Бір жылда жүк тасымалы 3%-ға азайды

Жарияланды

Биылғы қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша ҚР көлік компаниялары 3,1 млрд тонна жүк пен багаж тасымалдады, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,9% аз.

Жүк тасымалының ең көп көлемі Қарағанды облысына тиесілі: 592,7 млн тонна. Үздік үштікке Абай (449,4 млн тонна) және Қостанай (241,8 млн тонна) облыстары да кірді.

Ең төменгі көрсеткіштер жаңадан құрылған Ұлытау және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында тіркелді.

Жүк тасымалдау көлемінің 81,4%-ы автокөлік үлесіне тиді: жыл басынан бері 2,5 млрд тонна жүк пен багаж тасымалданды — бір жыл бұрынғыдан 3,7% аз.

Одан кейінгі орында теміржол көлігімен тасымалдау (340,4 млн тонна) және құбыр арқылы тасымал (226,4 млн тонна).

Жүк пен багаждың 983,5 мың тоннасы теңіз және жағалау көлігіне, 622 мың тоннасы ішкі су жолына, 19,4 мың тоннасы әуе көлігіне тиесілі.

Жүк тасымалынан түскен кірісі бір жыл ішінде құндық мәнде 16,3% ұлғайып, 2,7 трлн теңгені құрады.

Жүк тасымалының ең көп көлемін автокөлік қамтамасыз еткенімен, ең көп кіріс құбыр арқылы тасымалдаудан алынды: 1,4 трлн теңге — бір жыл бұрынғыдан ақшалай 13,1% артық.

Одан кейінгі орында темір жол және автокөлік: сәйкесінше 998 млрд және 272,7 млрд теңге.

Әуе көлігінен түскен кіріс 10 млрд теңгені, теңіз және жағалау көлігінен — 5,3 млрд теңге, ішкі су жолдарынан — 950,7 млн теңгені құрады.

Биылғы қараша айының қорытындысы бойынша көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау тарифтері бір жыл ішінде 4,2% өскені байқалады.

Өңірлер* бойынша ең үлкен өсуі Қарағанды облысында тіркелді: бір жылда 12,9%. Одан кейін Ақмола (8,2% өскен) және Ақтөбе (7,9% өскен) облыстары.

Тарифтердің ең аз жылдық өсімі елордада тіркелді: 0,3% өскен. Үш өңірде — Алматы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында баға бір жыл бұрынғы деңгейде қалды. Шымкентте баға 10,5% арзандады.

Сондай-ақ оқыңыз