Қараша айында Ұлттық банк интервенция жүргізген жоқ

Жарияланды
Валюта нарығында сұраныс пен ұсыныс теңескен

Қарашада Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ, сондай-ақ БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операциялар жүргізбеді, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қараша айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 468,90 теңгеге дейін 0,14%-ға әлсіреді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 121-ден 132 млн АҚШ долларына дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,9 млрд АҚШ долларын құрады. Мұнай бағасы төмендегеніне қарамастан, валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан, көбіне, «тоқсандық салық аптасы» факторы есебінен теңгерілді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімін сатуы өткен айдың ішінде шамамен 500 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында сатуды екінші деңгейлі банктер арқылы дербес жүзеге асырады.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сату қарашада 70 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 2,4% және бір күнде кемінде 10 млн АҚШ доллары болды. Ұлттық Қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық Қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді» делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз