Ашаршылық жайлы көруге тұрарлық фильм жарыққа шықты  

Жарияланды
Айсұлтан Сейітов деген кім, оған неге көрермен ықыласы зор?

Айсұлтан Сейітовтың көптен күткен «Қаш» этно-хорроры көрерменге жол тартты. Қазақ халқының 70 пайызын жалмап кеткен 30-жылдардағы ашаршылық – ұлт жадына терең сызат салған нәубет. Отандық кинематографистер әлі күнге дейін тереңдеп бойламаған, аша алмаған ауыр тақырып.

Ашаршылық жайлы фильм түсіргендер болмады емес, болды. Алайда аса сәтті шыққан жоқ. 2020 жылы Марина Құмарованың «Ұлы дала зары» жарық көрді. Бұл фильм сол жылдардағы мәжбүрлі ұжымдастырудың қайғылы салдары жайлы түсірілген. Ол тіпті ел атынан «Оскарға», «Үздік халықаралық фильм» аталымында ұсынылған, алайда ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен жоқ, өзімізде де оны көріп, қабылдағандардың қатары аз.

Биыл осы тақырыпты тағы бір шығармашылық топ: режиссер Асқар Ұзабаев пен продюсер Баян Мақсатқызы қолға алып, Батыс Қазақстанда жаңа кино түсірді. Басты рөлге Берік Айтжанов түскен, әзірге бұл фильм көреременге ұсынылмағандықтан, Сейітовтың картинасын осы бағыттағы алғашқы фильм болып тұр. «Курсив» осы дебют жайлы толық айтып береді.

Айсұлтан Сейітов деген кім, оған неге көрермен ықыласы зор?

Қазір ешкім бұлай сұрамайды. Өйткені ең белігіл қазақстандық клипмейкер, енді кинорежиссер, New York Film Academy түлегі, 25 жастағы  Айсұлтан Сейітов – жұлдызы жарқыраған жас маман, жастарға үлгі, ірі халықаралық жобаларды жасап, мықты мамандармен жұмыс істеп жүрген кәсіпқой. Оның портфолиосындағы ең керемет кейс – репер Канье Уэстпен бірлескен жұмысы.

Достары мен әріптестері Айс деп атайтын Айсұлтан, 2021 жылы Каньенің Donda деген альбомының Атланта мен Чикаго стадиондарында өткен, мыңдаған көрермен  жинаған екі тұсаукесерінің режиссері болды. Альбом жарыққа шыққан соң бір күн ішінде әлемнің 152 еліндегі музыкалық хит-парадтардың көшін бастап, абсолютті рекорд орнатты. Ал музыканттың промо ретінде ұйымдастырған іс-шаралары  былтырғы жылдың ең жиі талқыланған шоуына айналды.

Сейітов танымал америкалық жұлдыздарға жетіп, Канье, A$AP Rocky, Трэвис Скотт, Offset, 21 Savage, J Cole-мен жұмыс істеп, Sprite, Nike, Yves Saint Laurent-ке жарнама ролигін түсіріп, Дудьқа сұқбат берерге дейін, ондаған клип түсіріп, Моданазар, Скриптонит, Иван Дорнмен, Jah Khalib, L’One, Noize MC, Элджей және т.б. музыканттармен жұмыс істеді. Оның үздік клипмейкер екеніне ешкім шәк келтірмейді, алайда ол қандай кинорежиссер? Осы сауалға жауап беріп көрейік.

«Қаш» фильмі не жайлы?

«Қаш» картинасындағы негізгі оқиға 30-жылдардағы қазақ жерінде өрбиді. Күштеп ұжымдастырудан кейін елді алапат аштық жайлаған: қазақ ауылдары аштықтан қырылып, кәрінің күңкілі, баланың былдыры тұрмақ, көмек сұрап жалынған, тыс еткен дыбыс жоқ, киіз үйлер қаңырап қалған. Бойында әлі бар, жүруге шамасы келетіндер жақын маңдағы қалаларға босып кеткен, ал әл-дәрмені таусылғандар, бір Жаратқан жанын қинамай алар деген үмітпен сол жерде жан тапсырған.

Сюжет бойынша, інісі Әлімді (Сұлтан Нұрмұха) сырт көз мен аш адамдардың назарынан жасырып жүрген қабірші Исатайды  (Еркебұлан Дайыров) бастықтар Самарқантқа «аштықтан қырылып жатырмыз, көмектесіңдер, бізге астық жіберіңдер» деген хат жеткізуге жұмсайды. Исатай барғысы келмегенімен ( аштық жайлаған далада астық тасу қауіпті, оның үстіне Әлімді сеніп тасырар ешкімі жоқ) басқа амалы жоқ, келіседі.Орыс бастық Ильямен бірге (ресейлік актер Александр Паль) қауіпті де ұзақ жолға шығады. Жолай оларға қарақшылар шабуыл жасайды, біртүрлі Тепе шалды (Оңдасын Бесікбасов)  жолықтырады. Бірақ біраздан соң  бәрі  шалдан емес, басқадан қашу керек екенін түсінеді.  

Ескерту! Мәтінде спойлер болуы мүмкін.

Фильм сұрланып, күңгірт тарқан аспан кадрларынан басталады: көк жүзінде әскери ұшақтар мен жемтік іздеген құзғындар қаптап жүр, дала қанға бөккен. Камера ақырындап төмендей береді де, артқы планда біреудің мәйітін жарға қарай көтеріп бара жатқан ер адамның сұлбасы пайда болады.

Камера тіптен төмендеген кезде, көрермен жүздеген жанның: жас пен кәрі, шал мен кемпір, әйел мен еркек, нәресте мен жас балалардың мәйіті жатқан ортақ бейітті көреді. Бұл кадр нәубеттің қалай жайылғанын көрсетеді, бұлардың бәрі аштықтан қырылып қалған.

Бейіт шетінде жоқшылық қажытып, аштықтан бұратылып жас әйел тұр (Толғанай Талғат) қарнының ашқаны сонша, жолында кезіккеннің күл-паршасын шығаруға дайын Жезтырнақ сынды.

Дәл осы сәтті сипттауға режиссер 4:3 форматын таңдаған. Бұндай шешім бұған дейін қолданылмаған және өзгеше. Қазақ даласының бастан кешкендерін дәл сипаттауға бұдан асқан тәсіл таппайтын да шығарсың – бұнда қазақтың бар дүние-болмысын, оның тереңдігі мен биіктігін: талайды көрген көне шаңырақ, дала төсіндегі талай қасіретті үнсіз бақылаған алып аспан, талайды басып жатқан қара жерді көрсетуге болады. Қара жер қойнында  мұнай мен пайдалы кен ғана емес, миллондаған ашаршылық құрбанының сүйегі жатыр.

Бір қызығы, бүгінгі зумерлер квадрат пішінді инстаграмдікі деп қабылдауы мүмкін. Алайда ол  кино дәуірінің бастауын еске түсіреді. Бұл –  ұлттық кинематографияға жасы 30-ға да толмаған режиссерлердің жаңа толқыны келгенін, бірақ олардың да қазақ халқы тарихындағы ең ауыр кезең жайлы өз айтары бар екенін айқын байқататын амбицияға толы ишарат. Бұл ишарат «міне, дәл осы жерден – отандық киномотографтың жаңа дәуірі басталады» деген бастаманы білдіретіндей. Бұл кино атмосферасы мен  эстетикасы сақталған, көрерменді баурап алатындықтан, тіпті  ауыр, драмалық сюжет  те қарапайым көрермен арасында үлкен қызығушылық тудыратын уақыт. «Мыстан», «Маяк» сынды керемет фильдердің авторы, белгілі америкалық хоррормейкер – Роберт Эггерсті еске түсіреді.

Ол жайында және Айсұлтан Сейітов фильмінің  Эггерс шығармашылығымен байланысы жайлы кейінірек айтармыз.

Фолк-хоррор жанрын таңдағаны үшін Айсұлтанды мақтауға тұрарлық. Соның арқасында қазір қазақ киносында қалыпқа сыймайтын, елең еткізетін, кей жерлерде, шынын айтқанда үрей туғызатын, бірақ өзіндік ерекшелікке ие, экзотикалық және тың, өз тарихымызды таспалаған киноөнім бар.

Аштық жайлаған дала

Психологтар терең психологиялық жан жарасын қабылдау ақырындап, кезең-кезеңімен жүретінін айтады. Санаға алдымен эмоционал қабаты сіңеді, одан кейін – визуал (көрген кадрлары жан жарасын қатты тырнамай, бастан өткергендей қабылдайтын кез), сосын тағы да ондаған қабаты сіңіп, ең соңында жан жарасы жазылып, ол туралы еркін айта бастайды. Міне, Айсұлтан Сейітов ұлт жанына түскен терең жарамыздың тек  визуал қабатын сіңірді. Ашаршылық жайын қалай таспалағаны тарих оқулығына кіруі керек.

Фильмде аздап ажал эстетикасы бар, бірақ дәл осы тәсілдің арқасында Айсұлтан нағыз жанды елжіретер кинокартинада қанға бөккен даланың қайғылы бейнесін аша алған.  Ортақ бейітке тасталған, үстіне ақ ұнтақ себілген (мәйітті тез ыдыратып, зарарсыздарыну үшін себілген әкке ұқсайды) мүрделер, ажал аяқ астынан жалмаған жас балалар бейнесі, аштықтан бұратылып дала кезген ел, қаңырап қалған, қорқыныш ұялататын киіз үйлер, кеңес билігі үстем құрған жылдары салған ойранның үнсіз кәугерлері  – балбал тастар.

Ал режиссердің кинода ұлттық нышандарымыз: қазақтың сандығы, шаңырағы, қазақтың бай дастарханын қалай көрсететіні тіптен керемет.«Қаш» фильмінің керемет визуалы – қазақстандық заманауи кинодағы ең үздіктердің бірі. Бұл жерде оператор Азамат Дулатовтың сіңірген  еңбегі зор. Оны қазақтың «Эммануэл Любецкиі» деп айтудың өзі ыңғайсыз, өйткені ол қазіргі кезде қайталанбас, бірден байқалатын, далалық стилі қалыптасқан кәсіпқой.

Ашаршылық жайын айтуға қайта оралсақ, режиссер осы тақырыпты алғанымен, бұл трагедияға терең бойлап, мәнін ауызша түсіндіруге тырыспайтынын айта кеткен жөн. Сценариін дебютант Абылай Нұрмамбетов жазған, ол фильм барысындай байқалып тұрады. Кейіпкерлердің сөзі қарабайыр, арасына әзіл араластырса да, ауызекі тілде сөйлейді. Кейін ауыздан тастамай айтып жүрерлік терең мағыналы ойлар болмаса мәнді дәйексөз фильмде жоқ. Кейде не үшін екені белгісіз, экранда көрсетіліп жатқан дүниені «Әйгерім қарғыс айтып жатыр» болмаса «Тепе суға дем салып жатыр» деп түсіндіріп, жазып қойған. «Қаштың» ең әсерлі тұсы –«Әлди-әлди, ақ бөпем» деп басталатын қазақтың бесік жырының қойылуы.   Сәбиін әлдидеп отырған ана, баласын жұбатып, «жілік шағып беретінін» айтады – бала кезден естіп өскен жыр жолдары кенет жан-дүниеңді қозғайды.

Кез келген үлкен кино ондаған интерпретация беруі керек. Ал Айсұлтанның картинасында бір қаладағы бастыққа хабар жеткізуге тырысқан, бірақ жас баламен өзінің қашуына тура келген қазақ жайлы әңгімеден де терең, мәнді ой бар ма? Бар. Егер негізгі сюжет – ашаршылық жайлаған қазақ даласындағы қуғыннан тыс қарасақ,  онда «Қашты» бейнелі түрде, бүгінгі қазақ қоғамына аллегория деп айтуға болар. Аштықтан бұратылған Әйгерім  – кең даладағы ен байлықтың қызығын көре алмай отырған қарапайым халық. Исатай  – қандай елде тұрып жатқанын түсінетін және ертең не боларын түсінетін, санасы өскен жұрт. Мектепке баратын кішкентай Әлім – біздің келешек ұрпақ. Ал үлкен жол бойында өлтірмейтін, тек тонайтын қарақшылар – бүгінгігің жемқорлары немесе олигархия десек болар. Ал еш аузы жабылмайтын, қыр соңыңнан қалмайтын, қайда барсаң да қашып құтыла алмайтын қырсық шал  – біздің басқа бір атақты Атамызды еске түсіреді.

