Ернар Маратұлы: Жиһаз кәсібін 100 мың теңгемен бастадым

Жарияланды
Сапалы жиһазға сұраныс жоғары

Елімізде жиһаз жасау саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Алматы қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған Ернар Маратұлы. Ернар жиһазды жалғыз өзі жасайды. Көмекшілері жоқ. Кәсіпкер бір өзі айына 8-9 диванға тапсырыс қабылдайды. Ай сайынғы таза пайда 1 млн теңге. Кәсіпкердің айтуынша, тұтынушы сапалы жиһаздыі бағасына қарамайды.

– Жиhаздың қандай түрін шығарасыз?

– Қазіргі таңда мен жұмсақ жиһаз яғни, диван жасаумен айналысамын. Кәсіпті бастапқы уақытта үйде отырып істедім. Ал қазіргі кезде арнайы цех жалға алып отырмын.

– Жиhаз жасау саласымен айналысып келе жатқаныңызға неше жыл болды?

–  Осы кәсіпке келгеніме небәрі 2 жылға жуық уақыт болды. Бұл кәсіпті бастамас бұрын, басқа да кішігірім бизнестерім болды. Бірақ, жаныма жақын болғаны осы жиһаз жасау кәсібі. Бұл саланы арнайы оқып үйренген жоқпын. Тек әлеуметтік желі арқылы барлығын өзім түсініп, үйреніп алдым. Сонымен қатар, білмеген дүниелерді таныс жолдастарымнан да сұрап отырдым.

– Кәсіп ашу, оның жұмысын жолға қою қаншалықты қиын?

– Әрбір істің өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсіп ашу кезінде әрине, міндетті түрде аздаған қиыншылықтар болады. Бірақ, өз ісіне адал болып, алға қойған мақсатқа жетуді ойлау қажет. Талмай еңбек етсеңіз, міндетті түрде табысқа жетесіз.

– Осы кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?

–  Бұл кәсіпті 100 мың теңгемен бастадым. Қалтамда болған бар қаржым осы болды. Базарға барып, қажетті материалдарды алып, алғашқы диванды жасадым. 100 мың теңге  жасаған диванды, 25 мың теңгеге саттым. Сонда, бұл жерде 75 мың теңгеге минусқа кетіп, сонымен қатар, уақытым мен күш жігерім жұмсадым. Мен сол кезде жиһаз жасау нарығын дұрыс зерттеу керегін түсіндім. Базарға барып, керек затты оңды-солды ала салуға болмайтының ұқтым.

– Қазіргі кездегі жұмыс істеп отырған цех аумағы қанша кв метр?

– Біздің цехтың аумағы 285 кв метр. Жиһаз жасаған кезде үлкен, кең орын болған дұрыс. Себебі, дивандардың өзі көп орын алады. Сондай-ақ, қажетті құралдар мен станоктарға да орын қажет.

– Айына қанша қаражат табасыз?

– Бір айда жиһаз саудасынан  2,5-3 млн теңге қаржы түседі. Оның ішінде, таза маржа 1 млн теңгені құрайды.

– Бұл кәсіпті қазіргі уақытта қанша қаржымен бастауға болады?

– Егер де, өз жұмыс істейтін орныңыз болса, онда 300 мың теңгемен бастауға болады. Тапсырыс алмай тұрып, клиентке көрсететін жиһаз, яғни  сізде бір диван міндетті түрде болуы керек.

– Таргет жарнамасын қолданасыз ба?

– Иә, міндетті түрде қолданамын. Айына таргет жарнамасы үшін 150-200 мың теңге төлеймін. Өйткені, маған тапсырыс беретін жандар, менің жұмысымды әлеуметтік желі арқылы көреді. Сонымен қатар, менің негізгі мамандығым маркетолог болғандықтан, кәсіптің алға жүруінің бірде-бір себебі, дұрыс жарнама екенін білемін. Таргет арқылы клиент 100 пайыз келеді.

– Диванға кететін ең қымбат материалдар қандай?

– Диван жасауда ең қымбат дүние- поролон мен матасы. Біздегі ең қымбат мата Польша мемлекетінен келеді. Бұл мата суды сіңірмейді. Осы матадан жасалған диванды тез, күш салмай сүртіп алуға болады. Сонымен қатар, бұл мата оңай жыртылмайды.

– Жиhазға арналған матаны тағы да қай елдерден алдырасыз?

– Жиһазға қажетті материалдарды Польша, Италия, Қытай, Турция, Германия мемлекеттерінен алдырамын.

– Цехта бір өзіңізге жұмыс істеу қиын емес пе?

– Қазіргі кезде, мен жиһазды өзім жасап, оны сатып, жарнамасын да  жүргіземін. Бірақ, алдағы уақытта қасыма көмекші алу жоспарда бар.

– Жиһазды жасау үшін, міндетті түрде ағаш кесетін станок алу қажет пе?

–Жағдайыңызға қарай. Мен кәсіпті енді бастаған кезде, қолмен кесетін құрылғы пайдаландым. Бұл өте ыңғайсыз және өте көп уақыт алады. Сондықтан, ағашты кесетін станок жұмысты әлдеқайда жеңілдетеді.

– Бұл станоктың бағасы қанша?

– Бұл ағаш кесетін құрылғы 2,5 млн теңге тұрады. Қытайда жасалған.

– Кез келген адам кәсіпкер бола ала ма?

– Кез келген адам кәсіпкер бола алады. Ең бастысы – өзіне деген сенім болу қажет. Жұмысқа зейін қойып, талпыну керек.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз