Үйлену тойына несие алған дұрыс па?

Жарияланды
Қарызды өтеуге дайын болу керек

Үйлену тойы – әр адамның өміріндегі маңызды оқиға. Бірақ той жасауға несие алу қажет пе? Кез келген несие жауапкершілікті талап етеді. Осы мақалада тойға несие алған қаншалықты тиімді деген сұраққа жауап іздейміз.

Қазіргі кезде бір той екіншісін қайталамауға тиіс деген ұғым пайда болған. Той өткізу бәсекеге айналды. Жастар тойды қаласа да, қаламаса да, «ұят» болады деген қағидамен өмір сүретін жандар бар. Тойға несие алғанда, ең бірінші қандай тәуекелге бара жатқаныңызды түсуіңіз керек.

Тойға қажет несиені банктерден бөлек, микроқаржы ұйымдары да береді. Олар әдетте несиені өте оңай және жылдам рәсімдейді. Шын мәнінде, бұл ұйымдармен жасалған келісім-шартта көптеген жасырын нюансы бар, несие бойынша артық төлем көп шығады.

 Ең бірінші тойды несие алып жасаудың кемшіліктерін атап өтейік:

– Той бір кеште өтіп кетеді. Ал несие бойынша борыштық міндеттеме бірнеше жылға созылады. Несиенің артық төлемі көп болса, қалтаға артық салмақ салады. Ал пайызы жоғары несие алмай, алдын ала ақша жинасаңыз, біраз қаражат үнемдеуге болады.

– Тойдан түскен ақша үйлену тойының шығынын толық жабады деп күтудің қажеті жоқ. Тәжірибе көрсеткендей,  сыйғакелген қаржы, әдетте, жұмсалған соманың жартысын да өтемейді.

–  Өкінішке қарай, ақшадан қысылған кезде, жастардың үйлену тойының несиесі толық төленбей тұрып ажырасуы жиі кездеседі. Бұл жағдайда сіз несиені ажырасқаннан кейін де төлеуге мәжбүр боласыз.

– Ақшаны әрдайым үнемдеуге тура келеді.

– Жас жұбайлар отбасылық өмірін қарызбен бастауға мәжбүр болады.

– Несие берілмеуі мүмкін. Қарыз алушының несие тарихы нашар немесе табысы аз болса, банк ұйымдары несие беруден бас тартады.

 Ал енді үйлену тойын несие алып жасаудың артықшылықтары туралы айтып кетейік:

– Армандап жүрген мерекені көңіліңіз қалғандай ұйымдастыра аласыз. Қалыңдық көйлек, қымбат мейрамхана, бай дастархан, фотограф және тағы басқасына ақша дайын. Бұл жағдайда тойыңызды шағын бюджетке ғана шақтап емес, бәрін өз қалауыңызбен жасауға болады. Мұндай той қонақтардың есінде қалары сөзсіз.

– Үйлену тойын кейінге қалдыра отырып, жылдар бойы ақша үнемдеудің қажеті жоқ.

– Банктен несие алсаңыз, тойға қажет қаржы дайын, ақшаны қайдан табам деп бас қатырмайсыз. Оның үстіне, жинаған ақшаңыз жоқ болса, туған-туыстан қарыз алғаннан, банктен несие алған психологиялық тұрғыда жеңілдеу болмақ.

Ислам дінінде үйлену тойы үшін несие алу харам ба?

Бұл туралы имам Еркін Рысбекұлы былай дейді:

«Жалпы, несие алып той жасаған аса дұрыс емес.  Ешкімнен ұялмай, қолда бар несібесімен той жасаған дұрыс. Несиенің харам екенін түсінетін адамдар да бар және түсінбейтін жандар бар. Ниеті дұрыс адамдар, той иесін сынамай-ақ, қонақ болып келеді. Мысалы, той жасауға 5 млн теңге көлемінде қаржыны несиеге алдыңыз. 200-250 адам бірнеше сағатқа тойға келіп ішіп-жеп кетті. Ал сіз бұл бірнеше сағат  болған салтанатты жиынға алынған несиені 5-6 жыл бойы төлейсіз.  Сондай-ақ, енді отбасы болған жастар бұл несиені жылдап төлейді. Осы жастардың ары қарай дамуына осы несие кедергі болады. Тойды несиеге алудың тағы бір жаман жағы – арты ұрысқа ұласады. Отбасылық ұрыс-керіс ажырасуға әкеп соғады. Ислам дінінде несие беру және алу адамға жасалған зұлымдық болып есептеледі. Яғни, егер жастар бір-бірін жақсы көрсе, екі жақты да қинамай, екі жастың бақыты үшін түсіністік танытқан дұрыс. Мысалы, тойда мүлдем киілмейтін киіттер беріледі. Бұл да артық, қажет емес шығын деп ойлаймын».

Тойға несие алу қаншалықты дұрыс? Алматы қаласы тұрғындарынан сұрап көрдік…

Амангелдіқызы Нұргүл:

«Әрине, той үшін несие алғын келмейді. Бірақ, өмірде әртүрлі жағдайлар болады.  Ал той жасауға несие алуға келетін болсақ, ақша жетпегеннен аламыз. Өйткені, бір айлық табысты жинап той жасай алмаймыз. Басқа да шығыны өте көп. Қазақтар үшін той жасау – үлкен мәртебе. Егерде ұлым үйленіп жатса, несие алуға дайынмын».

Изатұлы Фатхулло:

«Ата-анама ауырлық салмау үшін осыдан екі жарым жыл бұрын несие алдым. Несиені төрт жыл төлеймін. Егер де той жасаудың алдында осылай қиын боларын білсем, алмайтын едім».

Сондай-ақ оқыңыз