Жаңа жылдық дастарханға айлығыңыз түгел кетпесін десеңіз…

Жарияланды
Мерекеге дұрыс дайындалу тәсілдері

Жаңа жылдық дастарханның шығыны көп екені белгілі. Содан кейін азық-түлік алмайтындай жарты айлықты, тіпті одан көп бөлігін жұмсап жатамыз. Осы ретте үнемдей отырып, жақсы отырыс ұйымдастыру туралы айтқымыз келіп отыр. Бүгінгі материалымызда шығынды азайту және жаңа жылға бір апта қалғанда қандай әзірлік жасаған жөн екенін талқылаймыз.

Жаңа жылдық дастарханда ескеру керек жайттар

Әлбетте, шығынды азайтудың бірден-бір тәсілі — аз тамақ істеу. Дегенмен жаңа жыл секілді отбасылық мерекеге келгенде көбіміз аянбай, барымызды саламыз. Сөйтіп қаңтарда «қайыршының» күйін кешудің аз-ақ алдында қалуымыз да мүмкін. Шын мәнінде, дастарханды толтыру міндет емес. Бірер салат пен тіскебасар, бір ыстық тамақ пен сусын жетіп жатыр. Кейбірі дастархан бос тұрмасын деп көп желінбейтін, арзан тамақ қояды. Олай істемеген жөн. Одан қайта бәрі сүйіп жейтін түрлерін жасаңыз. Бұл жерде маңыздысы — жақындардың жиналуы, жылға қорытынды жасау, көңілді отырыс ұйымдастыру. Сондықтан мәзірді алдын-ала дайындауға кеңес береміз. Қай тамақ қанша көлемде жасалады, не аласыз, не пісіресіз — бәрін жоспарларыңыз. Көз өлшемге сеніп тым көп жасап қоюыңыз мүмкін. Сөйтіп бір шелек салатты ертесіне қоқысқа тастап жатуыңыз ғажап емес. Неғұрлым оңай рецептілер таңдаңыз. Бұл өзіңізге жақсы. Уақытты ғана емес, бюджетті де сақтауды ойлаңыз. Сұмдық аспаздық қабілетті талап етпейтін, қарапайым бірақ дәмді тамақ істеңіз. Ал енді қалай да таң қалдырамын десеңіз, ыстық тамаққа күш салыңыз. Жаңа жыл күні көп шығынға ұшырататын келесі нәрсе — сусын мен ішімдік. Мерекеде міндетті түрде алкоголь ішіп, жуу керек деген заң жоқ. Яғни ішпесе де болады. Тіпті ішпесе болмайды десеңіз, көп алмаған жөн. Ол денсаулыққа да зиян, қалтадан да қатты қағады. Негізі жаңа жылдық шығынның әжептәуір бөлігі ішімдікке кетеді. Сондықтан осыдан үнемдесеңіз, ұтасыз. 

Егер достарыңызбен бірге отырамыз деп шешсеңіздер, онда әркім бір-бір тамақтан әкелетін болып келісіңіздер. Кім қандай тамақты алатынын өзара шешсеңіздер болады. Бұл ретте шығын мен әзірлеуге кететін уақыт жөнінен әділ бөлінгені маңызды. Яғни біреу дайын торт алып оңай құтылып, екіншісі таңертең ерте тұрып нан ашытып, бауырсақ пісіріп жүрмеуі керек. Отырыс кімнің үйінде болатын болса, сол адамға жүктеме көбірек болатыны белгілі. Сондықтан ол адамды тамақтан босатса тіпті жақсы. Сол күні ол үй жинап, дастархан жаюға әзірленсе жеткілікті. Мереке таяғанда азық-түлік қымбаттайды. Халықтың ақшаның бетіне қарамастан тамақ алатынын дүкен иелері жақсы біледі. Сондықтан жаңа жылда алынатын тауарлар бағасын аспандатып қояды. Осыны ескере келе, біраз нәрсені алдын-ала алып қоюға кеңес береміз. Мерзімі ұзақ сақталатын заттарды алып қойыңыз.

Мерекеге бір апта қалғанда не істеу керек?

Дастархан мәзіріне қатысты бәрін айтып болсақ, енді өзге де әзірлікке көшелік. Ас бөлмеңіздегі керек-жарақты бір шолып шығыңыз. Блендер, ет тартқыш, қасық-пышақтарды түгендеп, қарап шығу керек. Жартылай дайын өнім жасап қойған дұрыс. Алдын-ала әзірлеп, қатырып қоюға болатындарын бір апта бұрын жасап қойсаңыз, өзіңізге оңай болады. Мысалы, печеньенің қамырын, фарштан жасалған тамақтар, манты және т.б. Сусындарға арналған мұзды да қатырып қойыңыз.

Жаңа жылға үш күн қалғанда не істеу керек?

Десертті әзірлеп бастауға болады. Печенье мен кекстердің дәмі бұзылмайды. Мысалы, кей торттар тоңазытқышта тұрған сайын дәмдірек бола түседі. Зімбір қосылған пірәндік істеу жоспарыңызда болса, үш күн қалған кірісуге әбден болады. Үстелге қоятын ыдыстар мен шанышқы-қасықтарды шығаратын кез келді. Көптен қолданылмаған болса, кейбірі шаң басып қалуы мүмкін. Сол үшін алдын-ала ашып, қараңыз. Сүртетінін сүртіп, жуатынын жуып қойыңыз. Дәл жаңа жыл күні қапылмас үшін осы дұрыс. Сондай-ақ, дастарханыңызды да шығарыңыз. Матадан жасалған болса, үтіктеп қойсаңыз болады. Майлықтарды да дайындаңыз.  

Ертең жаңа жыл! Не істейміз?

Салатқа арналған көкөністер, жұмыртқаларды пісіріп, дайындап қойыңыз. Араластырып салатын үлкен табақтарды шығарыңыз. Турауға кіріспес бұрын тақтайдың астына ылғал жұқа сүлгі төсеп қойыңыз. Сонда тайғанамайды. Крахмалы бар, пышақтың жүзіне жабысып қала беретін көкөністер турап жатқанда арагідік пышақты жуып отырыңыз. Сонда оңай туралады. Үккіш секілді бүкіл керек-жарақты пайдаланыңыз. Егер салаттың балғын күйде сақталғанын қаласаңыз, оларды ет, жұмыртқа, сүт және балық өнімдерімен араластырмаңыз. Дастарханға қояр кезде бір қосқан жөн. Ал енді бірнеше қабаттан тұратын салаттарды араластырып қою керек. Сонда жақсы сіңіп үлгереді. 

Етті маринадтап қою керек. Әсіресе, үлкен тілім еттен жасалатын тамақ істейтін болсаңыз, бір күн бұрын дайындаған абзал. Ал жұқа тілім не жас ет болса, бір тәулік маринадтамаған жөн. Өйткені қышқылмен әрекеттескенде жас еттің дәмі нашарлайды. Дәмдеуішті көбірек, ал лимон шырыны сияқты қоспаларды азырақ қосқан дұрыс. Балық істейтін болсаңыз, онда дәмдеуішті дәл пешке салар кезде қосыңыз.  

Кешкісін мұздатқыштағы заттарды шығарып қойыңыз, ери берсін. Сусындарды қатырып қойған болсаңыз, оны да шығарып қойыңыз. Салқын жерге апарып қойған дұрыс. Ең абзалы — жаңа жыл күніне жоспар жасау. Сонда әлденені ұмытып кетем деп уайымдамайсыз. Асығып жүргенде көпшілігі біраз нәрсені естен шығарып алып жатады. Жоспар жасап, тізімді ас бөлмесіндегі тоңазытқышқа іліп қойсаңыз болады.

31 желтоқсан күні не істеу қажет?

Бұл күні ыстық тамақ істеп, тіскебасарлар мен салаттарды қоямыз. Бас тамақты пісірерден бірнеше сағат бұрын ет не балықты мұздатқыштан шығаруыңыз керек. Сосын әзірлеуге кірісесіз. Пешке салып қойған кезде салаттардың шаруасын реттей берсеңіз болады. Дастарханды сәндейтін кез келді. Үлкен тәрелкелерге салуға әдеттеніңіз. Сонда уақытыңыз да азырақ кетеді, жуатын ыдыс да көп болмайды. Әркімнің алдына керегін салып алатын тәрелке қойсаңыз, қоқысқа кететін тамақ та аз болады. Ыстық тамақты сол пешке салған қалыппен бергенде тұрған ештеңе жоқ. Бәліштерді де солай. Ыдыстарды тау қылып үйе бермеңіз. Бұл асүйдің сәнін кетіріп қана қоймай, өзіңізге көп күш түсіреді. Сондықтан салатты араластырып болсаңыз, ыдысын бірден жуып тастаңыз. Бұл мерекелік көңіл-күйге де әсер етеді. Кім де болса жаңа жылды шашылған үйден бастағысы келмейді. Сондықтан дастарханды жинап, бір демалған жөн.   

Қонақ шақыру көп күш талап ететіні белгілі. Сондықтан тамақ әзірлеуді барынша жеңілдетуге кеңес береміз. Ол үшін көмек сұрауды үйреніңіз. Отбасы мүшелері, тіпті достарыңыздан болса да қол ұшын беруді сұраңыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірлесе отырып мерекеге дайындалу уақытты да үнемдейді, араларыңызды да жақындата түседі. Өйткені бір іске жұмылған кезде ортақ әңгіме көбейеді. Келетін адам көп болса, әрқайсысы қолына бірдеңе ұстап келсін деп тапсырма берсеңіз де болады. Жұмысыңызды жеңілдету үшін дайын тамақ алдыру, кемінде жартылай дайын өнімдерді пайдалануды ар көрмеңіз. Келген қонақ «мынаны өзі істеді ме, әлде тапсырыс бере салды ма?» деп сынамайды. Сынаған күннің өзінде ол — олардың ғана мәселесі. Өзіңізге қолайлы нұсқаны таңдаңыз. Бәрін болмаса да бірнешеуін алдырып, қолыңызды босатыңыз. Супермаркеттерде де дайын өнімдер болады. Болмаса, көршілеріңіздің арасында тамақ сататын, торт пісіретіндер бар шығар? Бағасы да, сапасы да көңілден шығатын жер табыңыз да, соларға тапсырыңыз. «Өзім пісірмегенімді біліп қоймасын» деген уайымнан арылыңыз. Қонаққа шақырып, сыйлап отырғаныңыздың өзі құрметке лайық. Осыдан кейін күн жоқтай шаршамаңыз. Дайын тамақ алмаймын десеңіз, кемінде жартылай дайын өнімдерді алдырып көрсеңіз болады. Туралған көкөністер, қатырылған тамақтар, маринадталған ет және т.б. Араластырып, қосатынын қосып, пешке сала салатындай шаруа қалдырсаңыз болады. Бұл сіздің қолыңызды біршама босатады, күмәніңіз болмасын.

Қонақ шақыруға қатысты ойыңызға өзгеріс енгізіп көріңіз. Негізі достар мен жақындардың басын қосудағы басты мақсат — бірлесіп көңілді уақыт өткізу. Барлығын тамақ жеумен шектемеңіз. Сіздің жылы шырайыңыз, ақ пейіліңіз дастарханның салмағынан әлдеқайда басым тұруы керек. Бәлішті қалыппен қойғаныңыз үшін сынамауы мүмкін. Ал бәрін өзіңіз істеп, шаршағаннан қабағыңыздан қар жауғаны үшін қонақтардың көңілі толмауы ғажап емес. Сондықтан барлығын дастарханға әкеп тіремеген дұрыс. Салат дұрыс туралмады дегендей уайымнан арылыңыз. Бәрі идеал болмаса да, бастысы — көңіліңіз. Сондықтан барынша шын ниетпен шақырыңыз.   

Сондай-ақ оқыңыз