Жер қойнауын пайдалану: Лицензия алу тәртібі жеңілдейді

Жарияланды
Геологиялық барлау саласында қандай түйткіл бар?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Геология саласын дамыту тұжырымдамасы аясында еліміздегі пайдалы ресурстарды игеруге жаңа инвестицияларды тартуға арналған шаралар туралы айтып берді. Ведомство басшысының айтуынша, 2017 жылы жер қойнауын игеру саласында жүргізілген заңнамалық өзгеріс жаңа кен орындарын ашуға және бұл бағытта инвестицияларды тартуға оң әсер етті. Атап айтқанда, «бірінші өтінім» қағидаты бойынша лицензиялар берудің жалпы тәртібі енгізіліп, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасы қабылданды, сондай-ақ лицензия беру мерзімі қысқартылып, халықаралық есептілік стандарттарына (KAZRC кодексіне) көшу бекітілді.

Мәселен, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда геологиялық барлаумен айналысатын 700-ден аса юниор компания құрылып, Rio Tinto, Fortescue және «Йылдырым» сынды әлемдік нарықтағы ірі холдингтер елімізге тартылды.

Қайырбек Өскенбаев 2018 жылдан бастап қатты пайдалы қазбаларды барлауға 1 мың 922 лицензия берілгенін, сондай-ақ кіші (юниор) компаниялардың үлесі 90%-дан асқанын жеткізді. Әйтсе де бұл амалдарға қарамастан аталған саланың тиімді дамуын тежеп тұрған факторлар да бар дейді миинстр. Сол себепті еліміздің аумағындағы жер қойнауын игеруге арналған 1,4 млн шаршы шақырымдай учаскенің тек 5% пайызы ғана лицензияланған.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, жер қойнауын игеруге инвестиция тарту үшін тиісті заңнама мен белгіленген тәртіпті барынша оңтайландыру қажет. Сондықтан Геология салаcын дамыту тұжырымдамасы арқылы жер қойнауын пайдалану бағытында лицензия алу жөніндегі тәртіпті барынша жеңілдетіп, инвесторлар мен уәкілетті органдардың арасындағы бизнес-процесті автоматтандыру, сондай-ақ қатты пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге лицензия беру процесінің «ашықтығын» қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыс қазір қолға алынды», деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар министр биыл қараша айынан бастап minerals.gov.kz жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында қанатқақты режімде лицензия беру модулі іске қосылғанын атап өтті.

Бұған қоса электронды хабарламалар бойынша арнайы функцияның жұмысы жолға қойылып, барлауға арналған учаскелерге байланысты электронды аукциондарды өткізу процесі автоматтандырылды (e-qazyna.kz -Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталы).

Тағы бір айта кетерлігі, аукцион жеңімпазы лицензия берілгенге дейін қол қою бонусын төлеу тиіс. Қажетті сома төленбеген жағдайда оған санкция қолданылуы мүмкін. Бұл алғаш рет енгізіліп отырған тетік.

Бұдан басқа «өндіру» учаскелерінде аукционды автоматтандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды (іске асыру мерзімі 2023 жылғы 1 тоқсан). Осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру үшін қажетті рәсімдерді автоматтандырып, оңтайландыру бөлігінде Жер қойнауы туралы кодекске түзетулер пакетін енгізу көзделіп отыр.

2021 жылы Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға 1700-ден астам лицензия беріліп, триллиондаған теңге инвестиция тартылған.

«Минералдық-шикізат базасын толықтыру, геологиялық зерделеуді арттыру, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету және жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында жер қойнауын пайдалану құқығын береміз. Пандемияға қарамастан 2021 жылы 1700-ден астам лицензия берілді және 800-ге жуық отандық юниорлық компания құрылды. 2018 жылдан бастап жер қойнауын пайдалану саласына шамамен 7 трлн теңге инвестиция тартылды», деген еді Қайырбек Өскенбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында отандық бизнес өкілдері ERG, Kazakhmys, KazMinerals, Полиметалл, Полюс кен орындарын барлау жұмыстары бойынша міндеттеме алған. Жыл сайын елімізде 38,6 млн тонна темір рудасы, 1,4 млн тонна алюминий тотығы өндіріледі, сондай-ақ 2,7 млн тонна мыс концентраты мен 193 мың тонна қорғасын концентраты шығарылады.

Жыл басында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл салаға тексеріс жүргізуді тапсырған болатын. Премьер-министр жер қойнауын пайдалану саласында ауқымды тексеріс жұмыстарын жеделдетуді және пайдаланылмайтын кен орындарының нақты тізбесін айқындауды міндет етіп қойған.

Қазіргі уақытта ел аумағында жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін шамамен 1 миллион 324 мың шаршы шақырым алаң қарастырылған. Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 1 миллион 65 мың шаршы шақырым жер қойнауы қосылған, тағы 259 мың шаршы шақырымы қосылады. 2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша Қазақстанда кен орындарының игерілмеуіне байланысты 31 келісімшарт бұзылып, 101 лицензияның күші жойылыпты.

«Геологиялық барлау саласына инвестициялар тарту, пайдаланылмайтын кен орындарын игеру мақсатында жер қойнауын пайдалану үшін еліміздің барлық қолжетімді аумағын ашу жоспарланып отыр», деген еді геологиялық барлау мәселелері жөнінде кеңесте.

Экология министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, жер қойнауын геологиялық зерттеудегі ғылыми және ғылыми тұрғыдан білім беру ұйымдарымен интеграция жүргізілетін болады. Оның шеңберінде геология саласын дамытудың теориялық негізі дайындалады. Сонымен қатар ғылыми-әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз етілетін және пайдалы қазбалар кен орындарын іздеудің тиімді әдістері әзірленбек.

Министрдің айтуынша, бұл пайдалы қазбаларға перспективалы учаскелерді анықтауға, Қазақстан Республикасының нарығында геологиялық барлау компанияларының қызметін жандандыруға және геологиялық барлауда инновациялық және озық технологиялар трансфертін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз