Қоғам

Қашықтан істеудің кереметі мен кері әсері

Кімге жұмысты онлайн істеген қолайлы?

Жұмысты қашықтан істеу форматы біреуге ұнайды, біреуге қолайсыз. Расында, дистанстан істегеннің жақсы тұстары да, кемшіліктері де жоқ емес. Осы ретте артықшылықтары мен кемшін жақтарына тоқталайық. Соған қарап, әркім өзіне ыңғайлы жағын таңдай алады.

Қандай плюстері бар?

  1. Жұмысқа бармайсыз. Сәйкесінше, автобус күтіп тұрмайсыз, такси шақырып жүрмейсіз. Көпшілікті қажытатын кептелістің де сізге қатысы болмайды. Таңертеңгі сегіз бен кешкі бестен кейінгі уақытта бәрі жұмысқа барып, қайтып жатады. Сондықтан дәл осы уақыт көбінің жүйкесіне тиеді. 08:30-да автобусқа міне қалсаңыз, қабағы қатулы, ұйқысы қанбаған, құдды өміріне өкпелі секілді көрінетін адамдарды көп көресіз. Осы нәрселерден құтылу үшін үйден істеу — керемет шешім.
  2. Уақыт үнемдейсіз. Біріншіден, қашықтан істейтіндер жұмысқа шығарда суға түсіп, күтім жасап, боянып жүру деген шаруаны қаласа ғана жасайды. Одан бөлек, жұмысқа баратын уақытты да жоғарыда айттық. Екіншіден, күйзелістен ғана емес, өзіңізді сағаттап жолда жүруден де құтқарасыз.  Орта есеппен жұмысқа баруға 30 минут кетеді десек, ол екі ортада босқа өткен уақыт болады. Ал енді үйден істеген адам осы жарты сағатты таза ауада жүріп қайтуға, жүгіруге, жаттығуға арнай алады. Болмаса, асықпай таңғы асын ішеді. Яғни пайдалы нәрсемен айналысуға мүмкіндік мол болады. 
  3. Ақша үнемдейсіз. Бұл да — анық нәрсе. Автобусқа күнделікті төлеу, такси ақысы, тіпті болмаса бензинге ақша жұмсамайсыз. Әлбетте, үйден шығуыңыз керек болатын кездер болады. Бірақ біз жұмысқа баруды назарға алып отырмыз. Көпшілігі жұмысқа деп арнайы киім алады, ал сізде ондай міндет жоқ. Түскі ас кезінде жұмыстан тамақтанатындарда шығын көп. Қашықтан істейтіндер үйден іше береді. 
  4. Қолайлы. Шырттай болып киініп, галстук тағып жүруге міндетті емессіз. Үйде өзіңізге ыңғайлы киімді киіп алып, шашыңызды тарамасаңыз да өзіңіз білесіз. Жұмысқа құлқыңыз болмаса, көрпеге оранып, жатып қалсаңыз да еріктісіз. Мұндай нәрсе жақсы болғанымен, әдетке айналдырмаған жөн. Себебі бұл — жаман әдет, жұмыс өнімділігіне әсер етеді.
  5. Жұмыс уақытын ыңғайыңызға қарай бекітесіз. Фрилансер не бизнес иесі болсаңыз, қай уақытта жұмыс істегіңіз келсе, өзіңіз білесіз. Тіпті кей компаниялар штаттағы қызметкерлеріне қолайлы жұмыс кестесін жасап алуға рұқсат береді. Мысалы сіз түнде өнімдірек істеуіңіз мүмкін. Ал таңертең ерте тұрғанды жек көресізү мұндайда фрилансер болғанның артықшылығын сезуге болады. Сонымен бірге аяқ-асты шаруа шыға қалса, емханаға не салонға бару керек болса да, бара бересіз.
  6. Отбасыға көбірек көңіл бөле аласыз. Жұмысқа барып-келуге кететін уақытта енді жанұяңызға арнасаңыз болады. Достарыңызбен отырыстарға да уақыт көп. Балаңыздың сабағы түстен кейін болса, жұмысыңызды сол уақытқа қойып, таңертең сапалы уақыт өткізсеңіз болады. Сондай-ақ, балаларыңызды мектептегі іс-шараларынан да қалмайсыз. 
  7. Жұмыс атмосферасын өзіңіз жасап аласыз. Өзіңізге ұнайтындай етіп қоясыз. Үйден істеген ұнамайтын болса, ноутбугыңызды құшақтап, қалаған кофеханаңызға бара саласыз. Болмаса, саябақ не коуоркиң орталықтарға кетіп қаласыз.
  8. Күйзеліс азырақ. Расында қашықтан істегенде стресс деңгейі төмендейді. Кептелістерден ғана құтылмайсыз, сонымен бірге күйзелісі көп ортада отырмайсыз. Төбеңізден төніп тұрған бастық жоқ, бір тапсырманы орындап жатқанда телефонмен бар даусымен сөйлесетін әріптес жоқ, әлденеге келіспей, қызыл кеңірдек боп ешкіммен сөз таластырмайсыз. Демек, қашықтан істейтін жұмыс жүйкеңізді сақтайды.
  9. Еркіндік. Әлдебір компанияда істеп, барып-келіп жүргенде ондағы қалыптасқан ереже мен тәртіпке бағынуыңызға туар келеді. Ал енді үйден істегенде бәрін өзіңіз реттейсіз. Жұмысыңыз бен нәтижеге өзіңіз ғана жауапты боласыз. Ал адамға маңызын сезіну өте жақсы құлшыныс сыйлайды.
  10. Үйдің пайдалы тамағын ішесіз. Иә, бұл да — плюс. Өйткені жұмыста жүргенде сырттан тамақтану немесе фаст фуд жей салу, болмаса тіпті тамақ ішпей жүре беру деген нұсқалар болады. Ал үйден істегенде тәбетіңіз тартқан тамақты өзіңіз істеп іше аласыз. Пайдалы әрі жаңа піскен тамақ жейсіз. CoSo Cloud жүргізген зерттеу нәтижесінде сауалнамаға қатысқан фрилансерлердің 42 пайызы дұрыс тамақтанып жүргенін айтқан. 
  11. Жаттығуға көп уақытыңыз болады. Үйден істейтіндер спортпен көбірек айналысады. Өйткені онда уақыт бар. Ал офиске ерте барып, кеш қайтатындар жаттығуға уақыт таппауы мүмкін. Бұдан бөлек, күні бойы үйде отыра бергенде адам далаға шыққысы, көбірек қозғалғысы келіп тұрады. Сол үшін де жүгіріп, йогамен айналысатындардың дені — қашықтан істейтіндер.
  12. Жұмыс пен жеке өмір арасында баланс бар. Қашықтан істейтіндердің көбі өзіне уақыт бөлуге мүмкіндік барын айтады. Отбасыңызбен қалаған жерге барып, ойнап, күле аласыз. Бұл нәрсе сіздің жақсы жұмыс істеуіңізге кедергі келтірмейді. Өйткені бәрін өзіңіз реттеп, қолайыңызға қарай қоясыз.  
  13. Денсаулығыңыз жақсарады. Жұмысқа баратын, қайтатын кез, одан қала берді әріптестермен келіспеушіліктер — күйзеліске әкеп соғады. Ол болса, ұйқыға кері әсер етеді. Үйдің пайдалы тамағын жеп, спортпен шұғылданып, отбасымен сапалы уақыт өткізген адамның денсаулығы да жақсарады. Ондай адам бақытта бола түседі. Айтпақшы, тағы бір зерттеуде қашықтан істейтіндер офис қызметкерлеріне қарағанда азырақ ауыратыны дәлелденген. Олардың салауатты өмір салтын ұстанғандары ғана емес, аз адаммен араласып, түрлі микроб пен бактериядан алшақ болатындары да әсер етеді екен. 
  14. Салық мәселесі. Бұл бәріне бірдей келе бермеуі мүмкін. Әйтсе де, плюстерінің ішінде бар. Яғни жекелеген жағдайлар мен тұрғылықты жерге байланысты. Егер сіз әлемнің кез келген бұрышынан жұмыс істей беретін мүмкіндігі бар адам болсаңыз, дижитал көшпенділер секілді шетелдік табыстан салық төлемейтін елдерге кетіп қалсаңыз болады.

Қандай кемшіліктері бар?

  1. Әлеуметтік изоляция. Кей адамдар ортамен араласып, күнде көрісіп жүргенді жақсы көреді. Ондайларға қашықтан істеу қиын. Әрине, арагідік онлайн видеокездесулер, жиналыстарға қатысасыз. Бірақ уақытыңыздың басым бөлігінде үйде боласыз. «Шай ішіп қайтайық» деп әріптестермен шығып кете салмайсыз, әлденені ақылдасып, сөйлеспейсіз. Соған байланысты қашықтан істеу форматы әлеуметке тәуелді адамдарға сәйкес келмеуі мүмкін.
  2. Бір қалыпқа түсу қиын. Жұмыс істейтін де, тұратын да жердің бір болғаны кей адамға ұнамауы мүмкін. Өйткені бұл жағдайда жұмыс пен демалыс арасындағы шекара бұзылады. Жұмыс уақыты бекітілмегендіктен таңға дейін жұмыс істеп, жұрт оянып жатқанда ұйқыға кетіп жатуыңыз мүмкін. Құдды бүкіл өміріңізді жұмысқа арнап жатқандай сезініп кетуіңіз де ғажап емес. Жұмысын қатты жақсы көретіндерге бастапқыда бәрі керемет болып көрінеді. Бірақ баланс ұстанбасаңыз, қажып, эмоциялық «жануға» жол бергеніңізді өзіңіз де сезбей қаласыз.
  3. Ойыңызды бөлетін нәрсе көп. Үйден істегенде назарыңызға басқа жаққа бұратын нәрсе көбейеді. Кір машинаны қоса салу, дүкенге бару, үй жинау, сүйікті сериалыңыздың жаңа бөлімін қарау және т.б. Бұл болса жұмыс өнімділігіне әсер беруі мүмкін. Қашықтан істегенде адамға тәртіпке бағынатын қасиет аса қажет. Яғни жұмыс істеп жатқанда басқа жаққа алаңдамауды үйреніңіз. Ішкі тәртіп маңызды. Бағынбасаңыз, екі ортада не жұмыс дұрыс жүрмей, не өзге шаруаларыңыз аяқталмай қалуы мүмкін.
  4. Жұмыс өнімділігіне кері әсері. Жоғарыда айтқандай, назарыңызды алатын нәрсе көп болған сайын, бұл сіздің жұмыс өнімділігіңізге тікелей әсер етеді. Бәрін қадағалап тұратын бастықтың болмағаны күшті. Бірақ кей адамдар сондай бақылауды қажет етеді. Яғни өнімді жұмыс істеу үшін біреу төніп тұруы керек, қысым керек. Әйтпесе, «езіліп» кетуі мүмкін.
  5. Салауатты өмір салтын ұстанбауыңыз да мүмкін. Плюстерінде денсаулықты реттеуге болады дедік. Дегенмен бұл әр адамның өзіне байланысты. Яғни негатив әсері болуы да ғажап емес. Қалай десеңіз, айтайық. Кей компаниялар қызметкерін ойлап, отыратын орындығын арнайы алдырып, денсаулыққа зиян тимейтін түрлеріне қаржы құяды. Ал үйден істегенде сіз жұмыс зонасына мән бермеуіңіз мүмкін. Соның салдарынан бел, мойын, арқаңызды қисайтып, денсаулығыңызды құртып аласыз. Ал жатып алып істеу — тіпті зиян. Арасында жүріп қайтып, таза ауаға шықпай үйде отыра берсеңіз де болмайды.
  6. Кеңседегідей әсер жоқ. Иә, хат алмасып, видео арқылы жиналысқа қатысасыз. Дегенмен кей адамдарға көзбе-көз түсіндіріп, сөйлескен ұнайды. Яғни байланыстың шектеуі келіссөзге әсер беруі мүмкін.
  7. Жұрт сізді «менсінбеуі» мүмкін. Бұл да бар. Өйткені «онлайн істеймін» дегеніңізді кейбірі салмақты қабылдамайды. Оларға сіз құдды жұмыссыз адамдай көрінесіз. Бәлкім, сіз кеңседегілерден маңызды әрі жоғары айлығы бар жұмыс істерсіз. Дегенмен әлі күнге дейін көбінің қашықтан істейтіндерді мойындамайтыны бар. Сондай сөздерге дайын болғаныңыз абзал.