Биылғы 1 қарашада экономикаға берілген несие 21,5 трлн теңгеге жетті

Жарияланды
Мазмұнды журналист
Бұл былтырғыдан 24,9% көп

Несие беру объектілері бойынша неғұрлым елеулі өсімді азаматтардың тұрғын үй салу және сатып алу сегменті, яғни ипотекалық сегмент көрсетті: бір жылда бірден 44,8% көбейіп, 4,6 трлн теңгеге жетті. Бір жыл бұрын экономикаға берілген барлық несиенің 18,4%-ын ипотека құраса, қазір оның үлесі 21,4%.

Одан кейін азаматтардың тұтынушылық қажеттіліктеріне арналған несиелер: мұнда портфельдің жылдық өсімі 25,2%-ды құрап, 7,3 трлн теңгені құрады, ал сегмент үлесі бір жылда несиенің жалпы көлемінің 33,9%-дан 34%-ға дейін өсті.

Сонымен қатар, бір жыл ішінде кәсіпкерлерге айналым қаражатын толтыруға берілген несие 5,7% өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. Сегмент несие нарығының 15%-ын алып жатыр, бір жыл бұрын 17,7% еді.

Негізгі қорды сатып сатып алуға берілген несие сегментінде жылдық динамиканың өсімі іс жүзінде байқалмады, ал басқа керісінше төмендеді: жаңа құрылыс пен жөндеуге берілген несие 7%, бағалы қағаздарды сатып алуға берілген несие 15% төмендеді.

Несие портфелінің сапасына келетін болсақ, жалпы экономикаға берілген несиелер бойынша мерзімі өткен несиелердің көлемі 649,7 млрд теңгені құрап, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3% көбейді. Алайда оның көлемі өскенімен, жалпы берілген несиелер ішіндегі оның үлесі төмендеді: 2021 жылғы 3,6%-дан биылғы 1 қарашада 3% болды.

Несие беру объектілері бойынша ипотекалық сегмент портфель өсімінің флагманы ғана емес, сонымен қатар сапа стандартына айналды. Біріншіден, несие нарығындағы мерзімі өткен несиелер көлемінің жалпы ұлғаюы аясында мұнда мерзімі өткен несиелер сомасы бір жылда бірден 22,4% азайып, небәрі 33,6 млрд теңгені құрады. Екіншіден, азаматтардың тұрғын үй құрылысы мен үй сатып алуына берілген несие портфеліндегі кешіктірудің көлемі бір жыл бұрынғы онсыз да елеусіз 1,4%-дың орнына биыл тіпті 0,7% болды.

Азаматтарға тұтынушылық несиелер сегментінде жағдай басқаша: мұндағы кешіктірілген төлем бір жыл ішінде 29,2% өсіп, 261,8 млрд теңгені құрады. Дегенмен, былтыр несие портфеліндегі оның үлесі 3,5% болса, биыл аз ғана көбейіп 3,6%-ды құрады, бұл соншалықты қауіпті көрсеткіш емес.

Айналым қаражатын толтыруға берілген несиелер сегментінде мерзімі өткен несиелер көлемі 10,6% азайып, 135 млрд теңге болды, ал портфельдің үлесі бір жыл бұрынғы 5%-дан биыл 4,2%-ға дейін төмендеді.

Қатысты материалдар