Шенген визасын қалай алуға болады?

Жарияланды
Қандай жағдайда мақұлдамауы мүмкін және ондайда не істеу керек?

Еуропаны аралағысы келген адамға шенген визасы керек. Оны қалай алады, қандай түрлері бар, нендей құжаттар дайындау керек — осы және өзге де сұрақтарға жауапты бүгінгі материалымыздан таба аласыздар. 

Шенген визасы деген не?

Бұл — шенген аймағына кіруге рұқсат беретін виза. Ол  арқылы жарты жыл ішінде бір немесе бірнеше рет кіруге болады. Берілетін мерзімі әр түрлі. Ал енді шенген аймағы дегеніміз — Еуропада жүргенде кеденшілермен қайта-қайта көрісіп, құжат көрсетіп жүрмес үшін емін-еркін жүріп-тұруға арналған территория. Әлемдегі ең ірі аймақтың бірінде мұндай жүйе ішкі жүріс-тұрысты жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттыру үшін жасалған. Мысалы, Финляндиядан Португалияға еркін өтуге болады. Ал енді аймақтан тыс елге кіру үшін арнайы құжат жинап, өткізу керек. Жеке басын, сондай-ақ кіру себебін түсіндіретін құжат қажет. 

Қалай рәсімдейміз?

Көпшілігіне визаны рәсімдеу жолы, мақұлдау уақыты қызық. Негізі дайын болу мерзімін нақты айту қиын. Қайда және қандай себеппен бара жатқаныңызға байланысты.  Кемінде бір ай бұрын құжат дайындап бастаған абзал. Одан ертерек қамдана алсаңыз, тіпті жақсы. Өйткені виза алуға сұраныс көп болса, жазылатын бос күн таппай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан 2-3 ай бұрын дайындалғаныңыз дұрыс. Одан бөлек, құжат қарастыру уақыты да ұзаруы мүмкін. Негізі ең тез дегенде 2-4 апта кетуі мүмкін. Яғни сіздің құжат тапсырып, оны алатын уақытыңыз.   

Қандай құжаттар керек?

  • Өтініш. Оны толтырып, тексеретін — аппликант;
  • Төлқұжат. Шенген аймағынан шығатын кезде құжат мерзімі бітпеуі керек. Кемінде әлі үш айы болуы керек. Сондай-ақ, жаңа штамптарға екі беті бос болуы қажет;
  • Шенген визаға арналған өлшем бойынша түсірілген фотосурет;
  • Шенген аймағында болатын мерзімге төленген сақтандыру полисі. Ол госпитализация, тасымал секілді шығындарды өтейтіндей болуы керек;
  • Төлқұжаттың көшірмесі;
  • Егер өзіңізбен бірге 18 жасқа толмаған бала баратын болса, оның туу туралығы куәлігінің көшірмесі, ата-анасының визасы, заңды өкілінің келісімі сұралады;
  • Қабылдап алатын мемлекетте қай жерге тоқтайтыны туралы мәлімет. Мысалы, қонақүйге жасалған брон немесе біреу шақырту жіберіп жатса, соның көшірмесі мен тұратын мекенжайы. Егер сізде қайда тоқтайтыныңы туралы деректерді растайтын құжаттар болмаса, онда саяхат жоспарын жазбаша тапсырыңыз;
  • Жоспарланған маршрутты дәлелдейтін құжаттар. Билетке тапсырыс бергеніңізді көрсететін электрон билет немесе саяхат жоспары;
  • Табысыңыз туралы ақпарат. Жұмыс орныңыздан берілетін анықтама, банктегі есепшотыңыз туралы дерек. Анықтамада мөр мен директордың қолы болуы міндетті. Ал сома шамамен бір адамға бір тәулікке 80 еуроға дейін деп есептеледі.

Шенген аймаққа қандай елдер кіреді?

Бұл аймақта кеден бақылауын өзара келісім бойынша алып тастаған 26 мемлекет бар. Атап айтқанда: Аустрия, Бельгия, Чехия, Дания, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Грекия, Венгрия, Исландия, Италия, Латвия, Лихтенштейн, Литва, Люксембург, Мальта, Нидерланды, Норвегия, Польша, Португалия, Словакия, Словения, Испания, Швеция және Швейцария. 

Визаның қандай түрлері болады?

Шенген визасының бірнеше түрі бар. Мысалы:

  • Транзиттік виза (А категориялы). Транзиттік аймақтағы әуежайда болуға рұқсат беретін түрі. Егер сізде осындай виза болса, онда сізге бұл құжатпен әуежай аймағынан шығуға болмайды.  
  • Қысқамерзімді  (С категориялы). Шенген аймағында саяхаттауға немесе уақытша тұруға рұқсат етіледі. Жарты жылда 90 күнге дейін жүре аласыз. Осы уақыт ішінде бір немесе бірнеше рет кіріп-шығуға болады. Анығы құжатта көрсетіледі. Мерзімі — бес жылға дейін. 
  • Ұлттық  (D категориялы). Оқуға, жұмыс істеуге, бизнеспен айналысуға немесе өзге де есебептермен тұруға рұқсат береді. Белгілі бір мерзімге беріледі.

Мақұлдау үшін не істеу керек?

Виза болғандықтан оны бермей қою ықтималы бар. Дегенмен кез келген виза секілді шенгенді мақұлдауына көмектесетін тәсілдер болады. Мәселен мынадай:

  • 12 айға медициналық сақтандыру жасалса. Негізі ол қысқамерзімдігіне қарағанда тиімдірек шығады. Күнін есептеп көрген кезде арзан екенін байқайсыз;
  • Жылжымайтын мүлік болса, соны растайтын құжаттар;
  • Бұрын-соңды бірнеше елге барған болсаңыз, бұл да сіздің саяхатшы екеніңізді, еліңізге қайта оралатыныңызды көрсетеді. Мерзімі өтіп кеткен, бірақ штамптары бар төлқұжатыңызды берсеңіз болады;

Пайдалы кеңестер

Шенген визасын рәсімдеген кезде сізге қажет болатын бірнеше кеңес айта кетейік.

  • Шын сөйленіңіз. Өтірік өрге баспайды. Өтініміңізде неғұрлым ұйқаспайтын дерек көп болса, соғұрлым сізге бермей қою ықтималы артады;
  • Ертерек қамданыңыз. Таяған кезде жүгіргеннен бәрін алдын-ала істеген жақсырақ. Ұшуға бірнеше күн қалғанда қапылғаннан бәрін күні бұрын әзірлеген дұрыс. Егер виза бермей қойса, онда билетті өткізгеніңіз үшін қайтаратын сома күні жақындағанда азаятынын ескеріңіз;
  • Қай жерде көбірек жүретін болсаңыз, сол елдің елшілігіне барып құжат өткізіңіз. Мақұлдау ықтималы жоғары деген елді таңдағаннан осы дұрыс;
  • Қажет болуы мүмкін деген құжаттың бәрін жинап апарыңыз. Табысыңыз, жылжымайтын мүлік, неке туралы куәлік және т.б.;

Неге виза бермей қоюы мүмкін?

  • Төлқұжат мерзімі бітетін кез сіз қайтып келетін кезден кейін 3-6 айдан кем болған жағдайда;
  • Сіз тапсырған құжаттар мен сіздің ниетіңіз сәйкеспейтін болса;
  • Қысқамерзімді визаңызбен шенген аймағында жарты жыл ішінде үш айдан көп уақыт жүрген болсаңыз;
  • Табысыңызды расталмаса;
  • Қара тізімге енген болсаңыз;
  • Инспектор сізді ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін адам деп ойлауы мүмкін. Олай болған жағдайда сіз шенген аймаққа кіретін 26 мемлекеттің барлығына кіре алмайсыз;
  • Маршрутыңыз, қайда жатаныңыз, саяхат жоспарыңыз анық емес;
  • Елге оралмай қалуыңыз мүмкін. Заңсыз жолмен шенген аймақта қалып қоюыңыз мүмкін болса;

Рұқсат бермеген жағдайда не істейіміз?

Әрине, мақұлдамаса көңіл-күйіңіз түседі. Сонша құжат жинап, дайындалғанда бұл жақсы жаңалық болмасы анық. Дегенмен тағы тапсыру ойыңызда болса, онда бермей қою себебіне тереңірек үңілген дұрыс.

C1 — ең көп таралған түрі. Бұл шенген аймағының кез келген еліне 3-12 ай ішінде кіруге тыйым салады. Құжатта көрсетілген уақыт өткен соң қайта құжат өткізе аласыз. Бірақ екінші рет тағы бермей қойса, онда тыйым 10 жылға созылады. Сондықтан бірден тапсырмай, себебін анықтап, реттеуге тырысқан абзал.

C2 — бұл штамп құжаттар жеткіліксіз жиналған кезде немесе жалған ақпарат берген кезде қойылады. Егер бір құжаттар керек болған болса, онда қайта жазылып, толықтырып тапсыруға болады. Бірақ ол кезде консул және қызметтік төлемді қайта төлеуге тура келеді. Ал енді жалған ақпарат берді деген  күдік туындаған болса, онда шенген аймаққа кіруге 12 аймаққа тыйым салуы мүмкін. 

C3 — бұл жағдайда елшілікке барып, ауызша сұхбат өту керек. Егер елшілік қызметкері «бәрі дұрыс» десе, виза рұқсат етіледі. Ал енді қызметкер беруге келіспесе, онда тыйым туралы штамп қойылады. Ол кезде қайтадан себептерін анықтау қажет.

C4 — бұл өте ауыр түрі. Мұндай код берілсе, демек сізге шенген аймағына өмір бойына кіруге тыйым салынды деген сөз. Бұл штамп шенген аймағы ережелерін бірнеше рет бұзған адамға қойылады. Айталық, рұқсат етілген мерзімнен ұзағырақ болып, айыппұлдарды төлемей, мемлекеттің заңын бұзған жағдайда. Егер сіз шыққан шешіммен келіспесеңіз, онда консулдың атына апелляцияға бере аласыз. Оны бір айдай уақыт қарастырады.

Шенген визасын әркім өзі тапсырып ала алады. Оның аса қиындығы жоқ. Бұл әрі ең арзан әдіс екені белгілі. Өйткені сіз сервис орталықтарына немесе туристік агенттіктерге барсаңыз, қызмет үшін қосымша ақы төлейсіз. Әлбетте, әркім өзіне қолайлы әдісті таңдайды. Егер құжат тапсырып жүретін уақытыңы болмаса немесе өзіңізге сенімсіз болсаңыз, онда кәсіби мамандарға тапсыра аласыз. Шенген визаны мемлекеттік қызметтер көрсететін портал арқылы ала алмайсыз. Міндетті түрде елшілікке баруыңыз керек. Сонымен бірге төлқұжат болмайынша істі бастай алмайсыз. Сондықтан Еуропа Аралау ойыңызда болса, ең бірінші бітіретін шаруыңыз төлқұжат жасату болуы керек.  

Қатысты материалдар