Аян Мырза: Ақылды үй әр отбасының қауіпсіз де қолайлы өмір сүруін қамтамасыз етеді

Жарияланды
Болашақта бәріміз “ақылды үйде” тұрамыз

Қазіргі  таңда әртүрлі жоғары технологиялық құрылғылардың көмегімен адам өмірі жеңілдеп жатыр. Сол технологиялық құрылғылардың бірі – «ақылды үй». Аян Мырза – жеке кәсіпкер. Аян Алматы энергетика және байланыс университетінде электроэнергетика мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі кезде«Smart Light» және «Smart Control» ақылды үй жүйелерінің негізін қалаушы.

Фото: Аян Мырза

– Аян, компанияңыздың басты мақсаты қандай?

– Компаниямыздың миссиясы – ақылды жүйе арқылы әр отбасының қауіпсіз және қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету.

– Бұл кәсіпке келуіңіздің негізгі себептерін айтып өтсеңіз?

– Бірнеше жыл мемлеткеттік қызметте және үлкен ірі энергетикалық компанияда бас маманнан басқарма басшысына дейін жұмыс істедім. Бірақ жеке кәсіп бастау әрқашан ойымда жүретін. Кәсіпті баспалдақтарға «ақылды» жарық қоюдан бастадым. Бұл кәсіп түрі, елімізде жоқ сала болғандықтан, үлкен сұранысқа ие болды. «Smart Light» деген атаумен бренд қалыптастырып, университетті бірге бітірген группаластармен команда жинадық.  Содан ақылды жүйелерге қызығушылығым артып, Түркия еліндегі осы саламен айналысатын компанияларды зерттеп келдім.  Дамыған мемлекеттердің барлығында дерлік «ақылды үй, кеңсе, ғимарат» жақсы дамыған, Тұрғындары да соған үйренген. Ал бізде бұл бағыт артта қалғандықтан, дамыту мақсатында осы салаға бет бұрдым. Қазіргі таңда «Smart Control» деген жаңа бренд қалыптыстыру жолындамыз.

– Негізінен «ақылды үй» дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтып кетсеңіз…

– Ақылды үй дегеніміз – заманның талабына сай үйдегі, кеңседегі, үлкен ғимараттардағы кез келген инженерлік жүйені (жарық, газ, су, жылу, ауа алмасу, терезе, бейнебақылау) автоматтандыру. Осы жүйелер адам қатыспай, белгіленген бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл жүйелерді қашықтан әлемнің кез келген жерінен, қолыңыздағы  үялы телефон арқылы, тіпті дыбыстық команда арқылы басқаруға болады. 

– Осы кәсібіңізді бастағанда алғашқы инвестицияға қаншы қаражат құйдыңыз?

– Шетелдік ақылды үй жүйелерін сатумен айналысатын компания диллері болу үшін 3 млн қаражат жұмсадым. Осылай кәсіп бастадым.

– Бір тұрғын үйге ақылды үй жүйе орнату қанша теңге тұрады? Сонымен қатар, жүйені бір үйге  қанша уақытта орнатып бересіздер…

– Бұл тапсырыс берушінің талғамына, яғни қандай жүйені басқарғысы келетініне және үйдің көлеміне байланысты есептеледі. Орта есеппен алсақ, 500 мың теңгеден басталады. Ал жүйе орнатуға келетін болсақ, тапсырыс берушінің құрылыс қарқынына байланысты. Сым арқылы жүргізілетін ақылды жүйелерді орнатуға 1 аптадай уақыт кетеді. Сымсыз ақылды жүйені орнатуға 1-2 күн қажет.

– Еліміз бойынша бұл салада бәсеке жағы қалай?

– Қазақстанда бұл саламен кәсіби түрде айналысатын компаниялар өте аз. Ал бәсеке тіпті жоқ деп айтуға да болады.

– Бәсеке аз болса, сұраныс жағы қалай? Тапсырыс көп жағдайда қандай мекемелерден түседі…

– Сұраныс бизнес және комфорт санатындағы ғимарат салатын құрылыс компаниялар тарапынан өте жоғары. Ал жеке үйлерге ақылды жүйелерді орнату бойынша  тек ірі қала тұрғындарынан сұраныс бар.

– Кәсіптен табатын табысыңыз қанша? Мысалы бір айда…

–  Ақылды үй жүйесі арқылы «Smart light» брендімен баспалдаққа ақылды жарық қойып, айына 10 млн теңге айналым жасадық. Ал «Smart Control» ақылды жүйе саласын енді дамытып жүрміз. Үлкен құрылыс компанияларынан тапсырыс алу жоспарымызда бар.

– Бұл саланы бастау үшін міндетті түрде ІТ маманы болу қажет пе?

– Міндетті түрде тек ІТ маманы немесе электрик болу қажет деген қағида жоқ. Осы кәсіпті техникалық білімі бар кез келген адам бастай алады.

– Ақылды үйдің артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Бұл саланың ең басты артықшылығы – оның болашағы зор. Бәске аз, ал сұраныс көп. Кемшілігі жоқ, тек үйренуге біршама уақыт жұмсау керек. «Ақылды үйлерде» тұру қазір бәріне қолжетімсіз болғанымен, болашақта бұл үйреншікті жағдайға айналады.

– Ақылды үй жүйесін орнатуға қандай құрылғы қажет?

– «Ақылды үй» жасау үшін бірнеше құрылғылар қолданылады. Олар басқарушы контроллер және датчиктер.

– Орнатылған жүйені қалай басқаруға болады?

– Сіздің үйге кіргеніңізді, тіпті үйге көлігіңіздің жақындағаны туралы хабар алып, үйдегі жүйелер (жарық, терезедегі перде, қақпаның ашылуы, т.с.с) өздері іске қосылатындай етіп жасай аламыз. Демек белгіленген бағдарлама бойынша, ұялы телефон арқылы, дыбыстық команда арқылы, кез келген жерден қашықтан  басқаруға болады.

– Ақылды үй жүйесін тек тұрғын үйлерге орната ма?

– Қазіргі кезде тек тұрғын үйлер, кеңселер және ғимараттар (қонақ үй, мейрамхана, т.с.с) тапсырыс береді. Бірақ, болашақта ақылды жүйелерді ауыл шаруашылығын автоматандыруға қолдану жоспарымызда бар.

– Бұл бизнесте қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

– Қазіргі уақытта командамызда 10 адам қызмет атқарады.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз