Қоғам

Әлем елдеріндегі шайпұл мәдениеті

Көрсетілген қызметке қалай алғыс айту керек?

Көрсетілген қызметке риза болып, шайпұл қалдыру мәдениеті Батыс елдерінде кең тараған. Ал Қазақстанда көбіне бұл ақы 10-12 пайыз мөлшерінде чекке қосылады. Егер қызметі көңілден шықпаса, әкімшілікпен сөйлесіп, сыздырып тастауға болады. Дегенмен қазақстандықтардың басым көпшілігі бұған бас қатыра бермейді. Осы ретте әлемнің өзге елдеріндегі шайпұл мәдениеті туралы айтайық.

Шайпұл беру қайдан шыққан?

Аталған дәстүр Англияда XVI ғасырдан бастау алған деседі. Ағылшындарда шай ішу мәдениеті жақсы қалыптасқан. Сол заманның өзінде ол шй ішуге барып, қонақтар қожайынның үйіне қонып қалса, қызметшілеріне ақша тастап кетеді екен. Сөйтіп осы «дәстүр» бүгінде күллі әлемге тараған. Әр елде көлемі әр түрлі. Корнель университетінің қоғамдық тамақтану менеджменті профессоры Майкл Линн былай дейді: «Зерттеулерге сүйенсек, экстраверсия бойынша жоғары бағаға ие ұлттар шайпұлды көбірек береді». Шайпұл туралы Линн өте көп зерттеген. Оның айтуынша, ұлттық сипаттан бөлек, еңбегі үшін қосымша бағалау жүйесінің өзге де себептері бар екен. Соның ішінде әлеуметтік нормалар, жалақыдағы айырмашылық, тұрып жатқан еліндегі қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы беру дәстүрі бар. Одан бөлек, шайпұл жүйесіне өзге қалыптасқан мәдениеттің де әсері болуы мүмкін. Айталық, Америкада тұрып келген адамдар өз еліне қайтқан соң да АҚШ-тағыдай шайпұл қалдыратын әдет қалыптастырады дегендей. 2016 жылы жасалған зерттеу нәтижесінде осындай қорытынды шыққан. «Қосымша ақы беру тәжірибесі экономикаға тікелей байланысты екені сөзсіз. Десе де, мұның түбінде әлеуметтік норма жатыр» дейді Пенсильвания университетінің халықаралық қатынастар саласының профессоры Эдуард Мэнсфилд. Жоғарыда айтқан зерттеудің жасаған да — осы кісі. 

Линн профессордың айтуынша, бізге шайпұл қалдыруға міндеттейтін бірнеше нақты себеп бар екен. Мысалы, бірі келесі келгенде де жылы қабақ танытсын деп мотивация бергісі келеді, енді бірі өте жоғары дәрежеде қызмет көрсеткеніне ризашылығын білдіру мақсатымен береді, келесі бір адамдардың типі айналадағыларға жақсы көріну үшін істейді. Десек те, Линн жасаған зерттеудің нәтижесі бойынша, ең маңызды фактор — қалыптасқан ережені бұзбау және жан-жақтағылардың сынына қалмау. Шайпұл қалдыруға итермелейтін себептер біздің қашан және қандай қызмет үшін қосымша ақы беруге дайын екенімізді көрсетеді. Мәселен, өзінің әлеуметтік статусын растау үшін шайпұл қалдыратындар қосымша ақы тастау онша қалыптаспаған жерлерде, айталық автомеханик немесе мал дәрігеріне де ризашылық білдіруі мүмкін. Ал енді персоналға шынайы рақметін айтқысы келетіндер барлығына бірдей шайпұл қалдырады екен. Шайпұл беру міндетті деген жерлерде ғана төлейтіндер де болады. Кей елдерде, мысалы Қазақстанда шайпұл ақысы чекте көрсетіліп тұрады. Біздегі көлемі 10-12 пайыз шамасында болса, кей жерлерде 20 пайызға дейін жетеді. Олай көрсетіліп тұрса, негізі келушілер одан да қосымша қалдыруға онша ниет танытпайды. Өйткені онсыз да төлеп жатыр. Сол үшін де чекте белгілі бір үлесі көрсетілетін елдерде шайпұл қалдырмауы мүмкін. Жалпы бұл практика дұрыс па, бұрыс па? Бұған нақты жауап беру қиын. Линн профессордың сөзіне сүйенсек, ол қай тұрғыдан қарастырғанға байланысты. Яғни шайпұлға тыйым салса, мемлекет одан ұтады. Өйткені шайпұл — көлеңкеде қалатын, салық ұсталмайтын табыс. Сол жағынан алып қарастырса, мемлекетке шайпұлдың чекте көрсетілгені жақсы.

Шайпұл туралы білуіңіз керек ережелер

Шайпұлды қай елде жүрсеңіз, соның жергілікті валютасымен қалдыруыңыз керек. Бұл сол елге деген құрметіңізді көрсетеді. Қолма-қол ақшамен берген дұрыс. Әрине, кей мейрамханаларда қаласаңыз чекке қалаған сомаңызды қосып, картадан шешіп алуға мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен жүгіріп жүріп қызмет еткен, жайдары даяшы ол соманы алмауы да ғажап емес. Өйткені картадан шешілген ақша көбіне ортақ кассаға саналады да, сіздің нақты сол адамға бергеніңізді ешкім қарап жатпайды. Сөйтіп соңында ол ақша даяшыға берілмеуі мүмкін. Басқа елге бара қалсаңыз, жергілікті тұрғындардан шайпұл мәдениеті туралы сұрастырыңыз. Өзі туралы қызығушылық туындаса, кім болса да қуана-қуана әңгімелеп береді деп ойлаймыз. Сапарлас бола қалсаңыз, кей айтарыңызды білмей, жол қысқартуға ниетті болғанда осы тақырыпты қозғап көрсеңіз болады.  

Қандай ньюанстар бар?

Еуропада әр елде шайпұл көлемі әр түрлі. Мысалы Ұлыбританияда стандарт шайпұл әдетте 10 пайызға жуық, ал көршілесі Ирландияда — 12-13 пайыз. Әрі бұл жақта ол шотқа қосып әкеледі екен. Бұл елде барменге шайпұл беруге болмайды. Ешқашан шайпұл ұсынбаңыз. Оның орнына «сізге сусын әперейін» десеңіз дұрысырақ. Таяу Шығыс елдерінде 15 пайыздық шайпұл көбіне чекке қосылып келеді. Бірақ сонда да персонал қосымша «бакшиш» беріп қалар ма екен деген үмітпен тұрады екен. Азияда шайпұл мәдениеті аса дамымаған. Әрине, турист көп жүретін жерлерді, лакшери сегментті қоспағанда. Жапонияда шайпұл беруді мәдениетсіздік деп қабылдаса, Қытайда тіпті заңда тыйым салынған. Аустралия мен Жаңа Зеланияда күні кешеге дейін шайпұл онша танымал болмаған еді. Тіпті шайпұл алғанын көрсе, қызметкерді жұмыстан шығарып жіберетін болған екен. Дегенмен уақыт өте келе ол ереже өзгерген. Яғни бұрынғыдай берген адамның әдепсіздігі немесе алған адамның жағымсыз қылығы деп қабылданбайды. Әйтсе де, бергеніңізді алмауы мүмкін екенін есте ұстаңыз. Әсіресе, Жаңа Зеландияда қолыңызды қайтаруы ғажап емес.   

Қай елде қанша шайпұл беру керек?

  •       Аустрияда қалай беріледі? Мейрамханаға барсаңыз, даяшы қызметі чекке қосылады. Бірақ соманы дөңгелектеп бергеніңіз жақсырақ. Мысалы, шот 58 еуро шықса, 60 қылып беру дегендей. Барға қатысты да дәл солай. Қонақүйге барғанда жүгіңізді тасып берген адамға әр сөмке үшін 1 еуродан деп есептеледі. 
  • Францияда қалай беріледі? Мейрамханаға барғанда шотты әкелген кезде service compris деген жазу көрсеңіз, бұл шайпұл беру міндетті емес дегенді білдіреді. Әйтсе де, француздар көбіне үстіне 10 пайыздай қосып береді. Ал барларда шайпұл берілмейді. Такси қызметіне келсек, сапар сомасының 10-15 пайызы, әуежайдан не әуежайға жеке трансфер 10-20 еуро шамасында. Негізі автокөліктің класы мен күтетін уақытына байланысты. Қонақүйде әр сөмкеге 2 еуродан есептеледі. Ал бөлме тазалықшысына — 1-2 еуро, мейрамханадан үстелге резерв жасап бергені үшін консьержге — 10-15 еуро.    
  • Италияда қалай беріледі? Мейрамханада әдетте шайпұл шотқа қосылып келеді. Ал егер қосылмаса, онда соманың 10 пайызын берген жөн. Барға ұсақ тиындар қалдырсаңыз болады. Мысалы қайтарған ақшаның тиындарын. Таксиге келсек, жүргізушілер шайпұл күтеді. Оны жол ақысын талқылағандай алдын-ала шешіп алған жөн. Қонақүйде жүгіңізді кіргізіп бергенге, консьержге бірнеше еуродан бересіз.   
  • Испанияда қалай беріледі? Мейрамханада көбіне 5-10 пайыз шамасында. Барға қатысты айтсақ, бір сусынға 20 центтей. Таксиге мінгенде соманы дөңгелектеген жөн. Қонақүйде сөмкелерді тасығаны үшін бір сөмкеге — 1 еуро, бір тәулікке тазалықшыға — 1 еуро, тамақ пен сусынды бөлмеге дейін жеткізіп бергені үшін 1 еуродан береді. 
  • Грекияда қалай беріледі? Мейрамханада егер шот қатты қымбат шықпаса, онда 10 пайызын береді. Көлемді сома шыға қалса, 5 пайызын береді. Барға қайтарған ақшаның тиынын беруге болады. Таксиге отырғанда шайпұл беру міндетті емес. Бірақ соманы дөңгелектеп берсеңіз қуанады. Күндізгі сапар кезінде жеке жүргізушілерге 20 еуро қосып берсе, топтық экскурсияда адам басына 4-6 еуродан беріледі. Қонақүйде жүгіңізді көтерген адам әр сөмкеге — 1 еуро, бір тәулікке тазалықшыға — 1 еуро. Ал консьержге кейде ғана қалдырады. Үлкен көмегі тиген жағдайда дегендей. 
  • Біріккен Араб Әмірліктерінде қалай беріледі? Мейрамханаларда 15-20 пайыз шамасында төленеді. 7 жұлдызды қонақүйлердің мейрамханасына барғанда шайпұлды алдын-ала беру мәдениеті бар. Шамамен 50-100 доллар. Мұндай ресторандардағы бір тамақтың құны 200 доллардай болады. Таксиге мінгенде сапар құнын дөңгелектеңіз. Ал күндіз жеке жүргізушімен жүргенде эквивалент — 5 доллар. Қонақүйде әр көрсеткен мықты қызметі үшін консьержге 30-35 доллардан деп есептеледі. Мысалы көбіне орын бола бермейтін мейрамханадан үстелге брон жасап бергенде. Спаға барғанда жұмсаған сомаңызға қарай берсеңіз болады. Айталық, 5-20 дирхам.
  • Катарда қалай беріледі? Егер қызмет көрсету ақысы чекке қосылып келмеген болса, онда 15-20 пайыздай. Ал енді қосылса, онда — 10-15 пайыздай қосып берсеңіз болады. Қонақүйлердің мейрамханасында шайпұл қалдыру міндетті емес. Бірақ қалдырсаңыз, қуанып қалады. Таксиге мінгенде бір сапарға 5-10 риалдай. Қонақүйде швейцарға — 10-20 риал, тазалықшыға бір күнге — 10 риал. Спаға барғанда шамамен 10-20 риал қалдырған жөн.   
  • Иорданияда қалай беріледі? Мейрамханада қызмет ақысы шотқа қосылып келеді. Даяшыға қаласаңыз, 5-10 пайызын қосып берсеңіз болады. Таксиде сапар құнының 10-15 пайызын, күндізгі тур кезінде жеке жүргізуші алсаңыз онда 30 доллардай қосыңыз. Қонақүйде бір сөмкеге 1 динардан деп есептеген жөн. Тазалықшыға тәулігіне — 1 динар. Егер алдағы уақытта консьерждің көмегі керек болады деп ойласаңыз, онда алдын-ала төлеп қойған абзал. Сонда жақсы қызмет көрсетіп, алуы қиын билеттер мен брон жасауды қатырады.