Еліміздің 6 қаласында «Қайырымды такси»  жобасы іске қосылмақ

Жарияланды
Таксиден түскен ақша қайырымдылыққа жұмсалады

Тәуелсіздік күніне орай  Астана,  Алматы, Шымкент, Тараз, Орал, Ақтөбе қалаларының көшелеріне қайырымдылық таксиі жол тартпақ. Енді телефонына  «Қайырымды такси»  мобильді қосымшасын жүктеп алған кез-келген тұрғын арзан  бағаға  отандық такси шақырып, пайдалана алады. Бұл бір жағынан қауіпсіз болса, екінші жағынан халықтық жоба болмақ.  «Қайырымды жан» қоғамдық қайырымдылық қорының қызметкерлерінің сөзінше, бұдан былай әйелдерді,  балаларды тасуға  арналған такси қызметінің түрі де жұмыс істей бастайды. Ал клиенттер такси қызметіне қатысты қандайда бір шағымды тікелей қордың басшыларына хабарласып, айта алады.

 Қосымшаны жасаушы Нұрәділ Асетдиллаұлының айтуынша, такси шақыратын кез-келген адам «Қайырымды жан» деген қосымшаны жүктеп алып сол арқылы таксиге тапсырыс береді. Ал такси жүргізушілері «Қайырымды такси» дегенді жүктеп, сол жерден тіркеуден өтеді. Яғни жұмысқа тұрған кез-келген такси жүргізушісіне зейнетақы жарнасы төленіп, әлеуметтік құқықтары жан-жақты қорғалады. Жұмыс істеу тәсілдері шетелдік қосымшалармен бірдей. Қазір алты қала бойынша мыңнан артық жүргізуші тіркелген. Таксидің бағасы 400 теңгеден басталады. Әрбір шақырым 140 теңгеден есептеліп отырады. Мәселен шетелдік қосымшаларда кептелістің болуына байланысты таксидің баға саясаты тез өзгеріп тұратын болса, бұл жерде баға тұрақты болады. Бұл платформаны IT саласының 38 маманы реттеп отыр.

Ал Алматы қалалық  «Қайырымды Жан» сервисының  төрағасы:

Қазір көптеген адамдар қайырымдылық жасау үшін елден тікелей ақша сұрайды. Біздің басты мақсат-сол елден қаржы жинамай, такси қызметі арқылы пайда тауып, содан түскен ақшаны қайырымдылық қорға аудару. Бұл бизнес жоба емес. Мен IT саласының маманы болғандықтан, білімімді өз елімде жүзеге асырғым келді. Статистикаға сенсек, Қазақстан бойынша 10 мың такси жүргізушісі бар десек, соның  әрқайсысы күніне 20-25 мың теңгеден  пайда табады екен. Соның 20-30 пайызы шетелдік компаниялардың қосымшасына түседі.  Есептесек, шетелдік қосымшалар арқылы күніне 54 млн теңге шетел асады екен. Шетелдік қосымшалардан елге еш пайда түсіп жатқан жоқ.  Ал отандық қосымша арқылы такси шақыртсаңыз  такси жүргізушісіне берген ақшаның  13 пайызы ұсталады. Оның 7 пайызын біз «Қайырымды жан» қоғамдық қайырымдылық қорына аударамыз. Ол ақша жағдайы қиын от басыларға, науқастарға көмектесуге жұмсалады. Ал қалған 6 пайызды жүргізушілердің зейнетақы шотына аударамыз және офисті ұстап отыруға жұмсаймыз.

Сондай-ақ оқыңыз