Бүкіл фильмнің өзегіне айналған «қашқын», қазақстандықтардың қазіргі шындықтан қашқаннына қатты ұқсайды: «болды, жетер, қашқаннан пайда жоқ, елді осы барымен қабылдап, бәріміз бірге елдің ертеңі үшін еңбек етейік» дейтін ешкім жоқ.

Фильмде қашып кел жатқан бас кейіпкер, ақыры шаршайтын әсерлі сәт бар. Ол балбал тасқа шалынып барып, тоқтайды. Бір сәтке кім екені, қайда бара жатқаны және арқалаған миссиясы қандай екені есіне түсіп, сезінеді. Мәселе басқада, неге жас режиссер қолынан тек қашу келетін енжар кейіпкерді таңдады? Жанр шарты сондай ма, әлде үрейді ұстап тұру тәсілі ме, болмаса жас буынның жанайқайы ма?

Картинада Александр Паль мен Варвара Шмыкованың кейіпкерлері қалай берілгеніне назар аударған жөн. Жас ресейлік актерлер «ақ құтқарушылар» кейпіндегі адамдарды ойнайды. Мысалы, Пальдің кейіпкері бірде Исатайды қарақшылардың шабуылынан қорғаса, бірде  тас үйкеп, от жағуға тырысып жатқан Әлімге қалтасынан сіріңке шығарып бере салады. Ал кинодағы рөлі үшін бір-екі ауыз қазақша жаттап алған Шмыкованың кейіпкері дала баласының сауатын ашып жүр. Біз кеңес үкіметінің жақсылығын да жоққа шығармаймыз, бірақ фильмде дәл осы кадрлар ресейлік аудитория мүддесін ескере отырып түсірілгендей көрінеді. Бір қызығы, қарақшылардың бірінің рөлінде комик Нұрлан Сабуров ойнаған, бірақ оған жақсылап грим жаққандықтан, көптеген көрермен оның фильмге түскенін тек титрдан оқып білді.

Юрий Дудьке берген сұхбатында Сейітов референс қолдануға ұялмайтынын айтқан еді. Сондықтан премьерадан кейін Эггерсті еске алмаған адам болмаған шығар. Параллель өрбитін оқиғалар расында көп, «Қаш» кейбір сәтте Эггерстің «Маяк», «Мыстан» фильмдері мен қазақ тарихының қоспасына ұқсап кетеді.

Айсұлтан «Мыстанға» ұқсас кадрларда жұмыс істегенде бәрі керемет: қазақ мыстаны асқақ, америкалық киноларда оның әзәзілдей қара бейнесі сексуалдықты ояту арқылы туындаса, мында аштық адам бойынан мыстан бейнесін оятып тұр.  Ал режиссер  «Маякқа» ұқсас тұсқа келгенде, сюжетте  біртүрлі шал пайда болып, фильмдегі ой аздап шашырай түседі. Уиллем Дефоның «Маяк» фильміндегі кейіпкері толық ашылған, жан-жақты кейіпкерді психоаналитикалық жағынан болсын, көне грек мифологиясы тұрғысынан болсын,  толық тануға мүмкіндік береді. Ал Тепе ондай емес.«Қашта» Исатайдың оған неге оқ атпайтыны да ашық түсіндірілмеген – әлде оған оқ өтпей ме?

Қаштың» дебют екенін ескере отырып, кейбір фильмдерге ұқсас сәттер мен тым ашық айтылған месседждерге (білімдінің күні жарық дегендей) мән бермесек – Айсұлтанның фильмі тамаша.  Бұл қазақтың ұлы режиссері қалыптасып келеді деген сөз. Алайда режиссерді екінші киносынан танитындықтан, Сейітов келер жолы не түсірерін күтейік.

«Қаш» фильмі 1 желтоқсаннан кинотеатрларда көрсетіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз