Алпамыс Жазылбек: Кілем жуу орталығы айына таза 2 млн теңге табыс әкеледі

Кәсіпкердің айтуынша, кілем жууды мамандарға тапсырған жөн

Қазіргі кезде уақыт үнемдеу және тиімді пайдалану үшін, адамдар үй жинайтын қызмет түрін шақыруды әдетке айналдырды. Сол тазалық саласының бірі кілем жуу қызметі. Әдетте кілем жуу қызметін көпқабатты үй тұрғындары пайдаланады. Бірақ, кілем жуу орталығының басшысы Жазылбектің айтуынша, жер үйде тұратындар да кілемді арнайы компанияға жуғызады. Себебі, кілемді жуған соң суын сығып, көтеріп, кептіру қажет. Бұл көп күш пен уақытты талап ететін жұмыс. Сондықтан халық арнайы мамандардың көмегіне жүгінеді екен.

– Негізгі мамандығыңыз заңгер бола тұра, неге кілем жуу саласына бет бұрдыңыз?

– Бұл салаға деген қызығушылық кенеттен пайда болды. Өз үйімдегі кілемді жуу үшін осындай орталыққа бардым. Бір кілемді жуу үшін, мен 30 мың теңге төледім. Сонымен қатар, жуылған кілемді бір аптаға жуық күттім. Кілем жуатын орталыққа барған кезде, бұл кәсіпте пайда бар екеніне көзім жетті.  Ойлана келе, мен бағасы қолжетімді және клиентке кілемді бір апта емес, бір-екі күн ішінде тазалап, апарып беретін орталық ашуға бел будым.

– Кілем жуу  кәсібің қанша қаражатпен бастадыңыз?

– Бұл кәсіпті ашқанда 3-3,5 млн теңге кетті. Қазіргі уақытта 4 млн-нан астам қаржы қажет деп ойлаймын.

– Бұл кәсіпті бастау үшін, басты қандай дүниелерге мән беру қажет?

– Ең бірінші, су жағынан қиындық тудырмайтын мекеме табу керек. Бастапқы кезде, барынша бәсеке аз болатын жер іздеу қажет. Кәсіпті ашпас бұрын, зерттеп аласыз. Өйткені, айдалаға кілем жуатын орталық ашатын болсаңыз, тақырға отырасыз.  Бұл кәсіпті кем дегенде 10 мыңнан астам тұрғыны бар жерде ашқан дұрыс. Біз орталықты  енді ғана ашқан кезде, Талғарда екі кілем жуатын орталық болған. Ал қазір үш жылдан кейін, сегіз орталық болды. Бірақ, біз тұрақты клиенттерді тапқаннан кейін, сұраныс жағынан тапшылық жоқ.

– Бұл сала жыл мезгіліне қарайды ма?

– Жоқ. Өйткені, біз кілемді  далаға шығарып, күнге кептіріп отырмаймыз. Арнайы  құрылғымен (сушилка) кілемді кептіреміз. Ал кейбір кілем жуу орталықтары тек жазда жұмыс істейді.  Олар күннің жылы болған кезін күтіп отырады. Өйткені, олар қар, жаңбыр кезінде кілемді кептіре алмайды. Айта кететін жайт, кілемді жууға тапсырыс әсіресе жаз мезгілінде, мереке алдында өте көп болады. Көбісе, жаңа жыл мен наурыздың алдында тапсырыс шаш-етектен

– Бір кілем жуатын орталыққа қанша құрылғы (аппарат) қажет?

– Ең негізгі үш құрылғы қажет болады. Оның әрқайсысының бағасы- 1,5 млн теңгеде асады. Бірінші құрылғы кілемді жуады. Екінші құрылғы кілемді сығып, оны 70 пайызға дейін кептіріп береді. Ал үшінші құрылғы ең маңыздысы. Ол кілемді 100 пайыз кептіріп, оны толық  заласыздандырады және жағымсыз иіс болдырмайды.

– Бір уақытта қанша кілемді кептіре аласыздар?

– Бір уақытта 350 кв метр кілемді кептіре аламыз. Кейде одан да көп болады.

–  Кілемнің 1 кв метріне қанша теңге аласыз?

– 1 кв метр 400 теңге тұрады. Бұл енді біз ауылдық жерде болғандықтан. Осы 400 теңгенің ішіне, кілемді алып кету, жуу және қайтадан апарып беру қызметі кіреді. Ал тапсырыс беруші өзі кілемді әкеліп және алып кетсе онда 1 кв метрі 350 теңге болады.

–Бір күнде орта есеппен қанша кілем жуасыздар?

– Орта есеппен алсақ, 250-300 кв метр кілем жуамыз.

– Бір күнде орта есеппен қанша қаржы табасыз. Мысалы, 300 кв метр үшін..

–Егер де бір күнде 300 кв метр деп есептесек, онда 100-120 мың теңге қаржы табамыз. Оның ішінде таза пайда 60 мың теңге болады.

 –Тапсырыс беретін клиенттерді қалай табасыздар?

– Бірінші, әрине, таргет. Әлеуметтік желі арқылы жарнама жасаймыз. Оның ішінде Instagram, OLX бар. Сонымен қатар, Талғарда арнайы кәсіпке байланысты жарнама орталығы бар. Соған да жарнама береміз.

– Қанша адамды жұмыспен қамтып етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта, бес адамды жалдап отырмын. Оның ішінде 2 адам кілем тасымалдайды (доставка). Екі адам кілем жуады, яғна құрылғыларға салады. Бір адам администратор. Ол кілемді қабылдап, тексеріп отырады. Жұмысшылардың айлығы шамамен 150-180 мың теңге көлемінде.

Сұхбатыңызға рақмет.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар