Өмірхан Мажит: Қазақстан бойынша гүл сататын төрт дүкенім бар

Жарияланды
Кәсіпкердің айтуынша, бір дүкеннен күніне түсетін орташа табыс – 700 мың теңге

Гүл сату кәсібі табысты әрі тәуекелі көп сала екені белгілі. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері гүл сату бизнесін қолға алып, төрт дүкен ашқан жас кәсіпкер Өмірхан Мажит. Кәсіпкердің айтуынша, гүл бизнесі тынымсыз еңбекті қажет етеді және  екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бұл кәсіпті дамытып, табыс табу үшін қыр-сырын терең меңгеру қажет.

– Мажит, кәсіпкерлік жолды қалай бастадыңыз?

–Негізі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде логистика мамандығы бойынша оқыдым. Сондай-ақ, менеджмент мамандығы бойынша магистратураны да аяқтадым. Гүл сату кәсібін бастамас бұрын, көптеген бизнес түрін көрдім. Оның ішінде, киім сату мен шар бизнесі де бар. Бірақ, осыған дейін, ашқан кәсіптерде айтарлықтай жетістікке жете алмадым. Ал, гүл сату саласына келетін болсақ, гүл жайлы ешқандай хабарым болған жоқ. Серіктесім екеуіміз тәуекел деп, бизнесті бастап кеттік. Қазіргі таңда, кәсібіміз жақсы дамып келеді.

– Қазіргі таңда төрт гүл дүкеніңіз бар ма? Еліміздің қай өңірлеріңде…

– Иә, қазіргі таңда төрт гүл дүкеніміз бар. Нақты айтсақ Алматы, Тараз, Шымкент және Қызылорда қаласында. Алдағы уақытта, тағы екі дүкен ашылмақ.

– Осы кәсібіңізді бастағанда алғашқы инвестицияға қаншы қаражат құйдыңыз?

– Бұл кәсіпті 2019 жылы серіктесім екеуіміз қосылып, 2 млн теңгемен бастадық. Әрқайсымыз 1 млн теңгеден қостық.

– Бұл бизнеске салған қаражат өзін-өзі қанша уақытта ақтады?

– Гүл кәсібіне салған 2 млн теңге, өзін 2 айдын ішінде толық ақтап шықты.

– Гүлдерді қалай ұзақ уақыт сақтауға болады?

–  Гүл сататын  дүкенде міндетті түрде төмен температурасы бар камера болуы керек. Біз тоңазытқыш деп атай береміз. Негізінен, бөлек бөлме болу керек.  Оның ішін кондиционер салқындатып тұрады. Өйткені, гүлдер ыстықта тез қурап, солып қалады.Гүлдің сабағын кесіп, 3-6 градус суық жерде сақтаған дұрыс. Сол кезде, гүлді бір аптаға жуық уақыт сақтай аласыз. Біз гүлді сақтау үшін ешқандай қоспа пайдаланбаймыз.

– Гүл сату кәсібіндегі бәсеке туралы айтып кетсеңіз?

– Бұл салада бәсеке өте жоғары. Алматы қаласының өзінде, гүл сататын дүкендер өте көп. Нарықтағы бәсеке күн сатап артып келеді.

– Бұл саланың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталып кетсеңіз?

– Бұл кәсіптің артықшылығы адамдарға эмоция сыйлаймыз, түрлі мерекенің сәнін келтіреді. Сонымен қатар, бұл салаға толық зейін салып жұмыс істесеңіз, жақсы табысқа шығуға болады. Ал кемшілігіне келетін болсақ, гүлдер сатылмай қалуы мүмкін. Мысалы, мен ай сайын 500-700 мыңға сатылмай, солып қалған гүлдерді қоқысқа лақтырамын. Бұл гүл кәсібі доллар бағамымен тікелей қатысты болғандықтан да қиындау. Сондай-ақ, елге гүл әкелу кезінде де біршама кедергі туындауы мүмкін.

– Сонда, гүлдерді арнай шетелден әкелесіздер ме?

– Иә, гүлдерді шетелден алдырамыз.  Дүкенге гүл аптасына төрт рет жеткізіледі. Екі рет ұшақпен және екі рет жүк көлігімен. Гүлдерді бес мемлекеттен: Эквадор, Кения, Голландия, Израиль және Колумбиядан алдыртамыз.

– Ең қымбат гүл шоғының бағасы қанша?

– Мысалы, бізде ең қымбат гүл сәлдегүл (пион). Оның бір данасы 5000-6000 теңге тұрады. Бізге келген кейбір клиенттер 101 пионға тапсырыс беріп, сатып алады. Бұл гүл шоғының бағасы 500 мың теңге көлемінде болады. Ең қымбат гүл шоғы осы. Бірақ, қыздарға олар қатты ұнайды.

– Қазіргі таңда гүлге деген сұраныс жағы қалай?

– Біздің дүкенде гүлдердің бағасы өте қолжетімді. Сұраныс жағы өте жақсы. Арзан бағада, бірақ, көп көлемде сатуға тырысамыз. Негізгі сатып алушылардың басым бөлігі, 18-40 жас аралығындағы тұтынушылар.

– Осы салада қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі таңда, төрт дүкенде, 40-қа жуық қызметкер жұмыс істейді.

– Гүл сатып отырған мекемені қанша теңгеге жалға аласыз?

– Алматы қаласындағы мекемені жалға алу құны 350 мың теңге. Біз бір жыл бұрын келісімшартқа қол қойдық. Ал енді, келесі жылдың, 1 қаңтарынан бастап жалға беретін мекеме құның 600 мың теңге көтермек. Сонда, жалға алатын мекеменің құны 2 есеге көтерілмек. Бұл дұрыс емес. Бірақ, амалжоқ, келісеміз. Өйткені, халық бұл дүкенге үйреніп қалған.

– Бір күнде қанша гүл шоғын сатасыздар?

– Алматы қаласында бір күнде, 60-70 гүл шоғын сатамыз. Бір гүл шоғының орташа бағасы 10 мың теңге. Бір күнде, бір дүкеннен келетін орташа табыс 700 мың теңге.

– Бұл кәсіпті бастаған кезде қандай дүниелерге мән беру қажет? Кәсіпті ашу, оның жұмысын жолға қою қаншалықты қиын?

Менің ойымша, кәсіпті бастамай тұрып, нарықты зерттеу қажет. Жұмысқа алатын қызметкерлерге қатты мән беру қажет. Өйткені, қазіргі кезде  жақсы флорист табу өте қиын. Біздің сататын тауар тез құртылады. Сондықтан, гүлді қабылдаған кезде барлық дүниеге жауапкершілікпен қарау қажет.

– Осы саланы бастағысы келіп жүрген жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?

Мен осы кәсіпті енді ашқан кезде, жақын адамдарымның барлығы қарсы болған. Себебі, гүл тез солып қалады. Егер де маған үш жыл бұрын 1 млн-ға жуық ақшаға алынған гүлді қоқысқа лақтырасын десе, мен қорқып кәсіпті бастамайтын едім. Бастысы, қорықпай, алға қойған мақсатқа ұмтылу қажет.

– Қай кезде кәсіптен бас тартқан дұрыс?

Кәсіптен бас тартпау керек. Өйткені, бір кәсіп жүрмесе, екіншісі міндетті түрде жүреді. Мен өзім де гүл саласына келмей тұрып, бірнеше бизнесте жолым болмады. Егер 3-4 ай пайда болмаса, тағы білім жинап, алға жылжу қажет.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

–  Кез келген адам кәсіпкер бола алады. Бастысы, қорықпай әрекет жасау қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Қатысты материалдар