«7-20-25» бағдарламасының жалғасуы нарыққа қалай әсер етеді?

Жарияланды
Баспанаға мұқтаждар қатары қалың

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй несие беру бағдарламасын іске асыру жалғасатын болды. Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2022 жылғы 19 желтоқсандағы № 123 Қаулысымен қабылданды. 2023 жылы бағдарлама бойынша кредит беру үшін 100 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланған.

Бағдарлама бойынша жыл сайынғы несие берудің нақты көлемі нарықтағы банктердің нарықтық ипотекалық өнімдері мен олардың дамуына байланысты белгіленеді деп көзделіп отыр.

«Жеңілдетілген кредит берумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Бағдарлама аясында берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының параметрлері (бастапқы жарнаның ең төменгі мөлшері, қарыздың ең жоғары сомасы, сыйақы мөлшерлемесі, қарыз мерзімі, өңірлер бөлігінде сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны және т.б.) өзгеріссіз қалады», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

2022 жылғы 22 желтоқсандағы жағдай бойынша 852,2 млрд теңге көлемінде 64 146 жеңілдетілген қарыз берілді.  

Бағдарлама жұмыс істейтін азаматтарды 20 пайыздан бастап бастапқы жарнамен жылдық 7 пайыз жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ету үшін 2018 жылы іске қосылды.            

«Атап айтқанда, бір қарыз алушының бағдарламаға бір реттен жиі емес қатысуы тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтардың көп бөлігін қамтуға мүмкіндік береді, өйткені бағдарлама бұдан былай бұрын бағдарлама бойынша бірнеше рет баспана ала алатын (сол арқылы бизнес жасап) адамдар үшін қолжетімді болмайды.

Реттеушінің хабарламасында сондай-ақ «Бағдарлама бойынша жыл сайынғы несиелендірудің нақты көлемі банктердің нарықтағы ипотекалық өнімдерінің қолжетімділігіне және дамуына байланысты болады» делінген. Яғни, әзірлеушілер мемлекеттік бағдарлама нарыққа оның нарыққа сай дамуына кедергі болатындай әсер етпеуі керек деген түсінікке ие.

«Біз бұл бағдарламаның нарықтық үдерістерге барынша аз әсер ететініне үлкен үміт артамыз, сонымен бірге, Ұлттық банктен осы бағдарламаның халықтың шынымен де тұрғын үйге мұқтаж бөлігіне бағытталғанын естігенімізге қуаныштымыз», дейді телеграмдағы Tengenomika каналы.

«7-20-25» бағдарламасының жалғасатыны хабарланбай тұрғанда сарапшылар 2023 жылы бастапқы нарықтағы үй бағасы – 6, қайталама нарықтағы үй бағасы 20 пайызға қымбаттауы ықтимал, ал тұрғын үй құрылысы азайып кетеді деп болжам жасаған еді.

Бірақ биылдың өзінде жаңа пәтерлерге деген сұраныс күрт төмендеп, құрылыс қарқыны баяулап, шаршы метр құны өсіп кеткен. Үй бағасының қымбаттауына әсер еткен ең басты факторлар ретінде эксперттер – құрылыс материалдары мен логистика құнының өсуін атайды.

Әрине, қарапайым азаматтар үшін «7-20-25» бағдарламасының жалғасқаны тиімді. Өйткені осы бағдарламаның арқасында қаншама қазақстандық баспаналы болды. Әрі қазіргідей қатаң ақша-несие саясаты салтанат құрып тұрған кезеңде пайыздық ставканың 7-ден аспауы қара халықтың қалтасын қаға қоймайды. Әйткенмен мемлекетке зиян екені сөзсіз.

«Егер осындай қолдау болмаса, онда нарық құлдырайды. Нарықтың құлдырауы екі түрлі жағдайды туғызады. Ақшасы бар, заңды компаниялар нарықтағы жұмысын жалғастыра береді. Бірақ бәсекенің артуына орай олар бағаны да көтереді. Қалғандары нарықтан кетуге мәжбүр болады. Өйткені бәсекеге шыдыс бере алмайды. Меніңше, «7-20-25»-тің займ сомасы 25 емес, 35 млн теңге болуы керек», дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Сарапшылардың айтуынша, «7-20-25»-тен бөлек те ыңғайлы ипотекалық жобалар керек. Қазір тұрғын үй мәмілелерінің тең жартысы аталған бағдарлама бойынша жасалып жатыр. Өйткені азаматтардың көбінің пәтерді қолма-қол төлем жасап сатып алуға шамасы жетпейді. Әрі құрылыс компаниялары да мемлекет қолдауына аса мұқтаж. Кей эксперттер нарықтан жеңілдетілген бағдарламаларды жойып, оның орнына халықтың әл-ауқатын, төлем қабілетін арттырумен айналысу керек деген ой айтады. Бірақ қазіргі Қазақстан жағдайында бірден ондай қатаң саясатқа көшу жүзеге аса қоймайтын сияқты. Өйткені халықтың әл-ауқатының қай деңгейде екені бесенеден белгілі. Қос бүйірден қысқан қымбатшылық кезінде азаматтар азық-түліктің өзін несиеге алып жүр. Үкіметтің тез арада жалақы мен түрлі әлеуметтік төлемдерді көтере қояр ниеті байқалмайды. Иә, мемлекет бюджет қызметкерлері, басқа да санаттар бойынша жалақы пайыздарын арттырды. Бірақ оның барлығын инфляция жұтып қойып жатыр.

Оның үстіне Қазақстан – шикізат экспорттаушы ел. Экономиканың әр алуан категориясы дамымай, тым құрыса ішінара өнім шығарушы және оны экспорттаушы елге айналмай, халық тұрмысының көтерілуі тағы неғайбыл. Сондықтан мемлекет жеңілдетілген несие беру жобаларын енгізуге мәжбүр.

Егер жаңа тұрғын үй құрылыстары азайса, тиісінше жаңа үйлерге деген сұраныс та төмендесе, онда қайталама нарықтағы баспана бағалары шарықтауы мүмкін дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде аталған нарық үйлері арзан емес. Демек, 2023 жылы тағы да баға қосылуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз