«Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілеріне жеңілдетілген шарттармен тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бағдарлама іске қосылды

Жарияланды
Кеншілер баспана құнының 10% мөлшерінде бастапқы жарна ұсынған жағдайда, Отбасы банк жылдық 5% үстемемен займ береді

«Шұбаркөл көмір» АҚ қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін 2023 жылдан бастап жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы қолға алынады. Оған қатысушы кеншілер баспана құнының 10% мөлшерінде бастапқы жарна ұсынған жағдайда, Отбасы банк жылдық 5% үстемемен займ береді. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қарағанды облысының әкімдігі, Отбасы банк пен Eurasian Resources Group (ERG) өкілдері өзара түсіністік пен әріптестік туралы үшжақты Меморандумға қол қойды.

ERG аталған бағдарламаны іске асыруға 400 млн теңгеден астам қаражат бағыттайды. Қарағанды облысының әкімдігі де тура осынша көлемде қаражат бөлмек. Бұл жобаға құйылатын Отбасы банкінің инвестициясы – 300 млн теңге. Сайып келгенде «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілерін несиелендіру бағдарламасының жалпы бюджеті – 1,1 млрд теңгеге. Бұл 2023 жылы Шұбаркөл ұжымындағы 60 отбасының баспаналы болуына сеп. Қызметкерлер баспананы Қарағандыдағы бастапқы нарық немесе бұрын пайдалануға берілген үйлер арасынан өздері таңдайды.

Үй алуға ниеттілер тізімін «Шұбаркөл көмір» АҚ Тұрғын үй комиссиясы түзеді. Бағдарламаға кәсіпорында еңбек етіп жүрген, өзі мен отбасы мүшелерінің атында тіркелген баспана жоқ қызметкерлер қатыса алады. 

Мұндай алғашқы қадам «АрселорМиттал Теміртау» кеншілері мен металлургтерінің жағдайын жақсарту мақсатында жасалды. Бағдарламаны облыс әкімдігі мен Отбасы банк іске қосты. Бұл тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді әрі қолайлы жолы. Бағдарламаға қатысушылар пәтерді өздері таңдады, биыл 60-қа жуық отбасы баспана сатып алды, – деді меморандумға қол қою рәсімінде Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин. Біз бұл бағдарламаны одан әрі дамытуға дайынбыз. Бірақ қаржыландыруға компаниялардың өздері қатысуы қажет. Сонда біз бағдарламаны көбірек кәсіпорындар үшін кеңейте аламыз.

Аталмыш бағдарлама бойынша үміткер міндетті 10% бастапқы жарна құйған жағдайда, Отбасы банк займды жеңілдетілген жылдық 5% үстемемен береді. Берешектің максималды сомасы – 20 млн теңге. Егер сатып алушы таңдаған пәтер құны бұдан жоғары болса, айырмасын сатып алушы жеке қаражаты немесе зейнетақы жинағынан артылған жарна есебінен төлей алады.

– Отбасы банк күн сайын шамамен 400-ге жуық отандасымыздың қолжетімді шарттармен баспана алуына септеседі. Олардың әрқайсысына – өз шаңырағы ертеңгі күнге кәміл сенім, берекелі отбасы мен тұрақтылықтың іргетасы, – деді Отбасы банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов. – Жақында «Шұбаркөл көмір» АҚ кеншілерінің қоныс тойын тойлайтыны бізді де қуантады. Олардың еңбегі – ауыр, қауіп қатерге толы. Сондықтан, оларға қолдау көрсетіп, баспана мәселесін шешу маңызды.

Соңғы 3 жылда ERG Қарағандыдағы «Шұбаркөл көмір» АҚ ұжымының 100-ден астам қызметкерін баспанамен қамтамасыз етті.

– Еңбек ұжымдарымен кездесулерімде ең жиі қойылып, қызметкерлерді алаңдататын мәселенің бірі – баспанамен қамтамасыз ету, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрғасы Александр Машкевич. – Осындай кездесулердің бірінде шұбаркөлдіктер жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын бастауды сұрады. Жылжымайтын мүлік құны жыл сайын қымбаттап, оны жалға алу бағасы көтеріле беретінін ескере отырып, біз бұл бастаманы қуана мақұлдадық. Себебі, біздің негізгі басымдығымыздың бірі – еуразиялықтардың әл-ауқаты жоғары әрі бақытты болуы. Ұсынысты қабыл алып, біздің мамандарға аса қажетті бұл бастаманы іске асыруды қолдаған Қарағанды облысының әкімдігі мен Отбасы банк басшылығына алғыс айтамыз.

Отбасы банк бұған дейін де ERG кәсіпорындары қызметкерлерін қолжетімді займдармен қамтамасыз ету жобаларын сәтті іскере асырып келді.   

Сондай-ақ оқыңыз