Бізді «жұмыссыз келешек» күтіп тұр ма?

Жарияланды
Еңбек нарығы цифрландыру қарқынына қаншалықты ілеседі?

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, цифрлық экономика әлемдік ЖІӨ-нің 15,5 пайызын құрайды және соңғы 15 жылдағы әлемдік экономикадан екі жарым есе жылдам өскен. Бірақ цифрландыру тәуекелдері қарастырылған кезде оның еңбек нарығына әсер ету дәрежесі бірінші кезекте алаңдаушылық тудырады. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) президенті Дәулет Арғындықовтың айтуынша, жаңа технологиялар қазірдің өзінде еңбек әлемін өзгертіп жатыр.

«Біз жақын арада қоғам «технологиялық жұмыссыздыққа» кезігеді және үлкен салдарға тап боламыз деп жиі естиміз. Бізді шынымен «жұмыссыз болашақ» күтіп тұрғанын, цифрландырудың қандай тәуекелдері мен мүмкіндіктері бар екенін түсіну үшін біз еңбек нарығы бойынша екінші Ұлттық баяндама дайындадық. Бұл ретте біздің зерттеуіміз белгіленген тақырып шеңберінен шығады. Сондай-ақ әлемдегі және Қазақстандағы экономикаларды, жекелеген салаларды цифрландыруды, осы цифрлық жарыста табысқа жету үшін қандай кедергілер мен ықтимал шешімдерді қарастырдық», дейді ол.

«Қазақстанның еңбек нарығы: цифрлық шындық жолында» ұлттық баяндамасы 7 тараудан тұрады, олардың әрқайсысы цифрландыруға тікелей байланысты белгілі бір тақырыпқа арналған.

Зерттеу аясында ЕРДО талдаушылары Қазақстанды цифрландыру бойынша, оның ішінде халықаралық рейтингтер негізінде өзекті ақпаратты жинады. 2020 жылғы цифрлық даму индексіне сәйкес, цифрландырудың ағымдағы жай-күйі бойынша Қазақстан 90 елдің ішінен 55-орынды, ал цифрландыру қарқыны бойынша 20-орынды алады, бұл республиканы Ресей, Қытай, Үндістан, Индонезия және Польша сияқты елдермен қатар прогрессивті экономикалар санатына жатқызады.

Дегенмен, қолжеткізілген нәтижелерге қарамастан, цифрлық шындыққа бар кедергілерді еңсеру маңызды: киберқауіпсіздік қаупі, цифрлық теңсіздік немесе ауыл мен қала тұрғындарының интернетке қолжетімділігі, кадрлар мен дағдылардың тапшылығы.

Цифрландыру нәтижесінде жұмыс орындарының қысқару ауқымын бағалау үшін ЕРДО талдаушылары халықаралық сарапшылардың қазіргі болжамдарын қарастырып, олардың барлығына неге күмән келтіруге болатынын түсіндірді. Бұл ретте сарапшылар цифрландырудың еңбек нарығына әсерін өз бағалауын жүргізді және Қазақстандағы қызмет түрлерінің 22 пайызы автоматтандыру тәуекелі жоғары екенін анықтады, олар бойынша 587 мың адам немесе жұмыспен қамтылғандардың 7 пайызы жұмыс істейді.

ЕРДО талдауына сәйкес, бүгінде 69,5 мың ақпараттық коммуникация технология (АКТ) маманының қазақстандық кәсіпорындармен 84,1 мың электрондық еңбек шарты бар, бұл АКТ-мамандардың 21 пайызының бір мезгілде бірнеше ұйымдарда жұмыс істейтінін білдіреді. АКТ маманының орташа айлық жалақысы 516 мың теңгені, ал медианалық жалақысы 352 мың теңгені құрады.  

«Бізді әрқашан бүгінде әрбір адам университетте немесе колледжде оқымай-ақ, қысқа мерзімді оқудан өткеннен кейін IT маманы бола ала ма деген сұрақ қызықтырды. Талдауымыздың нәтижесінде егер ол ІТ саласын шын ұнатса, бұл мүмкін жайт екенін білдік. Бүгінгі таңда жалдамалы АКТ мамандарының 56 пайызы IT мамандығы бойынша оқымаған, яғни олар қысқа мерзімді дайындықтан өтіп, мансаптарын сәтті түрде өзгерткен. Әртүрлі бағыттар мен кәсіптердің сарапшылары, тіпті аспаздар немесе балабақша тәрбиешілері қазіргі таңда айти мамандарына айналуда», деді баяндама авторларының бірі, ЕРДО Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Сонымен бірге Ұлттық баяндама еңбек нарығының ажырамас бөлігіне айналған фриланс нарығы туралы да толық мәлімет береді. ЕРДО талдауына сәйкес, 2021 жылы Қазақстанда 1 млн 49 мың адам фрилансер болып жұмыс істеді, бұл ретте 228,3 мың адам үшін фриланс табыстың негізгі тәсілі болды, 820,5 мың адам бір мезгілде фрилансер ретінде де, жалдамалы қызметкер ретінде де жұмыс істеді. Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстанда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейтін платформалық жұмыспен қамтуға шолу жасады.

«Цифрлық дәуірде ештеңе өзгеріссіз қалмайды және біз үшін тез бейімделу, жаңа дағдыларды дамыту және мансап барысында бірнеше мамандықты өзгерту керек деп қорықпау маңызды, ал мемлекет бұған тек ықпал етеді. Жұмыспен қамтудың цифрлық экожүйесінің арқасында азаматтар Skills.enbek.kz-те жаңа дағдыларды игеруге, Enbek.kz арқылы жұмыс немесе жұмысшы табуға, Business.enbek.kz көмегімен өз бизнесін ашуға, Hr.enbek.kz арқылы еңбек қатынастарын онлайн ресімдеуге мүмкіндік алады. Біз сондай-ақ баяндамада әрбір платформамыз туралы егжей-тегжейлі айтып бердік», дейді Дәулет Арғындықов.

Жылдық динамикада жұмыс күшінің саны 12,1 мың адамға өсіп, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен (-8,4 мың адам) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының қысқару үрдісін сақтап қалды.

«III тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 8,8 млн адамды құрайды және алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 2,8 мыңға немесе  жүзден 3 пайызға төмендеді, бірақ өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, керісінше, 12,5 мыңға немесе оннан бір пайызға өсті. Жалдамалы жұмыскерлердің саны әлі де 6,7 млн, ал жұмыссыздар саны 450 мыңға жуық адамды құрайды», деді ЕРДО Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша, алдыңғы тоқсандағыдай, жұмыспен қамтылған халық саны бойынша көшбасшылар сауда, ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп салалары болып қала береді, онда шамамен 4,8 млн адам немесе барлық жұмыспен қамтылған халықтың 55 пайызы жұмыс істейді.

Сонымен қатар шілде-қыркүйек айларында жұмыспен қамтылғандар саны бойынша ең көп өсімді:

•         Өнер, ойын-сауық және демалыс (+4,8 пайыз немесе +6,6 мың адам);

•         Тұру және тамақтану (+4,1 пайыз немесе +7,6 мың адам); 

•         Көлік (+3,4 пайыз немесе +20,9 мың адам) салалары көрсетті.

Дәл осы салалар өткен жылдың сәйкес кезеңіне қатысты жұмыспен қамтылған халықтың өсуіндегі ең үлкен динамиканы көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз