынысым кедергі» деген ой болса, бұл ойыңыздан арылғаныңыз дұрыс.
  3. Үшінші қадам. Қаржылық жоспар жасаймыз. Біздің бәрімізде орындалуы керек, жүзеге асқанын қалайтын мақсаттарымыз бар. Материалдық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, ол мақсаттарды іске асыру үшін азғантай болса да қаражат керек болатыны анық. Сондықтан бізге нақтылық керек. Басты әрі маңызды шаруаларды анықтаймыз, қадамдарды ойластырамыз, қанша қаражат керегін есептейміз, өзіңізге не керек, не алғыңыз келеді, балалардың керек-жарағы және т.б. тізіп шығыңыз. Осыларды жазып шыққан соң сізге қаржылық жоспар жасау керек болады. Сөйтіп әр мақсатқа жеке-жеке тоқталып, оны орындау үшін жасалатын қадамдарды тізесіз. Жеке қаржылық жоспары бар адам бүкіл нәрсенің шынайы көрінісін көре алады. Мақсатына жетер жолда әлгі жоспары бағыттауыш болады. Сол үшін дәл қазір қолға қалам мен қағаз алыңыз да, дереу жоспар жасауға кірісіңіз. Мақсаттарыңызды тізіп шығыңыз, армандарыңызды жазыңыз. Содан кейін олардың әрқайсысын жіктеу керек. Қазір ол үшін не істеу керек, қанша қаражат талап етеді, ресурстарыңыз жеткілікті ме, қандай ресурс қажет болады, қанша уақытыңыз бар — бәрін ойластырыңыз. Сонымен бірге түсетін табыстың қанша бөлігін арманыңызды орындауға инвестициялайсыз, болмаса сол мақсатты өздігіңізбен орындау үшін қандай табыс тауып отыруыңыз керек — соны түсініп алыңыз. Қаржылық жоспар өте анық жасалуы керек. Тіпті күйеуіңіз толықтай асырап, бақытты өмір сүріп жатсаңыз да, 100 пайыз қаржылық еркіндікке ұмтылмайтын болсаңыз да жоспар қажет. Көбіне жұбайлардың мақсаты бір бағытта тоғыспай жатады. Мысалы күйеуі әйелінің мақсатын елемеуі мүмкін. Былай қарасаңыз, бұл да норма секілді. Өйткені әркімнің жеке тұлға ретінде амбициясы да, қажеті де түрліше болады. Сондықтан айналып келгенде әр адам өз қажетін өтеуі үшін өзі ақша тапқаны дұрыс болып шығады.  
  4. Төртінші қадам. Қаржыны басқаруды үйренеміз. Алдыңғы қадамды жақсы іске асырсаңыз, енді жеке қаражатты басқаруға көшу жеңілдеу болады. Бұл жерде екі нәрсе бар: кіріс және шығын. Отбасылық бюджет ортақ десек те, қаржылық еркіндік тұрғысынан алып қарастырғанда өзіңіздің бұрынғы не болашақта қалайтын деңгейіңізге жеткізе аласыз ба, соны бағамдаған жөн. Мұның бәрі түптеп келгенде жоспарлау, кіріс пен шығындарды дұрыс басқаруға тікелей байланысты. Яғни сіз үнемі табысыңызды арттыра бересіз. «Айына 1 миллион теңге жарайды» деп емес, максимум көбейтесіз. Сондай-ақ, шығындарды барынша азайтасыз. Үнемдеуді үйрену керек болады. 
  5. Бесінші қадам. Ойлау қабілетін шыңдаймыз. Ер адамнан қаржылай тәуелді болмас үшін әйел бірінші кезекте ойын реттеуі керек. Мысалы, ақшаға қатысты қандай қиындықтары, кедергілері бар — соны анықтаймыз. Табыс, ер адамның отбасындағы қаржылық міндеттемелерін қарастырамыз. Бәрін жүйелеп, саралап келіп, отбасыңызға, өзіңізге ыңғайлы үлгі жасап шыққан жөн болады. Ол модельь әркімде әртүрлі. Біреудікін сол күйі көшіріп алуға тырыспаңыз. Сіздің көзқарасыңыз басқа біреудікімен үйлеспеуі мүмкін. Соны жақсылап түсініп алыңыз. Мысалы, сіздің жолдасыңыз «әйел ешқашан карьерада жетіктікке жете алмайды. Басшы тек еркектен болуы керек» деп ойлауы мүмкін. Оның пікірімен келісуге міндетті емессіз. Өйткені табысты, бәрін өзі нөлден бастаған, қаржылық еркіндігі бар, сөйте тұра отбасына да көңіл бөлетін әйелдер бар. Яғни мансап жолын таңдағанның бәрі үйіне қарамай кетеді деген — қате түсінік. Керісінше, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей ебін табу әбден мүмкін. Сондықтан бесінші қадамды адам ойлау қабілетін шыңдау керек дейміз. Сіздің басыңызда өзіңіз ойлап алған кедергілермен жұмыс істеу керек. Олар адамды кері тартады. Табыс тауып, жетістікке жетуіне сол ойы кедергі болып тұрады. Соның салдарынан қаржылық еркіндікке жете алмай жүреді. Оймен жұмыс істеу үшін арнайы маманға бару міндетті емес. Түрлі жаттығу, техника арқылы жұмыс істеуге болады. Ал енді міндетті түрде ментор керек десеңіз, ерік өзіңізде. Ондай кезде нәтиже де тезірек байқалады. Коуч, психолог, қаржылық ойлаумен шұғылданатын тренерлер осы бағытта жұмыс атқарады. Олар сізге жаттығулар жасатып, мидағы кедергілерден арылуға көмектеседі. Мына нәрсені түсініп алыңыз: қазір қандай қаржылық жағдайда жүрсеңіз, оның бар себебі — өзіңізде. Одан басқа сылтау, себеп іздеудің қажеті жоқ. Ойыңызбен жұмыс істеу арқылы сіз қаржылық еркіндікке әлдеқайда тез әрі оңай жетесіз.