Балалар психологы Гүлмира Ғабитқызы: Балаға жеке тұлға деп қарау қажет

Жарияланды
Психологтың пайымдауынша,  бала нағыз тұлға болып қалыптасуы үшін оған екі сөзді айтуға болмайды

Бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар міндеті зор. Бала тәрбиесі немқұрайлықты кешірмейді. Бала адамгершілік, әдептілік, сыпайылық, тіпті өрескел мінез бен бұзақылықты да алғаш өз отбасынан сіңіреді. Бала тәрбиесіне байланысты ең қызық және пайдалы сұрақтарды балалар психологы Гүлмира Ғабитқызына қойдық.

– Баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керек?

– Ең алдымен әрбір ата-ана балаға тәрибе бермес бұрын, өзін тәрбиелеген абзал. Себебі, бала өз ата-анасының дұрыс немесе бұрыс іс-әрекетін қайталайды. Яғни, бала –ата-анасының айнасы. Біз психологтар, балаға қарап оның ата-анасының қандай екенін бірден танимыз. Ата-ана балаға әрқашан үлгі болуы қажет.

– Баланы көп еркелеткен дұрыс па?

– Ең алдымен ”ерке”деген сөзге түсінік берейін. Яғни, бұл баланың түсініксіз қылықтар мен әдептерді көрсететін іс-әрекеттері. Енді «баланы көп еркелеткен дұрыс па?» деген сұраққа тоқталайын. Әрине, барлық іс-әрекеттің шегі болғаны дұрыс, яғни ортада баланс ұстай білу маңызды. Егер баланс бұзылса, балаға теріс әсерін тигізеді. Еркеліктің шектен шығуы, баланың өскен кезде психикалық тұрғыда жүйкесі әлсіз болуына әкеледі. Еркелік екі негізгі іс-әрекет салдарынан шектен шығады. Біріншісі-шектен шыққан махаббаттан. Ал екіншісі, ата-ана мейірімін аз сезінген балада болады. Балаға «жоқ» деген соң соң, тұрақтылықты сақтау да, өте маңызды.

– Жас аналар бала тәрбиесінде жіберетін негізгі қатесі қандай?

– Жас аналардың бала тәрбиесінде жіберетін қателерін бес бөлікке бөліп қарастыруға болады:

1) Шамадан тыс қамқорлық. Балаға назар аудару, қамқор болу, оны жақсы көру, әрине әрбір ананың міндеті. Дегенмен, шектен тыс қамқорлық жасау балаға кері әсерін береді.

2)Құнсыздандыру. Бұл баланың эмоциялық реакциясына байланысты болмақ.Мысалы, баланың ойыншығы сынып қалды,бала сол үшін жыласа, ата-ана оның түкке тұрмайтындығын және басқа ойыншық сатып алып беретінін айтып, балаға өз сезімін жасыруға және оны басқа дүниемен ауыстыруға үйренеді.

3) Тұрақсыздық. Ата-ана ашу үстінде баланың ұялы телефонын тартып алып, қайтарып бермейтінін айтуы мүмкін. Бірақ, кей жағдайда өз сөзінде тұрмай, тұрақсыздық танытып қандай да шекара қойып, оны өздері бұзады.

4)Тапсырманы бала орнына орындау. Кейбір ата-аналар баланың үй тапсырмасын өзі орындап береді. Сондай-ақ, баланың достарымен арасындағы келіспеушілікті шешіп, оған араласады. Бұл жағдайда, балада өзін-өзі бағалау төмендейді және өзіне деген сенімсіздік пайда болады.

5) Баланы шектен тыс еркелету.

Егер де ата-ана балаға, сен басқалардан артықсың, ең жақсы дүниенің барлығы сенде болу қажет деп айта берсе, баланың басқаларға деген қатынасы бұзылуы мүмкін. Бала басқа адамдарды да құрметтеуге ықылас танытпайды. Сол үшін, баланы қарапайымдылыққа үйреткен жөн.

– Балаға қандай сөздерді айтуға болмайды?

– Егер де сіз баланың нағыз тұлға болып қалыптасуын қаласаңыз, балаға екі сөзді айтуға болмайды. Балаға «сенің қолыңнан келмейді» және «жұрттың баласына қарашы» деп айтуға болмайды. Себебі, бұл баланың өзіне деген сенімсіздікті тудырады. Бұл сөздер баланың тұлға болып қалыптасуына үлкен кедергі келтіреді.

