Жаңа жыл қарсаңында жұмыстан шығудың қажеті бар ма?

Жарияланды
Бір байламға келе алмай жүрген болсаңыз…

Желтоқсанда жұмыстан шығу туралы өтініш жазу дұрыс па, бұрыс па? Бұл шешімнің қандай жағымды/жағымсыз тұстары бар? Бір қарағанда жылдың соңында жұмыс ауыстыру идеясы жақсы секілді. Өйткені жаңа жылды жаңа жұмыста бастағысы келетіндер болады. Әрі атқарған ісіне қатысты қорытынды жасауға да — жақсы мүмкіндік. Сөйтіп барынша таразылып, өлшеп көреді. Құдды жаңа өмірді дүйсенбіден бастаған жақсы деген секілді ұстанымдағылар да болуы мүмкін. Дегенмен солай екен деп, бірден шешім қабылдауға асықпаған абзал. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты талдап көрелік.

Мына нәрсені ескеру керек: жылдың соңына қарай бәрі шаршайды, құлдырайды, энергиясы таусылады. Жұмыс орнынан шыққысы келетін сезімнің пайда болатыны содан. Бұл — қалыпты жағдай. Әріптестеріңізбен бір сырласып көрсеңіз, мұндай сезім сізде ғана емесін біле аласыз. Сондықтан шешім қабылдауға асықпауға шақырамыз. Өйткені ол шаршау аз уақыттан кейін басылуы ықтималы. Ал енді жұмыстан кету туралы ой сонау жаздан бері бастан шықпай жүрсе, онда мәселе басқа.

Ақпанға дейін амалдап көріңіз

Егер жұмыс ауыстыру туралы ойыңыз нақты болса, онда шыққан соң не істейтініңізді жақсылап ойланыңыз. Басқа жұмысқа кіретін болсаңыз, онда тамыз-қыркүйекте амалын ойластыра беріңіз. Өйткені жұмысқа бірден ала қоймайды. Ол процесс соншалықты тез емес. Бәлкім, аттестациядан өту керек болар. Халықаралық компанияларға орналасуды ойласаңыз, ол тіпті ұзақтау болуы мүмкін. Бәрі бір сәтте шешіле қояды деп ойлап қалып, екі ортада жұмыссыз жүріп қалмаңыз. Қаңтарда жұмыссыз қалу оңай емес. Жыл соңына қарай нарықтағы белсенділік қандай болады, соны қарап көрелік. Ол компанияның экономикалық ахуалы мен нәтижесіне тікелей байланысты. Жаңа жыл қарсаңында жұмысқа шақырту аз болуы мүмкін. Ал нарықтың «тіріле» бастайтын кезі — ақпан. Соған дейін шыдай тұрған дұрысырақ. Әлбетте, өздігіңізбен бәрін қарап, реттеп қоя аласыз. Сондықтан жұмыстан шығу туралы ойлаған адам барлық жаңа жұмыс орындары туралы ақпаратқа құлақ түріп жүруі керек. 

Сыйақылардан құр қалмаңыз

Әр компанияның сыйақы бекіту тәртібі әрқалай. Мысалы мемлекеттік мекемелерде желтоқсанда бірнеше сыйақы берілуі мүмкін. Айталық, 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне және 31 желтоқсан — Жаңа жыл құрметіне дегендей. Кей жерлерде жыл соңында берілетін премияны «13-жалақы» деп те атайды. Ал енді желтоқсанда не қарашада жұмыстан шығып кетіп, жаңа жерге кірсеңіз, сыйақы ала алмай қалуыңыз ғажап емес. Өйткені Еңбек шартында көбіне алғашқы 3 айдай мерзім сынақ ретінде саналады да, сәйкесінше сынақтан өтпейінше сыйақы жазылмайды. Осындай сәттерді назарда ұстаған дұрыс. Қаржылық жағдайды үнемі есептеп, жоспарлап жүрген абзал. Асығыс шешім қабылдауға құмар болмаңыз. Айлығы керемет жерден ұсыныс түсіп, дәл қазір ауысуға шақырып жатса да, ойланыңыз. Егер сіз шынымен құнды маман болып тұрсаңыз, жылды аяқтап, қаңтардан бастап кіріссем деген ниетіңізге көпшілігі түсіністік танытады деп ойлаймыз. Себебі бонустар мен сыйақылар мәселесі маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Қандай жағдайда кете беруге болады?

Бонус пен сыйақы қарастырылатын кездерді айттық. Ал енді сіз істейтін жерде ешқандай мұндай қосымша ақы қарастырылмаған болса, онда жыл соңын күтудің еш керегі болмайды. Сондықтан жаңа жұмыстан ұсыныс түссе, кете беруге әбден болады. Желтоқсанда шықсаңыз, бір ай ұжымға үйренісіп, жұмыс барысымен танысасыз. Сөйтіп алдағы жылға жоспар құрып, бекітесіз. Әрі жаңа жылда ұжыммен кеш ұйымдастырылатын болса, тіпті жақсы. Танысып, жақынырақ араласуға осындай тимбилдиң қажет-ақ. Жұмыстан тым атмосфераның әсері бөлек. Сондықтан жаңа жылдық корпоративке міндетті түрде қатысыңыз. 

Әдетте желтоқсанда компаниялардың дені review жасайды. Бұл дегеніміз — қорытынды жасау. Мүмкінікдіктерді талқылап, бюджетті жоспарлап, бекітеді. Жыл қалай өтті, келесі жылы нені ескеру керек — соны талдайды. Сондықтан қабылдап алатын компания кандидаттың офферді қазіргі компаниядағы мүмкіндіктерді шолып шығып, талқылауға мүмкіндік беретін жол деп қарастыратынын жақсы түсінеді. Демек, бір жерден шақырту түссе, сол істеп жатқан жеріне айтып, жалақысын көтеріп алу, қызметте өсіру дегендей шараларды жасатып алуы мүмкін. Осындай қатерлерді өлшей келе, көпшілігі мұндай уақытта оффер бермейді. Тіпті жұмысқа шақырса да, он ойланып барып істейді.

Ескеру керек бірнеше жайт

  • Біріншіден, неге жұмыстан дәл қазір кеткіңіз келетінін ойланып алыңыз. Таразылап, сараптап шығыңыз. Өйткені себебіне тереңінен үңілмесеңіз, жұмысқа жаңа ұсыныс түскенде «Мына шешімім дұрыс па? Шынымен жұмыстан шыққым келе ме? Әлде жай ғана аздаған шаршау ма?» деп екіойлы боласыз. Сондықтан нық шешім қабылдау маңызды. Жаңа жұмыс іздеуге итермелейтін импульс бекерден бекер туындамайды. Яғни мұның астарында әлдебір себеп бар деген сөз. Бәлкім, мотивация жеткіліксіз болды, қандай да бір көңіл толмау болды, қазіргі компанияда карьералық өсу жетпеді — осы сынды түрлі себеп жататыны анық. Сол себепті ең бірінші қадам ретінде осы себептерді анықтаудан бастаған абзал. Уақытша шаршау болатын болса, оны шешудің жолын іздеңіз. Демалыс алып көрсеңіз болады. Ал енді нақты осы жұмыс, осы компаниядан қажыған болсаңыз, демек кету керек. 
  • Себебін анықтап болдық. Енді осыдан соң, өзіңізге не керек — соны іздеу керек. Бұл жерде бәрін қамтуға тырысыңыз: жұмыс істегіңіз келетін сала, мансап жолындағы өсу, қандай жалақы алғыңыз келеді. Осы мақсаттарды шегелеп алу аса маңызды. Өйткені алдыңызда күтетін дүниелерді неғұрлым анық көрген сайын, ойыңыздан шығатын, арманыңыздағы жұмысты табу ықтималы артады. Басыңызды артық ойдан арылтып, дұрыс бағытта жылжыған дұрыс. 
  • Келесі үшінші қадам — іздеу стратегиясын жасау. Бір қарағанда жұмыс іздеу — методикалық процесс. Яғни headhunter секілді ресурстарға кіресіз, өзіңізге керек жұмысты іздейсіз. Дегенмен осы ретте есте ұстау керек дүниелер бар. Мысалы түйіндемеге мән беріңіз. Тәжірибеңіз, позицияңыз — бәрі маңызды. Ішіндегі ақпараттарды жаңартыңыз, ұсыну тәсілін заманға сай лайықтаңыз. Жұмыс беруші сіздің бэкграунды көрген бойда «шалқасынан құлайтын» болсын. Әрине, өтірік жазуға болмайды. Істей алмайтынды істеймін деп қоюға әсте болмайды. Әйтсе де, білетініңізді дұрыс көрсете білу де — өнер. Жақсы жұмыс табу үшін сізге жақсы түйіндеме керек. «Туған жылы, мекенжайы, жұлдызнамасы» деген сыңайдағы «тозған» түйіндемеден аулақ болыңыз. Одан гөрі айтарлықтай импакт байқалған жетістіктеріңізді теріп, өзіңіздің мықты маман екеніңізді көрсетіңіз. Интернетте әдемі шаблон да, не жазу керегі жайлы да ақпарат жетіп артылады. Бір қарап шыққан артық болмас. Егер жетекші маман позициясында болсаңыз, рекрутиң компанияда істейтін кеңесші таныстарға жүгініп көрген жөн. Сонда сіздің сұранысыңызға сай дүние тезірек табылуы мүмкін. Айлығы аз, жүктемесі оған сай емес өзге жұмыс берушілер қайта-қайта хабарласып, мазаңызды алмайды. Қазір бетпе-бет қана емес, әлеуметтік желілер арқылы да байланысып, тілдесе береді. Бұған дейін онлайн-сұхбаттасу туралы да жазған едік. Қажет болса, мына сілтеме арқылы шолып шықсаңыз болады. Әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздың сілтемесін, ең жақсысы — Linkedin профайлыңызды көрсетіп қойыңыз. Әрине, сілтемесін салған соң ол жерде қызмет бабына қатысты жазып тұрғаныңыз дұрыс болады. 
  • Төртіншіден, жаңа жұмысқа ауысқанша жоспардағы жобаларды аяқтап, жаңа қызметкерге табыстап үлгересіз бе — соны бағамдап алыңыз. Ең жиі айтылатын кеңес: жұмыстан шығатын кезде айқай-шусыз, ұжыммен береке-бірлікте кеткен жөн. Бұл өте маңызды. Өйткені бір салада жүргендіктен, «тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам кездеседі» деген бар. Осы сөздің рас екенін айтқымыз келеді. Жақсы қарым-қатынаста аяқтаған дұрыс. Мысалы, сізді бір компания шақырды, бірақ жұмыстарыңыз әлі аяқталмай жатса, оны оффер жіберген тарапқа түсіндіріп көріңіз. Әріптестеріңізді олай қиын жағдайда қалдырған жөн емес. Тіпті осы себепті айтсаңыз, жаңа компания сіз туралы өте жағымды ой қалыптастырып, жауапкершілігі жоғары қызметкер деп көруі мүмкін. Сондықтан жарты жолдан тастап кетуге болмайды. Екі жақты да риза ететіндей амалын қарастырыңыз. Алтын аралығын табуға болатынына сенімдіміз. Бастысы, осы шешімнің дұрыс-бұрыс екенін жақсылап таразылап, сенімді болсаңыз жеткілікті.  
Сондай-ақ оқыңыз