Алматыда Әбсаттар қажы  Дербісәліге арналып “сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры” ашылды

Жарияланды
Көзі тірі болса ғалым биыл 75 жасқа толатын еді

«Ол сондай сабырлы әрі жайлы адам еді. Үнемі ой үстінде жүретін. Ешкімге дауыс көтермейтін. Өмірінің барлығын ғылым мен білімге арнаған Әбекең ауруханаға кетіп бара жатып соңғы екі қолжазбасын маған табыстап кетті. Былтыр бір кітабын жарыққа шығарсам, бүгін “Әбу Насыр әл-Фараби: Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеуінде» деген кітабының тұсауын кестік”. Осылай деп ағынан жарылған ҚР дипломатиялық қызметінің құрметті ардагері Рафия Дербісәлиева Бәкірқызы  қалың көпшілік алдында жан жары  академик Әбсаттар қажы Дербісәлі жайлы сыр шертті.

 

 Бүгін де Алматы қаласы ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, шетелдік дипломаттардың бас қосқан үлкен аймағына айналды. Зиялы қауым өкілдерінің барлығы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  Университетінде өткен «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында халықаралық конференцияда бас қосты. Шара аясында көрнекті ғалым Әбсаттар қажы  Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры ашылып, дәрісханаға есімі берілді. Ұлттық ғылым академиясының академигі, шығыстанушы ғалым бар ғұмырын елдің, қоғамның ынтымағына, оқу-ағарту саласына арнады. Арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі ретінде монографиялар мен құнды еңбектер жазды. Бас мүфти болған тұсында ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуге, сондай-ақ конфессияаралық және ұлтаралық келісімнің нығая түсуіне қомақты үлесін қосты. Бүгін де оның еңбектері әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, жарыққа шықты. Осыдан екі жыл бұрын дүниеден озған Әбсаттар қажының артында қалған ұрпақтары мен жұбайы және дос-жарандары мен  танымал тұлғалар  ғалымға арнап ас беріп, оның  тұлғалық қасиеттерін жан-жақты ашты. Тіпті  ҚМДБ төрағасы Наурызбай Қажы Тағанұлының айтуынша алдағы уақытта Әбсаттар қажының есімі еліміздегі мешіттердің біріне берілуі жоспарланған.

Сонымен, Әбсаттар қажының жан жары  Рафия Дербісәлиева Бәкірқызы бүгін «Kursiv.kz» медиа порталына қысқаша сұхбат берген еді:

Рафия апай жан жарыңыз Әбсаттар қажы 50 жылын ғылымға арнапты. Ғалымның жары болу оңай болмаған шығар?  

 Биыл енді Әбекеңнің  көзі тірі болса 75 жылдығын атап өтер едік, ғылыми шығармашылығына 50 жыл толды. Бүгін сол артында қалған мол мұрасын жинап-теріп халыққа табыстайық деп арнайы іс-шара өткізіп отырмыз. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті  екі аудитория ашып берді. Бүгін де  аталмыш университеттің  кітапханасында сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры бар. Сол қорға Академик Әбсаттар Дербісәлінің атын берді. Ол 300 –ге жуық қазақ ғалымдарын тапты. Соның 80 пайызын ғылыми айналымға енгізді. Бұрын Фараб жерінен шыққан ғалымдардың барлығы өз есімдерінің соңына туған жерін немесе руын қосып отырған әл–Фараби, әл-Тарази деген сияқты.

Неге Әбсаттар аға әл –Фараби, әл-Тарази деген атауларды зерттеуге қызықты?

Себебі Кеңес одағы кезінде көптеген тарих бұрмаланды. Қазақстан халқының тарихы «Қазан төңкерісінен» кейін басталады деген сияқты жалған мәліметтер болды. Ал негізінде қазақтың тарихын жазып, бәрін зерттеп кеткен ғалымдарды Әбекең тауып, оны ғылыми түрде дәлелдеп шықты. Шығармалары белгісіз аттары белгісіз ғалымдарды да зерттеген. Енді шығыстану факультетінде аудитория бөлінді. Біз оны аудитория, конференц-зал сияқты ашып жатырмыз. Өмір тарихы, фотогалереясы, интерактивті тақтасы, үстел орындықтары қойылып жатыр.

Сөзіңізге қарасам ғалымның жары болу оңай емес сияқты. Артында қалған мұраларын жинау үшін жауапкершілік алып қалған сияқтысыз ғой?

Күйеуім ауруханаға кетіп бара жатқан кезде жолда «екі бірдей ғылыми еңбегін жарыққа шығар»- деп маған табыстап кетті. 2021 жыл деп жазып кетіпті. Сол жазбаларын сенатор Құртаев  Әлімжанның демеушілігімен «Забытые мыслители Великой степи» деген еңбегі жарыққа шықты. Екінші еңбегі Жансейіт Түймебаев Қансейітұлының қолдауымен «Әбу Насыр әл-Фараби: Қазақстан және шетел ғалымдарының зерттеуінде» деген кітабының тұсауы кесілді. Үшінші қолжазбасы биыл шығады. Оның аты «Тарази және Таразиліктер» деп аталады. Бір Тараз қаласының өзінен 60 ғалым шыққан екен. Соның ішінде 51-ін Әбсаттар ағаларың ғылыми айналымға енгізді. Ағаларыңыз шетелге іс–сапарға шыққанда, уақытының басым көпшілігін мұрағаттар мен кітапханаларды аралаумен өткізетін. Елдер мүмкіндігінше бос уақытын дүкен аралап, демалыспен өткізуге тырысса Әбекең үнемі жаңа жазба іздеп архив аралап кетеді.

Әбсаттар аға мемлекеттік тарихи жобалардың нағыз ортасында жүріпті. Сол  жайлы ашып айтсаңыз?

«Рухани жаңғыру» жобасы кезінде үкімет ағаларыңа құнды қолжазбаларды сатып алыңыз деп қаржы бөлсе, Әбекең сол ақшаның бір тиынын жұмсамай қайта кассаға апарып өткізді.  Себебі оның әлемге тараған аты-атағы, әлем ғалымдарының оны сыйлайтындығы сонша, ол   қай жерге барса да бәрін тегін істеп беретін. Соңғы уақытта Испанияға барған кезде,  солардың көне кітапханасынан Әбекең әл-Фарабидің бұзау терісіне жазылған 10 трактатын тауып, Қазақстанға алып келді.

Қандай мықты. Испаниядан көне жазбаларды іздеу деген оңай емес. Қаншама күш-қайрат керек дегендей. Сондай-ақ ағаның «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл » жобасына да қатысы бар дедіңіз иа?

Қазақ елінің 550 жылдығын атап өттік қой. Мұхамед Хайдар Дулатидің еңбегіне сүйену арқылы  «Тарихи Рашиди»  деген кітабы қазақшаға аударылды. Соның еңбегін қазақша нұсқаға шәкірті Ислам Жеменей аударды. Сол аудармаға Әбекең ғылыми басшылық жасады. Қазақ хандығының құрылуы Керей мен Жәнібектің арқасында екендігі сол кітапта жазылғандықтан, Әбекең елбасына әлгі  кітапты әкеліп дәлелдеп,  сосын барып бүкіл ел «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл » толған тарихын мемлекеттік  дәрежеде атап өтті.  Сондықтан менің аяулы жарым тарихи –ғылыми қолжазбалармен бәрін дәлелдеп беретін нағыз ғалым болды. Мәселен,  тарихтағы  Жүніс хан деген болған. Соның үш қызы болған . Соның екі қызынан Мұхамед Хайдар  Дулати мен Бабыр дүниеге келген. Яғни Дулати мен Бабыр  туған бөлелер.  Жүнісхан Ташкентте жатыр.  Жүнісханнның маңайына Төле би жерленген. Қазақтар Өзбекстанға барған кезде Төле биге зиярат етіп қайтады да ал, қасында жатқан Жүнісханды білмейді. Соны да, Әбекең зерттеп кетті. Сосын Түркістандағы Яссауи кесенесінде жатқан бабалардың есімі арабша жазылған ғой. 1978 жылы ағаңыз соның барлығын ашып оқып, аударып, ғылыми еңбегіне жазып кетті.   Құлпытастағы хандардың аттарын сауатты түрде аударып әлемдік деңгейдегі тарихи жазбаларға енгізді.

Отбасындағы балаларыңыздың арасында Әбсаттар ағаның жолын қуған ұрпақтары бар ма?

Үлкен ұлым арабтанушы. Қазір дипломат-арабтанушы. Үлкен қызым М. Дулатидың шығармаларынан кандидаттық дисертация қорғаған. Енді бір қызымыз экономист. Тағы біреуі саясаттанушы. Кішкентай балалары болғаннан кейін, өз істерімен айналысып жүр.

Жан-жарыңыздың мінезін  сізден басқа ешкім жақсы білмейді. Әбсаттар аға қандай адам?

Әрқашан да ол кісі ой үстінде жүретін. Өмірінің бәрін тек ғылым жолына арнады. Бас қосқаннан бастап Әбекенің жағдайын түсініп, оның ғылыммен айналысуына бүкіл жағдайын жасадым. Өзіне айттым бүкіл үйдің тіршілігін өз мойныма алдым. Ғылымның түбіне жет дедім.  Жұмыстан келе сала теледидардан  кішкене ақпарат тыңдаған соң, бірден жазу үстеліне отыратын. Ол Америкаға барса да, Британияға барса да ресми кездесулерінен кейін, бірден отырып барлық ойын қағазға түсіретін. Қарапайым, аңғал еді. Бірақ ғылымға келгенде болаттай берік болды.  

Рафия апай сүбелі сұхбатыңызға көп-көп рахмет.

Сондай-ақ оқыңыз