Жаңалықтар

Жеке тұлғалардың банкроттығы: ол туралы нені білу керек?

Өтінішті қалай беруге болады?

2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Бұл дегеніңіз, қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді. Бұл туралы fingramota.kz сайты толық айтып берді.

Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.

Соттан тыс банкроттық қашан қолданылады?
Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:

  • оның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;
  • өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс;
  • мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс;
  • өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс.

Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады.

Өтінішті қалай беруге болады? 

Өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап «электрондық үкіметтің» www.egov.kz. веб-порталы арқылы беруге болады. Қазіргі уақытта тестілеуден өтіп жатқан ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізілетін болады.

Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі; борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

Сот арқылы банкроттық қашан қолданылады? 
Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.

Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.

Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыздығы белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады, яғни мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну және т.б.

Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады, олардың құрамына:

  • заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
  • кәсіби бухгалтерлер;
  • заң консультанттары;
  • аудиторлар кіреді.

Өтінішті қалай беруге болады? 

Өтінішті 2023 жылғы наурызда борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге болады. Банкроттықты өткізу мерзімі – 6 ай, оны тағы алты айға ұзарту мүмкіндігі бар.

Өтінішке:

  • берешек сомасы мен олардың туындаған күнін, тұрғылықты жерінің немесе орналасқан жерінің мекенжайын, оларға кейін хабарлау үшін электрондық мекенжайлары және байланыс телефондардың нөмірлерін (мұндай ақпарат болған кезде) көрсете отырып барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі;
  • банкрот деп тану туралы өтінішпен жүгінуден алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса беру арқылы борышкер мүлкінің тізімдемесі;
  • азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де міндеттемелердің, оның ішінде талаптары борышкер мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш бергенге дейінгі соңғы үш жылдағы тізбесі;
  • борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қашан қолданылады?
Тұрақты кірісі бар азаматтар осы рәсімді қолдана алады, ол борышты 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін сот арқылы алуды көздейді. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – борыш мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.

Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Қалпына келтіру шаралары:

  • мүліктің бір бөлігін сатуды;
  • мүлікті жалға беруді;
  • жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үйді сатуды;
  • құны төмен тұрғын үйге айырбастауды және басқаны қамтиды.

«Банкрот болған адамдар» үшін салдары қандай?
Соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға шешім қабылдаған борыш мыналарды білгені дұрыс:

  • 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады (ломбардтардың микрокредиттерін алуды қоспағанда);
  • қайта банкроттық болу 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
  • банкрот болған тұлғаның қаржылық жағдайына банкроттықтан кейін 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады