Қолымыздағы телефонмен 38 түрлі қызмет алуға болады

Жарияланды
Құжаттың электронды нұсқасы қайда жарамды?

Қазіргі таңда қажет анықтамаларды Халыққа қызмет көрсету орталыңына бармай-ақ, онлайн алуға болады. Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы баспасөз қызметінің басшысы Жаңыл Амантайқызы Электрондық сандық қолтаңба мен QR код арқылы төлем жасау жайлы ақпарат береді.

– Жаңыл ханым, электрондық сандық қолтаңба дегеніміз не?

– Электрондық сандық қолтаңба – бұл электрондық құжаттың жасанды түрінен қорғауға арналған реквизит. ЭСҚ электрондық құжаттағы ақпаратта бұрмалаудың жоқтығын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қажетті құжаттармен алмасу үшін өте ыңғайлы, қазіргі заман құрылғысы.

– Электрондық сандық қолтаңбаның басымдылығы неде?

 Электрондық сандық қолтаңбаны пайдалана отырып, сіз:

  1. мемлекеттік органдардың виртуалдық қабылдауына өтініштерді жібере аласыз;
  2. үйден шықпай тәулігіне 24 сағат мемлекеттік қызмет ала аласыз;
  3. тауарлар мен және қызметтердің электронды сауда, аукциондары мен тендер кезінде ең тиімді бағаны ұсына және таңдай аласыз;
  4. Қазақстанның кез келген облысы, қаласындағы серіктестермен экономикалық операцияларды жасай отырып, өз бизнесіңізді кеңейте аласыз.

– Электрондық сандық қолтаңбаны қайдан алуға болады?

– Электрондық сандық қолтаңбаны жеке және заңды тұлғалар ала алады. Халыққа ЭСҚ берумен «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы » КЕАҚ айналысады.

– ЭЦҚ-ны қалай Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ алуға болады?

– Бұл өте оңай. Бұрын қандай да бір анықтама алу үшін ХҚО-ға бару керек болатын. Бірақ, қазір бұл қажет емес, барлығын ЭЦҚ көмегімен онлайн алуға болады.  Мен сізге қысқа нұсқаулық арқылы ЭЦҚ-ны бірнеше минут ішінде алуға айтып кетейін:

  1. eGov.kz-те «Сервистер» санатында «ЭЦҚ қашықтан алу» бөлімін таңдаңыз;
  2. «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басыңыз;
  3. «Жеке куәлік» таңдаңыз;
  4. ЖСН енгізіңіз;
  5. телефон нөмірін көрсетіңіз және веб-камера арқылы жеке тұлғанызды сәйкестендіріңіз;
  6. ЭЦҚ сақтау үшін папканы таңдаңыз;
  7. Парольді орнатыңыз;
  8. ЭЦҚ қолдануға дайын;

Бұл қадамдарды орындамас бұрын компьютерге NCALayer бағдарламасын орнатып және оның веб-камераға қосылуын тексеру керек. Сонымен қатар, қауіпсіздікті сақтау мақсатында ЭЦҚ қолданысын жыл сайын ұзартып отыру қажет.

– Қазіргі кезде «Мобильді ХҚО» арқылы қанша қызмет түрін алуға болады?

Қазіргі таңда «Мобильді ХҚО» арқылы 38 қызмет алуға болады. Тізімді әлі де толықтыру көзделген. Сондай-ақ, аталған қосымшада жылжымайтын мүлік паспортының телнұсқасын беру, баланың тууына және бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем, жерлеуге арналған бір реттік төлемдерді тағайындау, көп балалы отбасына жәрдемақы, тұрғын үй көмегін тағайындау секілді ең көп сұралатын қызметтер де бар. Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту қызметтерін де алуға болады. Ақылы қызметтерге тапсырыс беру кезінде, төлем шоты екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларына келеді. Клиент бейнеқоңырау арқылы қызмет алу барысында баж салығын бірден төлей алады. Сонымен қатар, қосымша арқылы ХҚО-на баруды алдын-ала брондауға, электронды кезек талонын алуға, сізге жақын орналасқан ХҚО мекенжайын және өзекті мәселелерді көруге болады. Қосымшаны Google Play және App Store онлайн-дүкендерден жүктеп алуға болады.

– «Мобилді азаматтар базасы» (МАБ) дегеніміз не?

«Мобилді азаматтар базасы» – барлық қызметтерді eGov.kz, eGov mobile мобильді қосымшасы және телеграм-боттан бірнеше минут ішінде алуға мүмкіндік беретін клиенттердің ұялы телефон нөмірлерінің базасы.

– ХҚО-да төлемді QR кодпен жасауға болады ма?

– Әрине, болады. Санаулы секунд ішінде төлеу – әрбір екінші қазақстандыққа қолжетімді цифрлық мүмкіндік. Мегаполистердегі QR төлемдер барлық сауда, мәдениет нысандары мен ойын-сауық мекемелерінде қолданылып жүр. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында да осындай жаңа цифрлық мүмкіндіктер енгізілген. Сонымен қатар, кассаға кезекке тұрмай-ақ, құжаттандыру қызметінің алымдарын да төлеу мүмкіндігі бар. ХҚО-да төлқұжат пен жеке куәлікті ресімдеген клиенттер мемлекеттік бажды QR кодтың көмегімен төлей алады. Азаматтарға арналған үкімет ҚР ІІМ-мен бірлесіп, көші-қон қызметі операторында отырып-ақ, төлем жасау мүмкіндігін іске асырды.

– Құжаттың электронды нұсқасы қайда жарамды?

– Цифрлық құжат дегенде, көз алдыңызға туу туралы куәлік немесе жеке басты куәландыратын құжаттың телефонға түсірілген түрі мен скриншотталған файлды елестетпеңіз. Себебі, оның ешқандай заңды күші жоқ. Құжаттың электронды нұсқасы дегеніміз — арнайы қорғанышы бар, ақпаратты оқитын мүмкіндігі бар электронды нұсқадағы құжат.  Ол файлдарды қолданушы смартфонының көмегімен үшінші бір тұлғаға жолдай алады.

Алдында атап өткендей, цифрлық құжат деген құжатыңыздың телефонға түсірілген не скриншотталған нұсқасы емес. Осыны дұрыс түсіну маңызды. Бұл сіздің жеке бас қауіпсіздігініңіз үшін керек. Айталық, егер жеке куәліктің телефондағы суреті кез келген жерге жарайтын болса, онда сізге ұқсайтын біреу сіздің орныңызға бірнеше мекемеге барып, білгенін істеуі әбден мүмкін. Ал азаматтардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, толық қауіпсіздік сыйлауы үшін осындай цифрлық құжаттарға өтіп жатырмыз. Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары аталған құжат түрін мемлекеттік қызметтер алу үшін қабылдайды. Сонымен бірге, кейбір екінші деңгейлі банктер мен нотариустер де қабылдауды бастап жатыр. Сондай-ақ, кей қалаларда әуежай мен теміржол вокзалында тіркеу барысында көрсетуге болатындай мүмкіндік ашылған. Әрине, бүкіл ел аумағында не барлық мекеме толық қабылдайды дей алмаймыз. Осы ретте ескертетін жайт, егер қағаз түріндегі нұсқасын жоғалтып алған болсаңыз, арыз жазып, жаңасына өтініш қалдырсаңыз. Бұл жерде цифрлық құжат та күшін жояды. 

– Цифрлық құжаттың қандай түрлері бар?

– Электронды үкіметтің сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, цифрлық құжаттар мемлекеттік органдардан алынған ақпараттардың негізінде жасалады. Мысалы оның ішінде:

  •   Жеке басты куәландыратын құжат;
  • Жүргізуші куәлігі;
  • Туу туралы куәлік;
  • Тегін, атын және әкесінің атын ауыстырғаны туралы куәлік;
  • Некені бұзу туралы куәлік;
  • Неке куәлігі;
  • COVID-19-ды анықтауға арналған ПТР анықтамасы;
  • Студенттік билет;
  • Оқу орнынан берілетін диплом;
  • Зейнеткер куәлігі;
  • Қандас куәлігі;
  • Көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
  • Әлеуметтік ID;
  • Вакцинация паспорты бар.
Сондай-ақ оқыңыз