Отандық сауда процестері қалай өзгермек?

Жарияланды (жаңартылды )
Маусымаралық кезеңде нарықты көкөніспен тиімді бағада қамтамасыз ету өте маңызды

Жақында Президент қатаң сынға алған тақырыптың бірі – азық-түлік қауіпсіздігін арттыру мәселесі. Бұл ретте сауда саласында бірқатар міндеттерді жедел әрі сапалы атқару өте маңызды. Сауда және интеграция министрлігі ең бірінші кезекте «форвардтық сатып алуды», тұрақтандыру қорларын пайдалану, «айналым схемасы» механизімін қайта форматтау арқылы нарықты отандық тауарларымен толықтыруды жүзеге асырмақ.

Екінші міндет – сауда сауда инфрақұрылымын дамыту;

Үшіншісі – техникалық және экономикалық тұрғыдан ішкі нарықты қорғау;

Төртіншісі – сауда желілеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету және тиімсіз делдалдарды анықтау арқылы өндірілген өнімді өткізуге жағдай жасау.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, «айналым схемасының» жаңа тәсілдеріне негізделе отырып, қант зауыттары қаржыландырып, ішкі нарықтың қажеттілігі қамтамасыз етіледі. Тұрақтандыру қорлары қызметінің форматы өзгертілді, басты назар – маусымаралық кезеңде нарықтық бағалардың маусымдық ауытқуын реттеуде.

«Біз өз көкөністерімізбен сәуір айына дейін нарықты қамтамасыз етеміз, әрі қарай шетелден ерте пісетін көкөністер жеткізіледі. Сонымен қатар 12 тауардың өзіндік құнын төмендету үшін Азық-түлік корпорациясы арқылы астық бағасы арзандатылады. Біз қазіргі заманауи сауда форматтарының үлесін 2027 жылға қарай 70 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», деді.

Бұл орайда 2023 жылға арналған Бизнестің жол картасында бірінші кезеңде несиелер бойынша сыйақы мөлшерін субсидиялау қажет. Екінші кезеңде 2024 жылдан бастап қазіргі заманауи сауда форматтарының құрылысын қаржыландырудың жеке салалық бағдарламасы қарастырылады. Сондай-ақ өңірлік деңгейде заттай гранттардың берілу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Осы жылдың соңына дейін сауда саласында мемлекеттік бақылаудың бірыңғай тетігін енгізуді көздейтін Мемлекет басшының тапсырмаларын іске асыру аясында заң қабылданбақ.

«Қазақстанда жасалған» брендімен тауарларды ерікті сертификаттаудың жүйесін құру және техникалық реттеу құралдары арқылы ішкі нарықты қорғаудың жаңа моделі әзірленді. Саудадағы техникалық кедергілер бойынша ахуалдық штаб құрылды. Импорттық өнім демпингісінен қорғау мен өз өндірісімізді ұлғайту үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ең төменгі көтерме бағаларды енгізу жөніндегі заңнамаға түзету енгізіледі», деді вице-министр.

Жақында ведомство басшысының бұйрығымен өңдеуші өнеркәсіптің отандық тауарлары мен қызметтерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Экспорт бойынша шығыстары өтелуге жататын тауарлар тізбесіне 1000-нан астам тауар позициясы, оның ішінде ұн, ет, тұз және басқалары қайтарылды.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елдің тұрақтандыру қорларының жұмысына жаңа тәсілдер енгізіледі. Атап айтқанда, фермерлерді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді көктемгі егіс жұмыстарына форвардтық қаржыландыру, қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын бөлу, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану көзделіп отыр. Бұл тәсілдер кезең-кезеңімен енгізілмек.

Бірінші кезең – фермерлерді көктемгі егіс жұмыстарына форвардтық қаржыландыру, содан кейін көкөністерді тұрақтандыру қорларына жеткізу. Қаржыландыру алдын ала бір жыл бұрын жүзеге асырылады. 2023 жылы қаражат ерте егін жинау үшін 10 қаңтарға дейін және 2023 жылдың күзгі егіні үшін 1 ақпанға дейін бөлінеді. Келесі жылдары ерте егін жинау үшін 1 тамызға дейін және сол жылдың күзгі егінінің 1 қыркүйегіне дейін бөлу көзделіп отыр. Бүгінде бұл механизм бекітілді.

Екінші кезең – шикізатты (қарақұмық, күріш, күнбағыс) сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатын форвардтық қаржыландыру. Бұл құралды 2023 жылдың наурыз айынан бастап енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың қазан айынан бастап осыған ұқсас схема бойынша қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландыру жүзеге асырылып келеді.

Үшінші кезең – субсидиялау бағдарламалары, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК АҚ арқылы арзандатылған астықты өткізу және басқалары сияқты мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктері пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, бұл макарон, нан, сүт және сүт өнімдерін өндірушілерге қатысты, бұл механизмді 2023 жылдың маусымында енгізу жоспарланған.

Тұрақтандыру қорларының жұмысындағы жаңа тәсілдер ауыл шаруашылығының дамуына және жалпы азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсер етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев атап өткендей, агробизнес Қазақстан экономикасын дамытудың тағы бір локомотивіне айналуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз