Мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласына инвестиция екі еседен астам өсті

Жарияланды
Мазмұнды журналист
Инвестицияның 62%-ы республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етілді

Биылғы қаңтар–қазан айларында мемлекеттік басқару және қорғаныс, сондай-ақ міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 93,3 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан құндық мәнде 2,4 есе артық. Инвестицияның нақты өсімі 2,2 есе.

2021 жылдың осы кезеңінде керісінше 29,4% төмендеп 39,6 млрд теңге болған.

Өңірлер бойынша секторға салынған инвестицияның ең көп көлемі Түркістан облысына тиесілі: 24,5 млрд теңге, ақшалай өсім — 5,4 есе.

Үздік үштікке сондай-ақ елорда (23,3 млрд теңге, жылдық өсім — 2,4 есе) және Алматы (15,9 млрд теңге, жылдық өсім — 4,3 есе) қалалары кірді. Ең төменгі көрсеткіштер жаңадан құрылған Ұлытау облысында тіркелді: 16,7 млн теңге.

Инвестицияның ең көп жылдық өсімі Түркістан облысында байқалса, ең көп азаю Солтүстік Қазақстан облысында (89,8%, 115,4 млн теңгеге дейін).

Қаржыландыру көздері бойынша күрделі салымдардың 62,1%-ы республикалық бюджеттен қамтамасыз етілді: 58 млрд теңге — бір жыл бұрынғыдан 4,8 есе артық.

Жергілікті бюджеттен 28,4 млрд теңге (бір жылда 9,6% көбейген) түсті, банктік емес қарыз қаражат есебінен 5,6 млрд теңге (бір жыл бұрынғы 3 млн теңге болған), кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен 1,4 млрд теңге (18,6% азайған).

Сондай-ақ оқыңыз