«Банк қызметкерлері» 3 мыңнан астам алаяқтық әрекет жасаған. Кибершабуылға төтеп берудің төте жолы қандай?

Цифрлық алаяқтық өрістеп бара жатыр

Қызметтердің цифрлануы қоғамның даму процесін жеделдеткенімен, параллель күйде адамдарға қауіп-қатер де төндіріп жатыр. Азаматтардың қаржылық сауаты соңғы бір-екі жыл бедерінде тәуір өсті. Алайда жеті қабат жер астындағы қитұрқылықты меңгерген алаяқтар мықтымын дегеннің өзін сан соқтырып кетуге шебеп болып алған. Сондықтан қаржылық білімді арттыра түсудің, киберқауіпсіздік қыр-сырын меңгере түсудің артықтығы болмайды.

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай азаматтарды алаяқтардың құрығына түспеу үшін сақтық шараларын сақтауға шақырды. Атап айтқанда, өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, ақшаны қауіпсіз шоттарға аудару немесе несиені рәсімдеуге шақырған үндеуге үлкен күмәнмен қараған жөн. Әдетте банк қызметкері мұндай процедураны телефон арқылы хабарламайды. Құқық қорғау органдары да арнайы операцияларды телефон арқылы жүргізбейді.

«Өздерін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдарға дербес деректерді, пластикалық карталардың нөмірлерін немесе СМС-хаттардың кодтарын, құпия сөздерді хабарламаңыз. Сондай-ақ белгісіз және тексерілмеген сайттарға және басқа желі көздері арқылы жеке деректерді енгізбеу керек. Тексерусіз алдын ала төлем жүргізбеңіз. Тауарды алғаннан кейін ғана төлем туралы келісуге тырысыңыз. Сонымен қатар күмәнді шарттар бойынша аударымдарды жүзеге асырмаңыз, айқын табыс көзінсіз қаржы схемаларынан сақ болуға тиіссіз. Бағдарламалық немесе мобильді қосымшаларды орнату үшін тек ресми App store, Play market көздерін пайдаланыңыз. Құрылғыға қашықтан кіруге мүмкіндік беретін бағдарламаларды жүктемеңіз. Белгісіз адамдардан келіп түскен сілтеме бойынша өтпеңіз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік болып есептелетін сілтеме бойынша өтуді ұсынады. Банкинг қызметіне қолжеткізу құпия сөздерін жиі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банк ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолданыңыз. Өз шоттарыңыздағы ақша қозғалысын жиі тексеріп тұру қажет», деп ескертеді орталық бастығы.

Қазіргі уақытта банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалған алаяқтық ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Аталған тәсілмен жыл басынан бері 3 мыңнан астам алаяқтық жасалған. Тіркелген істерді талдау көрсеткендей, осындай жағдайларда алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді белсенді пайдаланады. Яғни, орнатылған бағдарламаның көмегімен шынайы абоненттік нөмір басқасына өзгереді.

«Әлеуметтік инженерия әдістерін қолдана отырып, алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Көбінесе олар өздерін полиция немесе прокуратура қызметкерлері санатында таныстырады және банктің жемқор қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Ақшаның сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды шоттан не депозиттен ақшаны кейіннен ұрланған ақшаны одан әрі аудару не қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылатын «қауіпсіз» шотқа аударуға көндіреді. Азаматтардың қолдарында бар мүлікті (пәтер, автокөлік) кепілге қоюға немесе сатуға көндірген жағдайлар да тіркелді», деді спикер.

Бұл ретте Жандос Сүйінбай ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе ұйымдасқан топ құрамында жасалған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын атап өтті.

Қазіргі таңда азаматтардың ақшасын алдау жолымен заңсыз иемдену қылмыстардың ен көп тараған түрлері болып танылады. Сондықтан алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл мәселелері қазір елімізде және бүкіл әлемде орын алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып қалуда.

«Алаяқтар азаматтарды алдау үшін әр түрлі амалдарды қолданады. Сол себептен де, осындай қылмыстардың саны жылдан жылға көбеюде. Цифрлық технологиялардың дамуы оларды пайдалана отырып жасалатын ұрлықтардың өсуіне әкелді. Соңғы уақытта интернет-алаяқтық кең қоғамдық резонанс тудырды. Биыл олардың саны 18,5 мыңнан аса қылмысты құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,5 мыңға төмен. Көбінесе, осындай қылмыстар, тауарларды онлайн-сату жолымен жасалады. Атап айтқанда бұндай әдіспен 6 мың қылмыс жасалған», деді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Киберқауіпсіздік басқармасының бастығы Роман Перминовтың айтуынша, ақпараттық қауіпсіздіктің салалық орталығының жұмыс істеуін автоматтандыру үшін 2021 жылы қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздіктің оқиғалары мен оқыс оқиғалары бойынша Ақпаратты өңдеудің автоматтандырылған жүйесін (бұдан әрі – «Qainar» ААӨЖ) әзірлеу және пилоттық пайдалануға іске қосылды.

«Ол қаржы нарығындағы ақпараттық қауіпсіздіктің оқиғалары мен оқыс оқиғалары бойынша ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік береді. Алған ақпараттың негізінде Агенттік біздің өңірде тіркелген қатерлер мен осал жерлер туралы Қазақстан үшін өзекті ескертулерді қалыптастырады. Киберқатерлермен күресте тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін ААӨЖ-де ақпарат алмасудың қорғалған жүйесі жұмыс істейді, ол практикалық міндеттерді сұрақ-жауап форматында жедел шешуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жүйеге екінші деңгейдегі барлық банктер, сондай-ақ банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары, мемлекеттік органдар және ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталықтары, барлығы 49 ұйым қосылған», дейді ол.

Google News сайтында бізге жазылыңыз