– Гипербелсенді бала дегеніміз?

– Гипербелсенді бала – өте көп қимылдайтын, шаршауды білмейтін, айтқанға көне бермейтін, басқа балалардан мінез-құлы мен қимылы өзгеше бала. «Гипер» сөзі «шамадан тыс жоғары» дегенді білдіреді. Гипербелсенді баланың ата-анасы баланың күшін, яғни артық энергиясын дұрыс жаққа бұру қажет. Мысалы баланы өнер мен спортқа баулу қажет.

– Баламен сырлас немесе дос бола алмайтын аналарға кеңес?

Ең алдымен балмен сырлас болу үшін, балаға жақын болу керек. Бала мен ата-ананың арасында мықты қарыс-қатынас орнау үшін, балаға сапалы уақыт бөлу керек. Бала өзін түсініп және оны тыңдай білген ата-анасына бар қуанышы мен қайғысын бөліседі.

– Балаға анасымен қанша жасқа дейін бірге ұйықтауға болады?

Бала енді өмірге келген кезде оны бөлек жатқызып үйреткен дұрыс. Себебі, бала 2-3 жасқа келгенде ата-анасымен бірге жатып ұйықтауға үйреніп кетеді. Бала жылап, оның жүйкесі тозуы мүмкін. Сондықтан, бала туыла сала өз төсегіне бөлек ұйықтағаны абзал.

– Бала неге өтірік айтады?

– Баланың өтірік айта бастауына, ең алдымен жауапты адамдар – ата-анасы. Мысалы, ата-ана балаға қонаққа бара жатқанын айтпай, дәрігерге барамын деп жалған сөйлейді. Ол әрекеттің өтірік екенін түсінген бала, өтірік айтуды қалыпты жағдай деп ойлайды. Балада маған да өтірік айтуға болады деген ой қалыптасады. Сонымен қатар, бала қорыққанда да өтірік айтады Анам біліп қояды, ұрысады немес ұрады деп ойлаған бала жалған сөйлейді. Сондықтан, баланың жалған сөйлемеуі үшін, барынша ашық және шынайы сөйлесу қажет. Ащы болса да, шындықты естуге дайын болуымыз керек. Ата-ана мейлінше мейірім таныту керек. Бала өтірік айтты екен деп, оны жазалауға болмайды.

– Балаға қол жұмсайтын ана-аналарға кеңесіңіз?

– Баланы ұру-жағдайды жылы жауып қою деген сөз. Яғни, баланы ұрып-соғу оның психикасына кері әсерін тигізеді. Көптеген ата-аналар «бізде таяқ жеп өстік, ештеңе етпейді» деп қатты қателеседі. Бұл өте дұрыс емес іс-әрекет.  Баланы ұрған кездегі физикалық соққы емделіп кетуі мүмкін. Бірақ, жүректе қалған жара психологиялық тұрғыда ауытқушылық тудырады. Оның зардабы, өте жаман болуы мүмкін. Баланы таяқпен тәрбилеуге болмайды. Өзі жазаланған бала, өзі де жазалауға үйренеді. Атан-ананың әрбір іс әрекеті бала үшін өте маңызды. Өйткені, ата-анадан алған тәрбиені ешбір мектеп бере алмайды.

– Баланы қандай жағдайда бала-бақшаға бермеген дұрыс?

Баланы бала-бақшаға алты ай бұрын дайындау қажет. Яғни, баланы бала-бақшаға бермес бұрын, толық медициналық тексеруден өткізу қажет. Баланы бала-бақшадағы режимге алты ай бұрын дайындау керек. Бүгін шешіп, ертең бал-бақшаға апаруға болмайды. Себебі, дайындықсыз барған баланың бейімделуі өте қиын болады.

– Бала ата-анасын тыңдамаған жағдайда не істеу қажет?

–  Біз балаға команда беру арқылы өз қалауымызды істеуді талап етеміз. Мысалы, үйді жина, затты орнына қой. Бұл жұмыстар баланың ең ұнатпайтын іс-әрекеттеріне жатады. Ең алдымен, бала тыңдату үшін, дұрыс сөйлесе білу керек. Баланың жас ерекшелігіне қарай тапсырма беру қажет. Мысалы, ойыншықтарды жинайсын ба немесе тісінді жуасын ба деп, балаға таңдау құқығын беру керек. Сіз балаға ұрысу арқылы оны тыңдата алмайсыз. Ең бастысы баламен дұрыс мәмлеге келу.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз