Еліміздің екінші деңгейлі банктеріне қолма-қол рублді бір реттік тәртіппен Қазақстаннан әкетуге рұқсат берілді. Сәйкес қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды Ұлттық Банк.
Құжатқа 2022 жылдың 28 желтоқсанында қол қойылғанымен, бұл туралы 2023 жылдың 4 қаңтарында белгілі болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы» 2022 жылғы 28 желтоқсандағы № 1079 қаулысы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді және күнтізбелік алпыс күн ішінде қолданыста болады.
Ұлттық банктің хабарлауынша, қолма-қол рубльді қолма-қол ақшасыз нысанға конвертациялау және банктердің корреспонденттік шоттарын толтыру мақсатында рұқсат енгізіледі.
«Бұл ретте Ұлттық Банк бүгінде екінші деңгейлі банктерде банк шоттарын, төлем карточкаларын, сондай-ақ электрондық әмияндарды пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу үшін, қолма-қол Ресей рублінің жинақталу тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік беретін әр алуан арналар мен құралдардың бар екеніне назар аудартады» делінген хабарламада.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде танысуға болады.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында еліміздің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы қаулыға қол қойған. Сол қаулыға сәйкес, белгіленген сомадан асатын шетелдік валютаны сырт елге әкетуге тыйым салынған.