Алматыда жүлде қоры 1 млн доллар болатын шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Жарияланды
Чемпионат әлемнің үздік гросмейстерлерінің басын қосты

Алматы қаласында 25 желтоқсаннан рапид және блиц шахматтан әлем Чемпионаты басталды. Жүлде қоры 1 млн долларды құрайды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлайды.

Чемпионат 25-30 жетоқсан аралығында Балуан Шолақ спорт және мәдениет сарайында өтеді. 50 мемлекеттен келген шахматшылар чемпион атағына таласады. Турнир ФИДЕ аясында өткізіледі.

Чемпионаттың ашылуында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып берді. Президент өз хатында қазақстандық шахматшылардың жетістіктеріне тоқталып, «олардың жетістіктері жас ұрпақты спортпен шұғылдануға шабыттандыратынын» атап өтті.

176 ойыншы ашық турнирлерге қатысады. Әйелдер турниріне 98 шахматшы қатысады.

Чемпионаттың жеңіске үміткерлері: қазіргі әлем чемпионы Магнус Карлсен (Норвегия, желтоқсандық тізімдегі рейтингі 2859, Хикара Накамура (АҚШ, 2768), Фабиана Каруана (АҚШ, 2766), Ян Непомнящий (FIDE, 2793), Аниш Гири (Нидерланд, 2764), Александр Грищук  (ФИДЕ, 2745), Шахрияр Мамедьяров (Әзірбайжан, 2740), Ян-Кшиштоф Дуда (Польша, 2729), Юй Янъи́ (Қытай, 2728), қазіргі чемпион Максим Вашье-Лаграв  (Франция, 2737 – Блиц) және тағы басқа атақты шахматшылар.  

Әйелдер арасында Александра Горячкина  (ФИДЕ, 2584), Катерина Лагно (ФИДЕ, 2563), Хампи Конеру (Үндістан, 2572), Тан Жонгуй (Қытай, 2518), Нана Дзагнидзе (Грузия, 2517), Харика Дронавали (Үндістан, 2507), Жансая Абдумалик (Казақстан, 2496), Сарасадат Хамедальшарьех (Иран, 2490), Антоанета Стефанова  (Бұлғария, 2442), қазіргі чемпиондар Александра Костейнюк (ФИДЕ, 2520 – рапид) және Бибісара Асаубаева  (Казахстан, 2440) сияқты даңқты спортшылар және де басқа да мықты шахматшылар ойнайды. 

Ашық чемпионатқа қатысу үшін рейтинг 2550 кем болмау керек, әйелдер арасында 2250 кем емес. Сонымен қатар қазіргі ұлттық чемпиондар рейтингтен тыс, ФИДЕ президенті тарапынан 10 номинант, ұйымдастырушылар тарапынан  15 номинант (ашық турнир) және 10 номинант (әйелдер турнирі үшін) қатыса алады. 

Ticketon.kz мәліметі бойынша. чемпионат билеті үш мың теңгеден басталады. Ойындар 26 және 27 желтоқсанда сағат 15:00-де, 28 және 29 желтоқсанда 14:00 және 15:00-де, 30 желтоқсанда сағат 20:00-де өтеді.

Ticketon.kz сайтында телефон және басқа да электр құрылғыларымен кіруге қатаң тыйым салынғаны жазылған.

Чемпионаттың бас серіктесі – Freedom Broker компаниясы, ол толығымен жүлде қорын қамтамасыз етті. Сонымен қатар серіктестер арасында Lancaster Group, Shokan Ualikhanov School, казақстандық стартап Chess Legends, су өндіретін Turan компаниясы және «Тиолайн» кәсіпорны бар.

Сондай-ақ оқыңыз