Қазақстанда экономикалық өсім неліктен төмендеп кетті?

Жарияланды
Инфляцияны ауыздықтау мүмкін бе?

Жыл басталғалы инфляцияны ауыздықтау мүмкін болмады. Қазір жылдық инфляция деңгейі 19,6 пайызға жетті. Инфляция өсімін сауда орындарынан анық сезінуге болады. Оны тежеудің амалы ретінде Ұлттық Банк 5 желтоқсан күні базалық ставканы 16,75 пайыз деңгейінде бекіткен еді. Экономикалық өсімнің ендігі ауаны жайлы сарапшылар түрлі пайым айтады. Биылғы 11 айда экономикалық өсім 4,6-дан 2,7 пайызға төмендеп кетті.

Қазақстандағы «Экономикалық зерттеулер институты» сарапшыларының айтуынша, экономикалық өсімнің құлдырап кетуінің басты себебі – инфляцияның ырық бермей өсуі. Тауар жеткізу тізбегінің бұзылуы кәсіпорындар шығынын арттырды, ал бұл өз кезегінде жылдық инфляцияның өсіп, ЖІӨ-нің құлдырауына әкеліп соқты.

«Геосаяси дағдарыс басталғалы бері инфляция 3,3 пайыздық тармаққа ұлғайды. Бұл ретте ЖІӨ-нің де үлкен өсімге ие екенін байқаймыз. Бұл 2021 жылдың басында экономикамыздың әлі де ковидтік шектеулер құрсауында екендігін білдіреді, нәтижесінде өндіріс төмен көлемде болды. Әрі қарай, өндіріс көлемі өскен кезде, экономика өсімі баяулап қалды. Өйткені өзінің қалыпты қарқынына жақындаған еді.

Инфляция соңғы 14 жылда болмаған биігіне жетті – жылдық 19,6 пайыз. Оны төмендету үшін қандай шаралар қабылдау керек? Жоғарыда айтылып өтті, басты себеп – геосаяси тәуекелдердің жүзеге асырылуына және күшеюіне байланысты жаһандық тауар жеткізу тізбегінің бұзылуы. Соның салдарынан тауар бағасының өсімі қазір көптеген ел үшін рекордтық межеге жетті.

Қазақстанда бағалардың сақталуына және тұрақтылығына Ұлттық Банк жауап береді. Олар жылдам өскен инфляцияға жауап ретінде 2022 жылдың наурызында базалық пайыздық мөлшерлемені шұғыл түрде 10,25-тен 13,5 пайыздық тармаққа дейін көтеріп тастады. Бұл шара инфляцияны наурызда біршама тежеуге мүмкіндік берді және ол базалық ставкадан төмен деңгейде қалды.

Қысқа мерзімді перспективада Үкімет инфляцияға өте тиімді әрі нақты әсер ете алмайды. Ал ұзақ мерзімді перспективада экономиканы әртараптандыруға және экономиканы мейлінше жоғары қосылған құны бар тауарлар мен қызметтер өндірісіне икемдей алады.

Осыған байланысты халықтың инфляциялық дағдарысқа барынша сезімтал топтарын қамтитын азаматтардың жаңа санатын анықтау қажет. Олар үшін қажетті азық-түлік пен азық-түлік емес тауарларды сатып алу бойынша арнайы қызмет ұйымдастыруға болар еді. Шағын және орта бизнес ашу үшін кедергілерді азайтып немесе жою керек. Бұл орайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің алдында монополиялық келісімдердің жолын кесу міндеті тұр. Келешекте экономикалық өсімді өрістету үшін шағын және орта бизнеске қазірден бастап жайлы жағдай жасауымыз керек.

Үкімет, Ұлттық Банк және Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігінің қабылдаған шаралары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша баға өсімін тежеуге бағытталған. Бұл тікелей түрде азық-түлік және азық-түліктік емес тауарларға әсер етуі тиіс. Осы орайда әлем экономикасы сияқты Қазақстан экономикасы да пандемия дағдарысынан соң өсе бастайды деген жоспар болды. Тауарлар тізбегі бұзыла қоймас деген үміт болған. Алайда Ресейге қарсы енгізілген санкциялар аталған жағдайға кері әсер етті, соның салдарынан қабылданған шаралардың нәтижесін көре алмадық.

Алайда, егер осы шаралар 2021 жылдың күзінде және 2022 жылдың қасында қабылданбаған болса, онда біз қазір тауарлар мен қызметтердің бұдан да жоғары инфляциясына куә болып отырар едік. Мысалы, отын-энергетикалық ресурстар бағасына мораторий 2022 жылдың тамызына дейін жалғасты және тамызға дейін инфляция баяу өсті, бірақ 2022 жылдың қыркүйегінен бастап инфляция өсімі ай сайын 1 пайыздан жоғары болып келе жатыр. Бұл бұрын қабылданған инфляцияға қарсы шаралар кешенінің тікелей оң әсерінің дәлелі.

Қабылданған шаралар жұмыс істеді, бірақ жаһандық инфляция дауылының салдарынан ол шаралар жеткіліксіз болып қалды. Оған себеп – 2022 жылы болған, ешкім болжап біле алмаған геосаяси фактор» дейді «Экономикалық зерттеулер институтының» сарапшылары.

Қазір біздің алдымызда экономиканы әртараптандыру мүмкіндігі тұр. Қазақстан шетелдік компаниялар релокациясын белсенді қолдай бастады. Бұл өз кезегінде қазақ жерінде шетелдік айтулы компаниялар өндірісінің ашылуына себеп болмақ. Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақтағы геосаяси ахуалды шиеленістіріп, жеткізу тізбектерін бұзды, бірақ бір жағынан Қазақстанның экономикалық мүмкіндігін белгілі бір деңгейде кеңейтті. Мұны Қазақстан өз пайдасына жарата алуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз