Мұхамедкәрім Қарабайұлы: Жаттығу тренажерларын Қазақстан бойынша тек біздің кәсіпорын шығарады

Жарияланды
CitySport компаниясы басшысының орынбасарымен сұхбат

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – CitySport компаниясы басшысының орынбасары Қарабайұлы Мұхамедкәрім. Бұл компания үйде немесе тұрғын үйдің ауласына орнатылатын жаттығу тренажерларын жасап шығарады. Қазақстан нарығында 13 жылдан бері жұмыс істеп жатқан бұл кәсіпорын қазіргі таңда тұтынушылардың көңілінен толық шықты десек болады.

Мұхамедкәрім Қарабайұлы, кәсіпорын жайлы толық айтып кетсеңіз?

– CitySport кәсіпорыны осыдан 13 жыл бұрын жұмысын бастады.  Бұл кәсіпорын далада орнатылатын жаттығу тренажерларын жасап шығарады. Бастапқы уақытта бұл құрылғыларды Иран мемлекетінен алдырып, сататын едік. Сосын дайын темірді алып, елімізде бөлшектерін құрадық. Ал қазіргі таңда толықтай өзіміз жасап шығарамыз. Біздің кәсіпорын футбол қақпасын да жасайды. Қазіргі таңда еліміздегі көптеген кәсіпорын осында тренажерларды Ресейден тапсырыс беріп, сатып алады. Ал біздің кәсіпорын қазіргі кезде толыққанды Ресей нарығынады компанияларға бәсекелес деп сенімді айта аламын.

– Сонда еліміз бойынша аулаға орнатылатын тренажерларды тек сіздер шығарасыздар ма?

– Иә, қазіргі таңда біздің компания ғана Қазақстан бойынша далада орнатылатан тренажер шығарады.

– Бұл тренажерларды Қазақстанға көбінесе қай елден әкеледі?

– Қазақстандық тұтынушылар бұл құрылғыларды көбінесе Ресейден сатып  алады.

 – Әр жаттығуға арналған тренажерды әртүрлі станоктар жасайды ма?

– Әр станоктың өз атқаратын жұмысы бар. Кәсіпорында 90 пайыз темірмен жұмыс істегендіктен көп шаруаны станоктар атқарады. Бір станок темірді кеседі, екінші құрылғы темірді күйдіреді және т.б қызметтерді атқарады.

Жұмыс істеп отырған цех көлемі қанша?

– Қазір жұмыс істеп отырған цех көлемі 1500 кв метр.

– Сіздердің негізгі тұтынушыларыңыз кімдер? Яғни, бұл тренажерларға көбіне кім тапсырыс береді…

– Бізге көбіне әкімшіліктен тапсырыс түседі. Яғни, тендерға қатысатын кәсіпкерлер тапсырыс беріп, сатып алады.

– Сіздер тапсырысты Қазақстанның барлық өңіріне жібересіздер ме?

– Иә, әрине. Еліміздің барлық қаласынан тапсырыс қабылдаймыз.

– Қазіргі таңда цехта қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар?

– Қазіргі уақытта 15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Алдағы уақытта тағы да қызметкерлер санын арттыру жоспарда бар.

– Сіздер бұл жаттығу құрылғыларына қанша жыл кепілдік бересіздер?

– Біз бұл тренажерларға 2 жыл көлемінде кепілдік береміз. Егерде бір жыл көлемінде сынып қалса, жаңасына ауыстырып береміз. Екі жылға жетпей, ақау шықса, тегін жөндеп береміз.

– Мысалға 5-6 жылдан кейін құрылғыға жағылған бояу ескіріп қалған жағдайда, реставрация жасайсыздар ма?

– Қосымша ақыға реставрация жасап береміз. Бояу, сырлау деген сияқты жұмыстарды жасап береміз.

– Бұл кәсіп жыл мезгіліне қарайды ма?

– Жоқ. Біздің кәсіп жыл мезгіліне қарамайды. Жыл он екі ай жұмыс істейміз. Сонымен қатар, тапсырыс қабылдаймыз.

– Кәсіпорынның ерекшелігі туралы айтып кетсеңіз?

  • Әр кезде тек сапалы дүниені пайдаланамыз. Заманауи технологияны қолдана отырып, сапалы  дүние ұсынамыз.
  • Біздің құрылғылар елімізде жасалатындықтан, бағасы да қолайлы.
  • Біз тапсырысты тез қабылдап, белгіленген уақытта дайындап береміз.
  • Таза экологияға қауіпсіз бояуларды қолданамыз.
  • Құрылғылардың түрлерін жаңартып отыруға тырысамыз.

 – Жылына қанша жаттығу құрылғысын жасап шығарасыздар?

– Бір жылдық есепті алсақ, далада қойылатын 1000-1200 тренажер жасаймыз.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз