Биылғы он айда қазақстандық банктердегі тұрғындар депозиттерінің көлемі 7,1%-ға өсті

Жарияланды
Жалпы қоржынға 974,1 млрд теңге қосылды

Ағымдағы жылдың ІІІ тоқсанындағы депозит нарығының соңғы талдауы өткен кезеңдерге тән депозиттердің өсімі жалғасып жатқанын айқын көрсетеді. 2022 жылдың ІІІ тоқсанында депозиттер нарығы инфляциялық үдерістерге және жаһандық экономикадағы серпінді өзгерістерге айтарлықтай төзімді болды. Жылдық негізде жеке тұлғалардың депозиттерінің өсу қарқыны да оң аймақта қалды. Бұл туралы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың 1 шілдесі мен 1 қазаны аралығында қазақстандық банктердегі тұрғындар депозиттерінің көлемі 7,1%-ға өсті. Осылайша, жалпы қоржынға 974,1 млрд теңге қосылды.

Жылдық салыстыруда жеке тұлғалар депозиттерінің жалпы көлемі 17,1%-ға немесе 2,1 трлн теңгеге өсті. Теріс мәндер 2022 жылдың бірінші тоқсанында ғана болды, себебі банктердің жалпы бөлшек депозиттік базасының параметрлеріне қаңтар оқиғалары, одан кейін ресейлік еншілес банктерге әсер еткен санкциялық шектеулер ықпал етті. ҚДКБҚ І тоқсанда халық депозиттері көлемінің төмендегенін хабарлаған болатын.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының әдістеме және талдау басқармасы тұрғындардың банктерге салған қаражатының үлкен ағыны (тоқсандық өсімде +34,6%) тамыз айында тіркелгенін хабарлады.

Депозит нарығының тұрақтылығын және қазақстандықтардың депозиттер көлемінің өсуімен бірге жинақ белсенділігінің артқанын айқын көрсететін тағы бір фактор – шоттар санының артуы. Осылайша, 2022 жылдың шілде-қазан айлары аралығында салымшылар сақтау және жинақтау үшін 5 миллионнан астам жаңа шот ашты. Нәтижесінде олардың жалпы саны ағымдағы жылдың қазан айының басында 120 миллионнан асты.

Үшінші фактор – қазақстандықтар жинақтарын теңгемен сақтауды жөн көреді. Қор сарапшыларының қорытындысы бойынша, ұлттық валютадағы депозиттер халық үшін тартымды болуда. Теңгедегі депозиттер қоржыны ІІІ тоқсанның деректері көрсеткендей, 7,7%-ға өссе, ал шетел валютасында – 3,3%-ға ғана (валютаны қайта бағалауды есепке алмағанда) өскен. Әлемдік экономикалық жағдайды ескере отырып, халық ұлттық валютадағы депозиттерге сенуін жалғастыруда.

Осылайша, теңгедегі депозиттік қоржынның барлық дерлік түрлері өсті. Бұл ретте мерзімсіз депозиттер бойынша өсім +13,9%, ал жинақ салымдар бойынша +1,6% құрады.

Сондай-ақ оқыңыз