Елімізде IT мамандарына деген сұраныс жоғары болғанымен, білікті кадрлар тапшы

Тоқаев 2025 жылға қарай 100 мың ІT маманын дайындауға тапсырма берген

Елімізде соңғы екі жылда IT мамандарына арналған бос жұмыс орындарының саны артып келеді. Бірақ жұмыс іздеушілердің қатары қалық екеніне қарамастан, нарықта тәжірибиелі мамандар әлі де тапшы. Тәжірибелі IT мамандарын табу үшін жұмыс берушілер оларға басқа саладағы қызметкерлерден әлдеқайда жоғары жалақы төлеуге дайын.

Finprom.kz агенттігінің ақпаратына сәйкес,  IT мамандары табысының қарқынды өсуі экономика салаларында цифрландырудың өсуіне байланысты болып тұр. Еліміздің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтер нарығының көлемі артты. Мысалға алсақ, 2017–2021 жылдар аралығында ақпараттық қызметтер 72%-ға көбейіп, 1 трлн теңгеден 1,79 трлн теңгеге дейін өскені байқалады. Оның ішінде компьютерлік бағдарламалау қызмет көлемі 2021 жылы 515,1 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдағыдан (183,9 млрд теңге) үш есе дерлік көп.

Жыл сайын елімізде жоғары оқу орындары мен колледждерін 20 мыңға жуық IT-маман аяқтайды. Бұл ретте жұмыс берушілер кадрлардың тапшылығы туралы үнемі айтып келеді. Сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігінің басты себебі – дайындалған мамандардың дағдыларымен білімдерінің сәйкес келмеуі.

Қазіргі таңда елімізде қанша IT маманы қызмет атқарады?

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы IT еңбек нарығында 69,5 мың қызметкер бар. Бір қызығы, 69,5 мың IT қызметкеріне 84,1 мың еңбек шарты жасалған. Сонда, бұл IT мамандарының 21%-ы ресми түрде кемінде екі компанияда жұмыс істейді деген сөз.

HeadHunter онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының деректерін талдау нәтижесінде, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында IT мамандарына арналған бос жұмыс орындар санының бір жылда 41% өсіп, 14 мыңға жеткенін, ал 2022 жылы қаңтар-маусым айларында өсім тағы 36% құрап, 19 мыңға жеткенін көрсетті. Оның жартысы Алматыға, Астана қаласына 24%–ы тиесілі екен.

Сондай-ақ, IT мамандарға сұраныс ұсыныстан бірнеше есе асып түседі. 437 жаһанды компаниялардың сауалнамасына негізделген «2021–2023 жылдарға арналған жаңа технологиялардың жол картасында» Gartner халықаралық консалтинг компаниясы АТ-басшылары маман жетіспеушілігін жаңа технологияларды енгізуге ең үлкен кедергі деп санайды. Еуропалық Одақ елдері 2030 жылы қосымша 11 млн IT  маманына мұқтаж болуы мүмкін екенін алға тартады.  Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда АКТ кадрларға жыл сайынғы қажеттілік шамамен 30 мың адамды құрайды екен.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы IT мамандарының табысы жақсы қарқынмен өсіп келе жатқанын растады.

2022 жылдың үшінші тоқсанында IT секторындағы орташа айлық атаулы жалақы 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,9% өсіп, 433,4 мыңнан 558,7 мың теңгеге жетті.

 Ал мемлекеттік басқаруда IT қызметкері 2022 жылдың ортасында орта есеппен 218,7 мың теңге, ал тау-кен өнеркәсібінде 842 мың теңге алған. Бұл саладағы ең жоғары жалақы 2,2 млн теңгеге дейін жетеді.

IT саласын дамыту үшін 7,5 млрд теңге бөлінді

Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөліп отыр. Саланы дамытуға 2021 жылы 1,9 млрд теңге бөлінсе, 2022 жылы  2,7 млрд теңге жұмсалған. Ал биыл, яғни 2,9 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл қаражат еліміздің индустрия-инновациялық дамуы үшін керек жаңа технологияларды анықтауға жоспарланып отыр. Жаңа немесе жетілдірілген өнім шығаратын компанияларға да көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар IT-жобаларға потенциалы бар инвесторларды іздеу және отандық стартаптарды дамыту жұмыстары жалғасын табады.

Елімізде цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындауға тапсырма берген. Осыған орай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 100 мың жоғары білікті IT-маманды дайындау мақсатында көптеген іс-шараларды қолға алған болатын.

  • Біріншіден, 100 000 жаңа жұмыс орнын құру.
  •  Екіншіден, 20 заманауи бағдардамалау мектебін ашу.
  • Үшіншіден, IT-бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант беру, сонымен қоса университеттердің өнірлік жоғары оқу орындарына қамқорлық жасауын қамтамасыз ету.
  • Төртіншіден, Кепілдендірілген жылдамдықтағы интернетпен (қалалар – 10мб/сек, ауылдар – 5 мб/сек) қамтамасыз ету.
Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар