Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

ОЦК «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы (бұдан әрі – ОЦК) іске қосылды.

ОЦК «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, ол жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және т. б. сияқты әртүрлі ақпарат қамтылған.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде ОЦК-да Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді.

Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.

Естеріңізге сала кетейік, ОЦК 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылды. Апробация кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін барлығы 56,9 мың SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа қолдау шаралары көрсетілді.

Қазіргі таңда ОЦК-да жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі берілген: жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар; көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар; «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар; атаулы әлеуметтік көмек. Сондай-ақ, азаматтарға ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.

2023 жылы әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылмақ. 

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар