«Әйелі күйеуінен көп табады»

Жарияланды
Мұндайда қуанған жөн бе?

Патриалхал көзқарас басым қоғамда әйелдің күйеуіне қарағанда көбірек ақша табуы мәселе саналады. Сондай-ақ, «әйел үйде отыруы керек», «әйел басшылық қызметте болмағаны жөн» деген пікір де қатар жүреді. Бүгінгі материалымызда әйелдің көбірек тапқанына қуанудың бірнеше себебін мысалға келтіреміз. Яғни неліктен әйелдің жалақысы жоғарырақ болғанында тұрған ештеңе жоқ? Осы сауалдың төңірегінде талдап көрелік.

Көбіне әйел күйеуіне қарағанда көп айлық алса, ондайда өзі қысылып, еңбегінің еленіп жатқанын, мықты маман екенін айта алмай, кейде тіпті сәйкестік, жолының болғыштығына салып жатады. Өйткені жарының эгосына тиіп кетпеу үшін осылай «алдарқатуға» мәжбүр болуы мүмкін. Жұмыс істеп жатса да, «қызметім үй шаруасына еш кедергі емес» дегенді дәлелдеу үшін екі не одан көп есе тірлік қылады. Күйеуі мойнына мініп кетпес үшін «сен мықтысың, сен үйдің малтабарысың» деп үнемі арқасынан қағып, мақтап отыруы керек. Тіпті болмаса, он жерден сұранысы жоғары маман болса да, жұмысын тастап, толықтай үй шаруасымен айналысып кетуі ғажап емес. Осының бәрі — қоғамдағы қалыптасқан пікір һәм стереотиптерге байланысты. Яғни проблеме жоқ жерден проблема тудыру десек болады. Өйткені шын мәнінде әйелдің жалақысы көп болғаны мәселе емес. Мұндайда бар болғаны қуану керек. Оның себебі де көп. Ерлерге және әйелдерге бұдан неліктен жақсы болатынын тізіп шығалық. 

Әйелі жақсы табатын ер адам неге қуануы керек?  

  1. Сіздің жұбайыңыз — ақылды әрі табанды адам. Ал ондай адаммен бір шаңырақ астында өмір сүру — бақыт. Көбіне жұмыс берушілердің басшылық қызметке ер адамды тағайындайтынын айттық. Соның салдарынан әйелдер азырақ жалақыға қанағат тұтуға мәжбүр. Ал енді сондай көзқарасы басым елде сіздің әйеліңіз жетекшілік қызметте жүрсе, демек сізге қуану керек. Ол жүзден жүйрік шықты деген сөз. Егер анау айтқандай білікті маман болмаса, оның орнына басқа бір ер адамды қоюы мүмкін еді. Ал бұл жағдайда ол талай адамды шаң қаптырғанын білдіреді.
  2. «Әйелге керегі — ақша» деген сөздің сіздерге мүлдем қатысы жоқ. Әдетте ерлер арасында осындай сөз болады. Ал енді жұбайыңыз онсыз да жақсы табатын болса, демек оның сізге деген сезімі шынайы. «Бір еркекке жармасып алайын, әйтпесе аш қаламын» деген қорқынышы жоқ адам сізбен өмір сүріп жатыр.  
  3. Уақытша жұмыссыз қалсаңыз, дүние астан-кестең болмайды. Үйде бір адам тапқан мен екі адам тапқан бірдей емес. Біреуі ғана істесе, экономикалық ахуал тұрақсыз болады. Өмірде түрлі жағдай болуы мүмкін. Мысалы, аяқ-асты жұмыстан шығып қалсаңыз, жұбайыңыз қолдаушы болады. Әрине, иығына жүк артып қойып отыра бермейсіз. Десе де, қазіргі заманда екеудің қатар жұмыс істегені жақсы. Форс-мажор кез келген уақытта болып қалуы мүмкін.
  4. Жауапкершілік екіге бөлінеді. Бір үйде бір адамның ғана табыс табуы — стресс. Өйткені алда-жалда бірдеңе бола қалса, не болары белгісіз. Мұны бұған дейін де айттық. Ал енді әйеліңіз жұмыс істеп, жақсы тапса — жауапкершілікті бір өзіңіз емес, екеуіңіз қатар аласыздар. 
  5. Дамуға молырақ мүмкіндігіңіз болады. Тең құқық бар жерде тең мүмкіндік бар. Әйел ғана өзін-өзі танып, дамуға құштар болмауы керек. Ер адам да өзін дамытуға күш салса болады. Екі жақтап жұмыс істесеңіздер, онда бұған мүмкіндік көбірек. Отбасылық өмірде жарыс көргенді қойған дұрыс. Біреуі озып, біреуі қалуы керек деген әңгіме жоқ. Одан ешкім ұтпайды. Оның орнына біріңіздің жетістігіңізге екіншіңіз шын қуанып үйренгендеріңіз абзал. Соған қарап, өзіңізде де дамуға құштарлық пайда болады. Мотивация аласыз. Бірлесе істеген дүниенің жемісін де бірге көресіздер. Сондықтан әйеліңіздің сізден көп табатынын айтуға да, айтып қалса естіп отыруға да ұялмаңыз.     
  6. Қымбат сыйлық аласыз. Әйеліне кейінгі үлгідегі смартфон немесе бренд сөмке алып беріп, өз туған күнінде шұлық не қырынуға арналған жинақ алатындар аз емес. Ал әйелі жоғары жалақы алатындар құнды сыйлық алады.

Әйелге қандай плюстері бар?

  1. Ақылына көркі сай әйел екеніңіз анық. Жоғары жалақы алатын қызметке тұру әйелге әлдеқайда қиындау. Сондықтан сіз таңдаулы мамансыз. Айлығыңыз көп пе — қысылмаңыз, қайта басыңызды тік көтеріп, мақтан етіңіз.
  2. Қаржылық еркіндік. Әдетте әйелді бақылауда ұстаудың тәсілі — экономикалық зорлық. Мұны көбіне абьюзер ер адамдар жиі қолданады. Жақсы жердегі жұмысынан шығарып алып не жалақысы мен позициясы төмендеу жерге ауыстырып алады. Ондағысын қамқорлыққа балап, әйелінің жағдайын ойлағандай түр танытады. Кейбірі ер адам ретіндегі рөлінің төмендейтінін айтады. Сөйтіп біржолата жұмыссыз қылып үйде отыруға көндіреді де, өзіне толыққанды тәуелді етіп қояды. Енді бір ер адамдар декретте бірнеше жыл отырғызады. Мұндайда бір емес, бірнеше бала, өзін ойлап әйел күйеуінің біраз қылығына шыдауға мәжбүр болады. Физикалық зорлық көрсетілетін жағдайдың біразына себеп болатын — осы. Ал енді жоғары жалақы алатын әйелге деген қарым-қатынас басқа болады. Сонымен бірге ол тәуелді болмағандықтан, таңдауды да еркін жасайды. 
  3. «Шұлық алуға ақша берші» деп сұрап отырмайсыз. Күйеуі шіріген бай болып, үлде мен бүлдеге ораса, тамаша. Бірақ шын мәнінде ондай жағдай жасайтындар кемде-кем. Ақшаның бетіне қарамай қарша жаудыратын ер адамды кезіктіру де екінің біріне бағына бұйырмайды. Көбі орта не одан да төмен жалақы алады. Ал енді ондай жағдайда сіздің еркелігіңіз тұрмақ, қажетіңіздің өзін өтеу оңай емес. Сол себепті жоғары жалақы алатын әйел ақшасын қалауынша жаратады, қолына қарап отырмайды. 
  4. Күйеуіңіздің жұмыссыз қалғанынан әлемнің астан-кестеңі шықпайды. Жұмыстан шығып қалса, ас-тұзсыз қалу қаупі жоқ. Ал бұл болса, жүйкені қалыпта ұстайды. Әйтпесе, жоқшылықтың зардабы сіз ойлағаннан ауыр. Сол сияқты жолдасыңыз өмірден өтсе не ажырасып кетсеңіздер де сіз балалар мен өзіңізді қамтамасыз ете аласыз. Ақша —  қауіпсіздік. Ол бар болса, эмоциялық күйзелістерді жеңілірек өткересіз. 
  5. Жақсырақ өмір сүруге ұмтыласыз. Стандарт жағдайда, әйел бірінші отбасын ойлайды. Өзін одан кейінгі орынға қояды. Сөйтіп жетпей жатса, өзі алмаса да, өзі жемесе де бала-шағасына береді. Жоғары жалақы алатын әйел болса, өзін де ойлай алады. Сапалы киім, спа-процедуралар, фитнес, уақытылы ақылы емханаларға барып қаралу дегендерді әдеттегі іс етеді. Соның арқасында өзін бақытты әрі күш-қуаты мол сезінеді.
  6. Балаларыңызға үлгі-өнеге бересіз. Анасының жақсы оқып, «Алтын белгіге» бітіргенін, магистр не доктор дәрежесі барын көрген бала өзі де соған ұқсап бағуға тырысады. Ақылды ана — ең керемет үлгі.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

 Отбасында кімнің көп тапқаны маңызды емес. Жалпы шаңырақта жоғары жалақы алатын адамның болғаны жақсы. Жынысында тұрған ештеңе жоқ. Егер әйелдің күйеуінен көбірек тапқанынан мәселе көрсеңіз, онда оның түбінде басқа нәрселер жасырынып жатуы мүмкін. Айталық мынадай:

  • Гендерлік рөлдердің сәйкес келмеуі. Біздегі қалыптасқан жүйе бойынша үйді асырайтын — ер адам, шаңырақтың ұйытқысы — әйел. Демек, ер адам көбірек табуы керек. Бұрын ер адамдар аңға шығып кеткенде әйелдер құр қол қарап отырмаған. Олар теріммен айналысқан. Енді өзіңіз қараңыз: кім үйге жиірек бірдеңе алып келді деп ойлайсыз?
  • Әділетсіздік сезімі. «Әйел мен ер тең емес. Сондықтан әйел ер адам сияқты мықты жұмыс істей алмайды». Осындай ойдағы адамға жоғары жалақы алатын әйелмен тұру қолайсыз. Олар әйел әділ жолмен жақсы қызметке келді деп ойламайды. Біреу арқылы, әлдебір жолмен тағайындалды, жалақыны да ешқандай маңдай терін төкпей алып жатыр деп санайды. Бірақ бұл қате ой. Өйткені ер адам мен әйел адамның миын қарасақ, айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ол аз болса, менструациялық цикл кезінде әйелдердің гормоны «ойнағаны» дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соғады деген ойды да ғалымдар әлдеқашан теріске шығарған. Етеккірдің когнитив қызметке еш қатысы жоқ. Демек әйел басшылық қызметті алып жүріп, команданы басқара алады. Мұндайда жынысқа бөліп жату артық.  
  • Басқара алмай қалудан қорқу. Ақша — билік. Жаһандық өзгерістерге себеп болу екінің бірінің қолынан келе қоймайды. Сондықтан тирандық ісін үйде істеген кей ер адамға оңайырақ. Бақылауда ұстап отырғандай сезім арқылы қанағаттанады. Сонымен бірге жоғары жалақы алуға ұмтылған әйелді билікті қолына алғысы келетін адам етіп елестету де осыған жатады. 
  • Күткен нәрсесі болмай қалуы мүмкін. Әдетте әйелі жұмыс істейтін ер адамдар екеуі де қатар істегенімен, жұбайы үй шаруасына үлгеруге міндетті деп санайды. Әйелі болса, «екеуміз де 8 сағаттық жұмыстан келеміз. Ол маған көмектесіп, тірлікті теңдей бөліп алуымыз керек» деп санайды. Осылайша екі ортада түсініспеушілік пайда болады. Мұндайда айғайласа бермей, ортақ шешімге келуге тырысқан жөн.
Қатысты материалдар