Тұңғыш президент туралы заң күшін жояды

Жарияланды
Мәжілісмендер заңға түзету әзірлеп жатыр

Қазақстанда тұңғыш президент туралы заң күшін жояды. Мәжіліс депутаттары тиісті заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтың айтуынша, бұл құжат республикалық референдумда қабылданған өзгерістерді Конституцияға енгізуге мүмкіндік береді.

«Атап айтқанда, 2022 жылғы 8 маусымда Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Ата Заңның 46-бабындағы «ҚР Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілетігі ел Конституциясысы мен конституциялық заңы анықтайды» деген 4-тармақ алынып тасталды», – деді Қожахметов Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттар «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңның күшін жоюды көздейтін заң жобасын қабылдауға дауыс берді.

Тұңғыш президент туралы заң – оның мәртебесі мен өкілеттіктерін анықтайтын заң. Соған сәйкес, бірінші президентке иммунитет беріліп, ол байланыс, күзет, тұрғын үй, көлік, зейнетақы, сақтандыру, ем-дом, соның ішінде курорттық демалыспен қамтамасыз етіледі. Түзетулер қабылданғаннан кейін бұл тармақтар күшін жоя ма, әлі белгісіз.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өтті. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды. Түзетулер сонымен қатар бірінші президент отбасына берілген артықшылықтарды алып тастайды.

Сондай-ақ оқыңыз